Байдулла Қонысбек: «Сол қолдың әлегі әскерден де алып қалған»

Oinet.kz 27-03-2009

Screenshot_13.jpg

Байдулла Қонысбек, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, журналист-жазушы:

Мені 2-3 айлығымда Қонысбек атам мен Маржан апамның бауырына Сәбден ағам мен Жәмила жеңешем (өзімнің туған әке-шешемді осылай аға-жеңге атап кеткенмін) өз қолдарымен көтеріп келіп, салған екен. Атамның сол кездерде жалғыз ұлы Жарылқап қайтыс болып, ауыр қазадан өзегі өртеніп, қиналып жүрген шағы болатын-ды. Қазір ойласам, мен оларға әрі алданыш, әрі бейнет болдым-ау деймін. Қораларында қараңдаған бір-екі ірі қарасы мен қойлары болғанымен, ешкі асырамаған екен. Мен үшін ешкі сатып алып, сол ешкі мен қойдың сүтін беріп асырапты. Кей күндері атам есекке мініп, қолына құндақталған мені алып, Жәмила жеңешеме еміздіріп тұрады екен. Анасының иісі сіңіп қалар деген оймен кейде інісі Мақұлбек көкемнің үйіндегі келіні Айшагүлге емізіп тұрыпты. Осылайша мен екі ананың сүтін емген жанмын. Қазір ол екеуінің де көзі тірі. Бірі 87-де, екіншісі одан бір жас кіші. Өз анам менен кейін де 15 құрсақ көтеріп, қазір көзі тірі 7 ағайынбыз.  

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай әлпештеп, әздектеп жүргенде безгекпен қатты ауырыппын. Алла-тағала атам мен апамды есіркеген болар, мүмкін атамның аты өшпесін, қайғысының үстіне қайғы жамамасын деген де болар, әйтеуір мен аман қалыппын. 

Бала болған соң асық ойнайтын, доп қуатын кездеріміз аз болған жоқ. Алайда, қозы-лақ үнемі есте тұратын. Оған қарау, көйлеңкеге жайғастыру, өріске айдау, оларды жамыратпау менің еншімде-тін. Бұл ойын баласы үшін оңай шаруа емес. Кейде міндетті ұмытып, ойынның қызығынан шыға алмай қалған кездер де кездесіп тұрады. Оның соңы немен тынатынын ауылда өскен балалардың бәрі де біледі. 

10-11 жастағы кезім. Апам отын шабуға, атам шөп жинауға кетеді. Мен үйде жалғыз қаламын. Ауылдан бір-бір жарым шақырымдай жерде қыр бар. Ауыл әйелдері соның арғы жағынан қысқы отын әзірлейді. Көмірдің қандай болатынын да біз білмейміз. Біздің көмір – көң мен тезек. Апам келгенше қойдың қиын бір шұңқырға үйіп, оған су құйып, аяқпен әбден езгілеп, майдалап қоямыз. Сол кезде қырдан отын арқалаған әйелдер де көріне бастайды. Мен самаурын қойып, шәй қайнатуға кірісемін. Апам арқасындағы отынын тастап, «Уһ» деп демала бергенде, есек арбамен шөп артып атам да келеді. Екеуі де мені айналып-толғанып: «Жарайсың балам, жігіт болып қалыпсың, айналайыным! Шай да қайнап тұр екен. Кәне демдей қойшы, күнім!» деп екеуі екі жағыма отырып, шәй ішуге кіріседі. Бұл жағдай күн сайын қайталанады. Жаз бойғы менің пионер лагерім осы. 

Сол қолымның әлегі талай әңгімеге арқау болып, тағдырыма да тікелей әсері болды. Алғаш 6 жасымда есектен құлап, сол қолымның шынтағын шығарып алдым. Атам ауыл сынықшысына салдыртқан тұғын. Келесі жылы велосипедтен құлап, тағы сол қолымды жарақаттадым. Ауылда өзіммен құрдас Мұрат деген бала болды. Бір үйдің жалғыз баласы. Соның әкесі велосипед сатып әперді. Ауыл балаларының бәрі соның соңындамыз. Бір мініп көргіміз келеді. Алдаймыз, жалынамыз, әйтеуір бір айдап қалудың амалын жасаймыз. Кейін келе ұзын-сонар кезекке тұратын болдық. Кезек маған келгенде велосипедпен ылдидан төмен қарай жүйткідім. Үлкен велосипедке аяғым жетпегендіктен белтемірдің ортасынан өткізіп алғанмын. Төмен ызғып түскенде рульді игере алмай, омақаса құладым. Ауылды аспанға көтеріп, үйге жылап келдім. Мына түрімді көріп, атам аяп кетсе керек, бұл жолы сынықшыға апармай, өзі сылап-сипап орнына келтіргенсіді. Осылайша сол қолым шодырайып, қисық бітіп кетті. 

