Біртанов бәрін жаңылыстырды. Орталық Азияда ең оңбай тұрған ел Қазақстан болды
Oinet.kz - Коронавирус жұқтырып, соның сылтауымен орнынан кеткен бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жасыратыны жоқ, қызмет барысында көп жаңылысты. Ал, Біртановқа сенген басшылар қателесті. Айналып келгенде жаңылысушылық пен қателіктің салдарын енді қара халық тартып жатыр.
Естеріңізде болса, наурыздың ортасында сол кездегі еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин: - «Біздің болжамымыз бойынша коронавирус індеті Қазақстанға 11-16 наурыздан бастап жетуі мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана. Бәлкім тағы бір аптаның ар жақ, бер жағындағы уақытты алар. Коронавирус анықталған бойда бірден арнайы шаралар қолданатын боламыз», - деген болатын баспасөз конференциясында. Сол кезде Бекшиннің болжамын келек-мазақ еткендер де табылды. Алайда болжам расқа шықты. Алғашқы науқас бізде 13 наурызда тіркелді. Есесіне Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың болжамы қате шықты.
Министр бұған дейін Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырушылардың саны шарықтау шегіне жеткен кезде үш жарым мыңнан аспайтынын айтқан еді. Алайда министр айтқан «лимит» мамыр болмай жатып-ақ толып қалды. Сәуірде бас санитар Айжан Есмағамбетова коронавирустың таралуына қатысты тағы бір болжам жасады.
- Сәуірдің аяғына дейін 2 700 науқас тіркеледі деген болжам бар. Ал мамырдың соңына дейін науқастардың саны 4 000-ға дейін барады, - деген болатын бас санитар онлайн брифингте. Алайда мамырдың ортасында COVID-19 індетін жұқтырғандардың саны алты мыңнан асып кетті.
Бас санитар бұл болжамды тікелей бастығы Елжан Біртановпен ақылдаса отырып жария еткенінде күмән жоқ. Өйтпегенде ше? Денсаулық сақтау министрі денсаулыққа қатысты барлық мәселеге жауапты. Тіпті Тоқаевтың өзі де мамырдың басында әлеуметтік желідегі парақшасында «індеттің шарықтау шегінен өттік» деп жазған кезде де бас дәрігердің ақыл-кеңесіне сүйенгеніне күмәніміз жоқ. 11 мамырда төтенше жағдай режимінің күші жойылды. Мамырдың ортасынан бастап өңірлердегі карантиндік шектеулер жұмсартыла бастады. Бұл да Біртановтың «әулиелік болжамдарына» негізделгені анық. Нәтижесінде не болды?
Төтенше жағдайдан кейін бар-жоғы бір ай өткенде Қазақстанда коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Шілденің басында ауру жұқтырғандардың қарасы елу мыңға жуықтады. Соңғы апталардағы жағдай өте ауыр. Пневмония дерті өршіп барады. Қазірдің өзінде 600-ден астам адам осы дерттен көз жұмған. Бұл ресми статистика. Көпшілік бұл цифрдың бұдан әлдеқайда көп екендігіне күмәнданбайды. Дәрі-дәрмек тапшы. Барының бағасы аспандап кетті. Яғни билік жағдай күрделенген кезде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағын алдын ала ойластырмаған деген сөз.
Соңғы уақытта коронавирус індетіне шенеуніктер жаппай шалдыға бастады. Бұл аурудың халық арасына әбден дендеп кеткендігін білдіреді. Егер қарапайым тұрғындар да жаппай тест тапсыратын болса, індетті жұқтырғандардың саны адам айтқысыз деңгейге күрт өсуі әбден мүмкін. «Өкпе қабынуының негізгі себебі де коронавирус емес пе?» деген күдік күшейіп тұр. Әйтпесе, пневмонияның былтырғы уақытпен салыстырғанда бірнеше есеге өсіп кетуіне не себеп? Індеттен басқа құлаққа қонатын себеп жоқ сияқты.
Дәл қазір COVID-19 індетіне қатысты жағдай бойынша Орталық Азия елдерінде ең оңбай тұрған ел Қазақстан болды. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да біздегі індеттің таралуынан қауіп ала бастады.
Бір-екі салыстырмалы мысалдарға тоқталсақ. Осы аптадағы мәліметтерге қарағанда, Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 10 300-ден асты. 37 адам қайтыс болған. Ал Қазақстанда дертті жұқтырушылардың саны 50 мыңға жақындады. 264 өлім жағдайы тіркелді. Оның 76-сы соңғы аптада орын алып отыр. Өзбекстанда 33 миллион халық тұрады. Ал Қазақстанда 18 миллион. Халқының саны бізден екі есеге көп Өзбекстанда ауру жұқтырғандардың саны бізден бес есеге жуық аз. Неге?
Сарапшылардың айтуынша, басты мәселе бөлінген қаржының тиімді жұмсалуында. Карантиндік шектеу шараларын нәтижелі жүргізуде. Мәселен, қазір Қазақстанда өкпе қабынуына қатысты мәселе ушығып, ауруханалардың шамасы жетпей, жұрт дәрі-дәрмекті кезекке тұрып алып жатыр. Өзбекстан мұндай қиындықпен неге бетпе-бет келген жоқ? Неге? Бұл сауалдың жауабын жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі берді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған мәлімдемесінде індетпен күреске дайын болмағанын мойындады. Біртановтың жұмысына бұдан артық баға берудің қажеті жоқ шығар, сірә.
Жаңа денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да «көріпкел» болып шықты. Ол қызметіне кел салысымен алдағы жағдайдың үш түрлі сценарийін жария етті.
Бірінші сценарий: Карантин енгізілмейді. Есесіне тамыз айының соңына қарай күніне COVID-19 жұқтырған 27 мың науқас тіркеледі. Инфекциялық және провизорлық стационарларда 300 мың орын қажет болады.
Екінші сценарий: Екі апталық локдаун енгізу. Бұл жағдайда ауру жұқтырып, ауруханаларға жатқызылуы тиіс науқастары саны күн сайын 7 мың адамды құрайтын болады. Ол үшін 80 мың орын қажет.
Үшінші сценарий: 4 апталық локдаун. Бұл жағдайда тамыз айының соңына қарай, 2500 адам ауруханаға жатады және қосымша 30 мың адамға орын қажет болады.
Билік локдаунның әзірге 2 апталық сценарийіне келісімін берді. Қажет болса, бұл мерзім тағы да ұзартылуы мүмкін.
Тамыздың аяғына дейін де біраз уақыт бар. Цойдың болжамының қаншалықты шындыққа сай келетіні енді тек уақыттың еншісіндегі шаруа.