Президент бүгін 3 министрді тағайындауы мүмкін
OINET.KZ - Бүгін Үкімет құрамында өзгеріс болуы мүмкін. ҚР Конституциясының 44 бабының 3 тармақшасына сәйкес, Премьер-министрдің ұсынуымен Президент 3 министрді: қорғаныс, сыртқы істер және ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды.
Фотода солдан оңға қарай Мұхтар Тілеуберді, Нұрлан Ермекбаев, Ерлан Тұрғымбаев
Өткен аптада Асқар Мамин қайта премьер болып сайланған еді. Енді ол үкіметті қайта жасақтайды. Жұмыс баяғы қарқында жалғаса беретін болса, онда формалды түрде 1-2 министрді өзгерту мүмкін. Ал егер үлкен өзгерісті қаласа "ешкіні" аспаннан іздей берсек болады. Дегенмен өткен аптадағы "жүріске" қарасақ, мүлде өзгеріс болмайтын сияқты. Ешкімді ешқандай жел шайқамай, "түйе" де, "ешкі" де, бәрі өз орнында тұра береді.
Елбасы ұсынысы бойынша Мәжіліс спикері, премьер-министр қайта сайланғаны баршаға белгілі. Енді мемлекет басшысы Тоқаев тек Елбасы ұсынысын орындаумен шектелмей, өзі де кадрлық өзгеріс жасауы мүмкін. Өз құзіретін пайдаланып, жоғарыда аты аталған 3 министрліктің басшыларын ауыстырып тастамасына кім кепіл?!
Бүгінде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтар өз қызметтерін бірсыдырғы атқарып жатыр. Олардың "асхана" ішінде биліктен қандай баға алғаны бізге белгісіз. Дегенмен халықтың ықыласына бөлене қоймады десек болады. Жалпы аталған министрліктер, әсіресе Қорғаныс пен Ішкі істер министрлігі күштік құрылым болғасын оңайлықпен халықтан алғыс ала бермейді. Еститіндері көбіне қарғыс. Әсіресе Ішкі істер министрлігі. Дегенмен бұған дейін басынан ешқашан дау арылмаған Білім және ғылым министрлігі алғаш рет Асхат Аймағамбетов келгелі халықтан жылы лебіз естіп, қошеметке бөленді. Міне дәл Аймағамбетовтей халықтың жағындағы басшы аталған 3 министрлікке жетіспей жатқан секілді.
Жақын арада Президент осы олқылықты реттеуі әбден мүмкін.