Осы қолдың әлегі әскерге барарда тағы алдымнан шықты. Медкомиссияның барлығынан «здоров» болып өтіп келдім де, хирургке келгенде «жолым болмады». Дәрігер алғашында байқамады, кейіннен жаттығу жасатқанда көріп қалды. «Не болған?» деп сұрады. Есектен құладым дегенге ұялып, «түйеден құладым» дедім. Түйені екі қабатты үй секілді елестетсе керек, қалай тірі қалғансың деп басын шайқады. Ақыры «не годен» деп жазды. Мен «годен» деп жазыңыз, бұл қолыммен бәрін істеймін, төбелесе де беремін деймін. Содан не керек, қолыма әскерге жарамайтындығым, әскери жағдайда тыл жұмыстарына жарайтындығым жөнінде билет берді. 

1961 жылы жоғары оқу орнына түстім. Факультетімізде әскери кафедра жоқ екен. Алғашқы курсты бітіре салысымен, курстағы 25 баланың 20-сын әскер қатарына алып кетті. Қалған бесеуміз сырттай бөлімге ауыстық. 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүргенмін. Бөлім меңгерушілігі міндетін жаңадан қолыма алған кезім. Бір күні газеттің жауапты хатшысы Мыңбай Ілесов «сені КГБ-дан шақыртып жатыр» деді. Бардым. Өзін полковникпін деп таныстырған бір лауазымды қызметкер менен туған жерімді, оны-мұны сұрап отырып, мені жұмысқа қабылдайтындықтарын жеткізді. «Сізді бір жыл бойы зерттедік, барлық жағынан талапқа сай келесіз» деді. Мұның біреуін де білмеген екенмін. «Солай деп шешсеңіздер, сенімдеріңізден шықсам, қарсылық жоқ, алайда менің бір «бірағым» бар дедім. Қандай деп сұрады. Сол қолым сынғандықтан, мені әскер қатарына алмай қойғандығын айттым. «Барлығын зерттегенімізбен, ол жағын байқамаппыз» деді де, өздеріне қарасты емхананың хирургын шақыртты. Әлгі полковниктің көзінше қолымды әрі қарап, бері қарап «болады» деді. Бұл кез қаңтар айы болатын. Мені қыркүйекте Мәскеуге ме, Минскіге ме екі жылдық оқуға жіберетін болып шешіп қойған екен. «Оған дейін әлі тоғыз ай уақыт бар, қолын зыптай етіп емдеп беремін, бірақ сегіз ай бойына гипсте жүру керек болады» деді әлгі дәрігер. Көзім шығып кетті. Бұл кезде жасым 29-да болатын. Әбден бітіп кеткен сүйекті қайта орнына келтіру оңай шаруа емес. Ол уақытта әкем тірі болатын, үймен ақылдасып көрейін дедім. Ақылдастым. Әкем «екі жыл оқиды екенсің, одан кейін қайда жұмысқа жіберетіні тағы белгісіз, осы жұмысың да жаман емес қой, тірі болсаң тағы көрерсің» деген ақыл айтты. Әкемнің ақылына тоқтадым. 

Қолымның қисықтығын өмірлік жұбайым Құттықыздың өзі тұрмысқа шыққанға дейін білген жоқ. Жасым 60-қа келген жылы Мархабат Байғұт мен жайында «Сол қол» деген, зейнетке шыққан жылы «Оң қол» деген шығарма жазды. Міне, мен үшін сол қолдың осындай қызықты оқиғалары бар. 

Дайындаған Шадияр Мекенбайұлы,

"Рейтинг" газеті

Есен Елеукен: «Қыздар жігіттерден қашса, мен қыздардан қашатынмын»
Бастар Есқараев: «Шетелдік аспазшы біздің кез келген шенеуніктен жоғары жалақы алады»


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×