Асқар Мамин не дейді, Сапарбаев не дейді? Кімге сенеміз?

Oinet.kz 16-07-2020 2616

OINET.KZ - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «керемет» деген баға берген.  Nege.kz сайтының жазуынша, жиында сөз алған Жамбылдың әкімі аймақтағы коронавируспен күрес шараларына тоқталып, өңірдің экономикалық дамуын да тілге тиек еткен.

Screenshot_8.jpg

«Үш мыңнан астам дәрігерге, полиция мен әскерилерге 2 миллиард теңгеге жуық көмек көрсетілді. Індетке, дағдарысқа қарамастан, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен, өзіңіздің қолдауыңызбен бірінші жартыжылдықта экономикалық өсім 101 пайыз болды. Өзіңіз көріп отырғандай, барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары, республикалық көрсеткіштен төмен емес. Біз ірі және орта 66 кәсіпорынды әрдайым мониторлап отырамыз. Оларда жұмыс орнын қысқарту деген болған жоқ. Сіздің негізгі тапсырмаларыңыздың біреуі – халықты жұмыспен қамтамасыз ету арқылы жағдайын жақсарту. Қазіргі таңда 21 мың жұмыс орны құрылды. Біздің негізгі міндетіміз оны 52 мыңға жеткізу», – деді Б.Сапарбаев.  

“Жақсы. Жоспарларыңыз жақсы. Керемет. Кең ауқымды. Бірақ маңызды мәселе, бұл жоспарларды іске асыру. Ол – бір. Екіншіден, жұмыссыздыққа көңіл аудару керек. Мысалы облыста «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша 18 700 адамға уақытша жұмыс орнын ашатын болдыңыздар. Бірақ тұрақты жұмыспен қамту, жұмысқа орналастыру жөнінде бұл мәселелер әлі толығымен шешілмей жатыр.  Сондықтан бұл мәселелерге арнайы көңіл аудару керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев әкімнің есебіне орай.

Естеріңізде болса, Жамбыл облысын Сапарбаевқа дейін басқарған Асқар Мырзахметовтің жұмысы да  биыл жыл басында «өте керемет» деп бағаланған болатын. Мырзахметовтің өзі сол кезде әлеуметтік желідегі жазбасында Жамбыл облысы былтырғы жылды барлық салада өсіммен аяқтағанын мәлім еткен еді. Сапарбаевтың өсімді одан да әріге асырып тастағанына қарағанда, Жамбылдағы қазіргі жағдай расында да керемет болуы әбден мүмкін. Бірақ сол кереметті қарапайым халық сезініп отыр ма? Мәселе сонда ғой.

Бердібек Сапарбаев Үкіметтің отырысынан оралған бойда бірден қызу жұмысқа кірісіп кетті. Ол селекторлық кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын жүзеге асыру шараларын талқылаған.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына жол бермеу және науқастарды емдеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды. 9 шілдедегі мәлімет бойынша, коронавирус инфекциясының 1971 жағдай тіркелген. Ең көп науқастар Тараз, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарында. Карантин режимін қатаң сақтау және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді облыс басшысы. 

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, мобильді топтар қызметінің нәтижелері бойынша облыс рейтингте көш бастап тұр. Сондай-ақ, мониторинг топтарының мүшелері дәрілерді заңсыз сату фактілерін анықтап, іс материалдары сотқа жолданған. 

Бердібек Сапарбаев мобильді топтардың денсаулық сақтау саласындағы жұмысының маңыздылығына тоқталды.

«Полиция мен санитарлық дәрігерлер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеп, карантиндік режимді бұзғандарды жауапкершілікке тарту керек», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ облыс әкімі коронавирустың таралуымен байланысты жағдайдың болжамын жасап, алдын-ала медперсонал, қосымша төсек-орын дайындап, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алуды тапсырды. Облыс әкімінің бұйрығымен мемлекеттік мекемелердің қызметтік көліктері медициналық мекемелерге уақытша пайдалануға берілді.

Қауіпті вируспен күресу үшін қосымша 80 зейнеткер, 25 резидент, медициналық оқу орындарының түлектері және қысқа дайындық курсынан өткен жүзден астам жас маман тартылды.

Жиын соңында облыс басшысы биылғы жартыжылдықты өте жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын тағы бір еске алып өтті. «Жамбыл облысының көрсеткіштері республикалық көрсеткіштен жоғары. Бірақ бұл босаңсуға себеп болмау керек», – деді Сапарбаев. Ал Премьер-министрдің ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда,  республикалық көрсеткіштен жоғары өсім көрсеткен өңірлердің ішінде Жамбыл облысы жоқ. Сонда кімге сенеміз? Тоқаевқа ма, Маминге ме?   

Біртановтан «козел отпущение» жасау кімге тиімді?
«Министрдің кей істерін Дон Кихоттың тірлігіне баладым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу