Ербол Дайрашов: «Полиграфия арқылы да баланы ұлтжандылыққа тәрбиелеуге болады»

Oinet.kz 22-03-2019 1218

26564bef86e653cba4d42069c3b4dc26.jpg

Ербол Дайрашов, «Ернияз» баспа үйінің директоры:

- Баспа ісі елімізде қарқынды түрде дамып келе жатқан сала. Мұны өз алдына өнер десе де болады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін кәсіпке қалай келдіңіз?

- Менің негізгі мамандығым – сұңғат өнері (живопись). Ұстаздарымыз айтушы еді, суретші мамандығы алты айдан кейін айға ұшытарын мамандық деп. Сол айтқандай, суретші мамандығын алғаннан кейін компьютерді меңгеріп, дизайнер, баспа саласына ден қойдым. Студенттік жылдарымда «Жебе» баспа үйінде жұмыс істегенім де бұған көп әсер етті. «Жебедегі» Керімбек (Ниязбаев) ағамыз полиграфияны ұлттық бағытта дамуының негізін салушылардың бірі. Сол кісіден сабақ алып, тәжірибе жинақтадық. Менің алғашқы ұстазым деп те айта аламын. Заманның талабына сай  баспа үйін ашсам деген ой туындады. Ағаларымыз қалыптастырған ұлттық бағытты біз де ұстанып, Ниязбек Қалымбетов атты әріптесім екеуміз 2006 жылы  шағын компьютерлік қызмет көрсету орталығының негізін қаладық. Келе-келе жұмыс барысы кеңейіп, жұмысымызды әртараптандырдық. Жарнама, полиграфия, типография саласын қамтып бүгіндігей жағдайға жеттік. Қазір баспаханада тұрақты 14-15 адам қызмет істейді.

- Нақты қандай қызмет көрсетесіздер?

- Нақты баспалық, өндірістік және жарнамалық жұмыстармен айналысамыз. Одан кейін білім беру саласымен тығыз байланыстамыз. Қазір жаңа оқу жылы жақындап келеді. Мектепке дейінгі дайындық, бала-бақшаларға арналған кітапшалар, мектепке арналған әрбір пәндер бойынша көрнекілік, қосымша құралдарын, түрлі мекемелерге маңдайшалар, төсбелгілер сияқты қажетті құралдарды, мемлекеттік талаптармен бекітілген, жылдағы жаңартылған үлгімен мемлекеттік құжаттарды дайындаймыз. 2009 жылы баспаханамыз мемлекеттік лицензияға қол жеткізген болатын. Осыған байланысты мемлекеттік рәміздерді жасаймыз. Тек жасап қана қоймай олардың дұрыс насихатталуын, өзіндік нақышта орындалуын, әртүрлі күйге еніп кетпеуін де қадағалап отырамыз.

- Бір ғана Шымкет қаласының өзінде 200-ден аса полиграфиялық орталық бар екен. Яғни, полиграфия саласында да бәсекелестік қызып тұрған сияқты...

-  Бәсекелестік бар жерде, сапа, нәтиже, ілгері жылжу болады. Біздің де бәсекелестеріміз жетеді. Бірақ әрбір баспаның өзіндік ерекшеліктері бар. Ең бастысы сапаға мән беріп, одан кейін ұлттық бағытты ұстансақ тоқырамаймыз деп ойлаймын. Ашылғанымызға аз уақыт болса да нәтижеміз жаман емес. 2010 жылы облыс көлемінде мемлекеттік тілде ерекше және үздік жарнама әзірлеуші номинациясын жеңіп алдық. Биыл Баспасөз күні мерекесінде жылда берілетін Ербол Тұяқбаев атындағы номинация маған тапсырылды. Мұның бәрі жемісті еңбектің арқасы  болар.  

--Жаңа бір сөзіңізде ұлттық бағытты ұстанамын дедіңіз. Баспа өнімдері үгіт-насихат құралы болып саналады. Осы орайда «Ернияз» баспа үйі жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге қаншалықты үлес қосып жатыр?

--Қазір Қазақстанда Елбасының Жолдауына байланысты көптеген мектептер, «Балапан» бағдарламасы аясында бала-бақшалар көптеп салынып жатыр ғой. Бала бақша көбейген сайын жас бүлдіршіндерге оқу құралдары да қажет болады. Ал, балдырғандарымыздың ертең білімді, ұлтжанды азамат болып өсуіне полиграфия саласының тигізер септігі мол. Осыны ескере отырып қазақтың жігіттері болғаннан кейін, сол бала-бақшаларға арналған көрнекілік құралдарының дизайынын ұлттық келбетте болуына ден қойып келеміз. Өзге елдің мультфильмдердегі кейіпкерлер емес, отандық кейіпкерлер болсын деп, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын суреттер мен нышандарды қосып, балақайлардың патриот болып өсуіне үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын.

-- Жалпы қазіргі баспа ісінде түйіні тарқатылмаған қандай мәселелер бар?

-- Қазақстанның баспа ісі дамуы дұрыс. Соңғы жылдары мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын баспа орталықтары көбейіп келеді.  Бірақ өзге елдермен салыстырғанда бәсеңдеу. Көршілес Қытай мемлекетінде баспа ісі өте қатты дамыған. Біз бір нәрсені енді ойлап тауып жатсақ, олар сол мезетте оны өндіріп,  қолданып жатады. Біздің баспагерлер Қытайдың өнімдеріне ұлттық нақыштағы дизайндерді қосып дамытуылары керек. Сол кезде баспа ісі тезірек, және ұлттық сипатта алға өрлейді, әрі қазақтың жастарына ұлттық тәрбие бере алады. Тағы бір мәселе, оқулықтар сияқты білім алуға қажетті көрнекі құралдар да алдын ала  бекітілген жоба бойынша жасалса деген ұсынысымыз бар. Сонда барлық баспагерлерге, дизайнерлерге бекітілген  жобамен, бағдарламамен жұмыс жасау оңайға түсер еді.  

Мұрағаттан, 19.08.2012 ж

Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
​Жарқынбек Құрманбек: «Шетелдік тәжірибені қолданысқа енгізу ойластырылуда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу