«Nur Otan»-ның бірінші орынбасары не бүлдірді?

Oinet.kz 19-01-2021 1967

OINET.KZ - 10 қаңтарда өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауы Жамбыл облысында өте жоғары деңгейде өтті десек артық айтқанымыз емес.  Сайлаушылардың дауыс беру көрсеткішіне келгенде Әулиета өңірлердің ішінде бесінші орын алды. Жалпы Жамбыл қай кезде де саяси белсенділігі жоғары облыс. Көштің басынан түскен емес. 

Балабек Нарбаев.jpg

Балабек Нарбаев

Бұл жолы қызықтың бәрі сайлаудан кейін басталды. 

Сайлау біте салысымен «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаевтың қызметінен босатылғаны белгілі болды. 

Балабек Нарбаев жалпы Әулиета өңіріне аты-жөні белгілі азамат. Уақтысында Сарысу ауданының әкімі, одан кейін облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Осы екі аралықта Тараз қалалық мәслихатының хатшысы лауазымын атқарған. Яғни, депутаттық мандаттың да дәмін татқан шенеунік. 2019 жылдың күзінде оны «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов тағайындаған болатын. Нарбаев одан кейінгі әкім, облыс басшысы қызметіне былтыр ақпанда тағайындалған Бердібек Сапарбаевпен де шәй деспей, бірге жұмыс істеді. Өзге өңірлерде бірінші орынбасардың сайлау кезіндегі  еңбегі ескеріліп, мандатпен, жоғары лауазымды қызметтермен марапатталып жатқан кезде Нарбаев жылы орнын суытты. Мұның арғы жағында біраз құпияның бары анық.  

Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Қазір билік партиясының Жамбыл облысындағы филиалындағы ауыс-түйіске қатысты түрлі әңгімелер бар. Бұл әңгімелерге сайлаудан кейінгі түсініксіздіктер де әсер еткен сияқты. Әулиетада партияның өткізген праймеризінің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған бес кандидат Мәжіліс депутаттығына ұсынылды. Осы тізімде ұпай саны жағынан тізімде алғаш болып тұрған Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың Мәжіліс мандатын иеленетініне ешкімнің күмәні жоқ еді. Уақтысында аудан әкімі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған М.Мұсаевты енді тек құттықтау ғана қалып тұрған сияқты еді.  Алайда ақырғы сәтте оның аты-жөні Мәжіліске өткен нұротандықтардың тізіміне енбей қалды. Көпшілік Нарбаевтың қызметінен алынуын осы түсініксіздікпен де байланыстырады. Жамбылда праймериздің өзі қалай өткенін, қаншалықты әділетті болғанын додада бақ сынаған кандидаттар айта жатар. Бірақ осы науқан барысында Нарбаеватың кәсіпкерлерден ақша жинағаны туралы алып-қашты әңгімелер айтылды. Әрине, көзбен көріп, қолмен ұстаған ешкім жоқ шығар. Дегенмен жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын да мойындау керек шығар. 

Тағы бір қызығы, Балабек Нарбаев қызметінен кетісімен, партияның Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Молдашев өз еркімен орнынан босады. Молдашевтың бұл қызметке тағайындалғанына 2-3 айдай ғана уақыт болған. Мұның да арғы жағында бір гәптің бары анық. Нарбаев Сарысуға әкім болған жылдары Молдашев осындағы ішкі саясат бөліміне жетекшілік еткен. Бұдан Нарбаевтың айналасына өңшең өз кадрларын жинағаны аңғарылады. Бірінші орынбасардың қызметтен кетуіне қатысты үшінші болжам осымен байланысты. Дегенмен кім біледі?!   

Ал Сапарбаевтың партиядағы бірінші орынбасары лауазымына  Дауыл Бейсенқұлов тағайындалды. Ол бұған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарып келген.

«Бұл ант беру бұрынғыдан өзгерек». Рәсімге Тоқаев неге қатыспады?
Шымкенттегі ипподром дауына қатысты экс-әкімдердің пікірі де екіге жарылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу