Біртановтан «козел отпущение» жасау кімге тиімді?

Oinet.kz 16-07-2020 1509

OINET.KZ - Қазақстанды қан қақсатып тұрған белгісіз өкпе қабынуы дерті туралы ел арасында әрқилы әңгімелер тарап жатыр. Құзырлы органдар вирусты әскерилердің түнделетіп көшеге шашатыны туралы ақпарат таратып, осыған байланысты «бала-шағаларыңды көшеге шығармаңдар» деп, ескерткен отырарлық азаматшаны тиісті жазаға тартты. Ауруды әуеден тікұшақпен шашады деген ақпарат елді әбден дүрліктірді. Жерге қып-қызыл сұйықтықты сеуіп жүрген ұшақ туралы видео елдің үрейін ұшырды. Кейіннен белгілі болғандай бұл видео АҚШ-та түсірілген екен. Күні кеше аурудың Қытайдан келген бетперделер арқылы таралатыны туралы мәлімет пайда болды. Әрине, адамның ақылына қонбайтын ақпараттар. Бірақ дәл қазір Қазақстанда әлеуметтік желі мен WhatsApp-ты кезіп жүрген видеолар ғана емес, билік органдарының  коронавирусқа, пневмонияға қатысты берген мәліметтері  де құлаққа  қонбай тұрғаны рас.

Screenshot_7.jpg

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, көңіл айтулар мен қазанамалардан көз сүрінеді. Қаншама азамат белгісіз дерттен көз жұмып жатыр. Дерт жасты да, кәріні де аяп жатқан жоқ. Тіпті бір үйден 2-3 адам қайтыс болған жәйттар да кездесуде. Алайда ресми органдардың пневмонияға қатысты статистикалары аса ауыр емес. Денсаулық сақтау министрлігінің жариялаған деректеріне қарағанда,   маусым айында пневмониядан 628 науқас көз жұмған. Былтыр дәл осы уақытта өкпенің қабынуынан өлім-жітім көрсеткіші 274 адам болған екен. Демек, биыл бұл көрсеткіш 2,3 есе көп болып тұр. Алайда көпшілік қайтыс болғандардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы белгісіз пневмония коронавирус инфекциясының жаңа түрі деген болжам жасап отыр. Науқастарға дұрыс диагноз қойылмауы мүмкін.  Оның алдында дәл осындай алаңдаушылықты Қытайдың ақпарат құралдары да таратты. Белгісіз ауру коронавируспен байланысты деген мәлімет елдің көкейіндегі күдікпен де дөп келіп отыр. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мұның коронавирус еместігін алға тартумен келеді.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 63 мыңнан асты. 375 адам қайтыс болды. Үкіметтің отырысында Президент:

– Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде  бірқатар өрескел  қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек, –деді.

Мемлекет басшысы, әсіресе, дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді  жолға қоятын кездің келгенін мықтап тұрып еске салды.

– Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда? – деді Президент. Алайда дәл қазір Үкімет намысты ойлап отырған жоқ. Қазақстан дәрі-дәрмекті Ресейден, Өзбекстаннан тасымалдап жатыр. Экономикасы, медицинасы, әлеуметтік жағдайы бізден төмен саналатын Өзбекстаннан гуманитарлық көмек алғанымыз намысты әзірге жиыстырып қойғанымызды білдіретін сияқты. Әу баста коронавирусқа қарсы күресті тәп-тәуір бастаған Қазақстанның  жеткен жері осы болды.

Соңғы тәуліктерде елде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейді. Індет Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қайтадан бас көтеруде. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та, көрші жатқан Өзбекстанда ауру жұқтырғандардың тәуліктік саны рекордтық көрсеткіштерге жетті. Ал Қазақстанды «белгісіз ауру» кезіп жүр. Алда не болары да, бізді не күтіп тұрғаны да белгісіз. Айналаның бәрі белгісіздік. 

Осындай жағдайға қалай келдік? Кінәнің бір ұшы Денсаулық сақтау министрлігіне, экс-министр Елжан Біртановқа барып тірелетіні айтпаса да түсінікті. Қазір әлеуметтік желіде Біртановты ақтап алушылар да жоқ емес. Мәселен, белгілі қоғам белсендісі Аружан Саинның жазуынша, елдегі дәрі-дәрмек төңірегіндегі сауда-саттыққа Біртановтың құзыры толық жүрмеген. Дәрі-дәрмектің билігі мүдделі топтардың қолында болған. Оның үстіне  жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау басқармалары министрлікке емес, әкімдерге бағынады. Яғни, жауапкершіліктің негізгі бөлігі әкімдердің мойнында болған. Бұл пікірді де жоққа шығара алмайсыз. Кім біледі, кінәнің бәрін Біртановтың мойнына іліп, одан «козел отпущение», яғни «күнәһар теке» жасау да біреулерге тиімді болған шығар. 

Біртанов бәрін жаңылыстырды. Орталық Азияда ең оңбай тұрған ел Қазақстан болды
Асқар Мамин не дейді, Сапарбаев не дейді? Кімге сенеміз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу