«Өтті дәурен осылай». "Аса ауыр салмақтағы" мәжіліс қайда кетті?
OINET.KZ хабарлайды - Атойлап, улап-шулап сайлауды өткізіп алдық. Депутаттар ант беріп, жылы орындарына жайғасып алды. Жайғаса сала, Мәжіліс төрағасы мен премьер-министрді сайлап үлгерді. Мәжіліс төрағасын сайларда ләппай тақсыр деп жаппай бас шұлғып отырған депутаттар Премьер-министрды тағайындауға қатысты ұсынысқа келгенде мінез көрсетті. Нақтырақ айтсақ, Ақжол мен Халық партиялары фракциялары дауыс беруде қалыс қалды. Дегенмен мәжілістің 70 пайызын құрайтын бір "Нұр Отанның" депутаттарының қолдауымен Асқар Мамин қайта премьер-министр болды.
Фотода Владимир Божко, Зағипа Балиева, Бақтықожа Ізмұхамбетов
Жалпы бұл мәжіліс бұрынғы мәжіліске қарағанда өзгерек. Бұрынғыға қарағанда жас. Тәжірибелері аз. Саяси аренада аса танымал емес. Сөзіміз құрғақ болмас үшін, бұрынғы мәжіліс құрамына үңіліп көрейікші.
Төменгі палатадан кімдер кетті? Бірден қос вице-спикер - Владимир Божко мен Гүлнұр Исимбаева кетті. Божконы білмейтін жан жоқ шығар. Фамилиясы "кішігірім Құдай" дегенді білдіретін Владимир расында фамилиясына сай қызметтер атқарды. Кезінде шенуніктерді дір еткізетін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Бақандай 6 жыл. Кейіннен Төтенше жағдайлар министрі болды. Қызметтік мансабын Ішкі істер министрінің орынбасары болып аяқтады. Әбден құқық органдарына жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан ба, оған "тізерлеу" деген сөздер таңсық емес сияқты. Себебі халық Божконың:
"Сіз биліктің не істеп жатқанын түсініп, көзбен көрулеріңіз керек. Дәлел керек пе, бір ғана көрсеткіш бойынша – халықтың әлеуметтік қолдауы үш жылда 17 есеге өсті. Кешіріңіз, бірақ сол үшін тізе бүгіп, мемлекетке алғыс айту керек. Егерде адам ештеңе бітірмесе, өзіне бәрін беруіне талап етсе, мұндай адамды тоқтататын, қораға тығатын қоғамдық пікір болуы керек", - деген сөзі әлі ел есінде.
Осы сөзден соң халықтың Божкоға деген өшпенділігі артты. Сонда да Божко елді дүрсе қоя беретін сөздерімен ызаландыруды қоймады.
Вице-премьерлерден бөлек, бір топ "шортандар" да кетті. Олар - Гүлжан Қарағұсова (бұрынғы Еңбек министрі), Зағипа Балиева (бұрынғы Әділет министрі және Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы), Серік Үмбетов (бұрынғы Алматы облысының әкімі және Президенттің іс басқарушы), Омархан Өксікбаев (бұрынғы Есеп комитетінің төрағасы), Зәуреш Аманжолова және Серік Сейдуманов (бұрынғы Алматы қаласы әкімінің орынбасарлары), Бақтықожа Ізмұхамбетов (бұрынғы Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімі, Энергетика министрі, Мәжіліс төрағасы), Хабибола Жақыпов (бұрынғы Батыс Қазақстан облысының әкімі, Мәжіліс төрағасы) т.б.
Қызмет барысында аса ірі шенеунік болмаса да, атағы жер-жаһанға жайылған (Қазақстан төңірегінде) танымал нұротандықтар - Нұртай Сабильянов, Қуаныш Сұлтанов, Светлана Бычкова, Майра Айсина, коммунист Владимир Косарев, ақжолдық Меруерт Қазбекова мен Екатерина Никитинскаялардың өзі неге тұрады?!
"Ауыр салмақтағы" экс-мәжілісмендерді енді биік мінберлерден көрмейміз. Бұлай деуімізге себеп, аты аталған депутаттардың барлығы дерлік зейнет жасына жетті десек болады. Енді олар биліктен ешқандай қызмет талап ете қоймасы белгілі. "Өтті дәурен осылай".
Жаңа мәжілістің бетке ұстары Нұрлан Нығмтулин
Ал жаңа мәжілістегі депутаттар (бір-екі депутатты қоспағанда) бұлардың қасында өте "жеңіл" көрінеді. Төменгі палатада ақын, журналист, кәсіпкер, саясаткер, тарихшы, инженер сынды әр түрлі сала өкілдерінен құралған нұротандықтар фракциясынан мінез күтуге бола ма? Дискуссия бола қалған жағдайда, тәжірибелі Ақ жол мен Халық фракцияларына тойтарыс бере ала ма? Бұны алдағы саяси науқандарда көре жатармыз.
P.S. Кеше Мәжіліс төрағасы болып Нұрлан Нығматулин сайланды. Ал Нығматулин "Нұр Отан" фракциясының жетекшісі. Фракция жетекшісінің палата спикері болғаны қаншалықты демократия талаптарына сәйес келеді?