Дархан Мыңбай: «Бізде жершілдік, аумақтық емес, мемлекеттік көзқарас қалыптасу керек»
Сұхбат алу ниетімді білдірген сәттен-ақ кейіпкерім жылы шырай танытты. Блиц-сауалнаманың өзіне «қиналатын» лауазым иелеріне қанық болғандықтан іштей құрметім жоғарылай түсті. Бізге дейін «Хабар» телеарнасына сұхбат берген Дархан Қамзабекұлының ашық диалогтан бас тартпайтыны батылдандырды. Қандай формадағы сұрақ қойылса да, жымиған қалпынан танбады. Қазіргі қазақ қоғамына Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбайдың жанарымен қарап көрелік!
Ықпалды, ақылды газет жасау-арзан тұрмайды!
- Сіз ең алдымен журналиссіз. Қазір ақпарат саласы өте үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Жасыратыны жоқ, қазіргі газет-журналдарды қаржыландыру, оның тиімді жүйесін қалыптастыру өте өзекті. Сіздің ойыңызша, газеттерді тендердің тәуелділігінен құтқару үшін не істеу керек?
- БАҚ-қа жаңаша көзқарас керек, қоғам соны талап етіп отыр. Бұрынғыдай санаулы телеарна, санаулы газет жоқ. Ақпараттың көздері көп. Жалпы, тендер - мемлекетке салық төлеушілердің қаржысын тиімді пайдаланудың бір жолы ғана. Ақпарат құралындағы идеология: насихат үшін, халықты ақпараттандыру үшін, сондай-ақ қоғамға ықпал ету үшін керек. Біздегі ең кемшін тұс - БАҚ қоғамға ықпал ете алатындай болуы үшін тиісті қаражат бөлінуі керек. Қаражат бөлудің бірнеше түрі бар, тендер оның бір жолы ғана. Шығармашылық ұжым белгілі бір межені белгілеп, нәтижеге ұмтылса, қажет қаражат бөлінеді. Жақсы нәтижеге жұмыс істеу керек. Жекеменшіктегі БАҚ көп болса, меншікті қорғау заңы жұмыс істейді. Мемлекет БАҚ қайтсе табыс әкелетінін ойлауы қажет. БАҚ аудиториясын әлеуметтік желілерге беріп қоймауы керек. Тендерге қатысатын БАҚ саны артып келеді. Бірақ мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат көлемі сол қалыпта. Ықпалды, ақылды газет жасау - арзан тұрмайды!
- Медиаменеджментті дамыту керек пе, сонда?
- Газет шығару ісінде менеджментті, маркетингті жолға қою керек. «Газетті кім оқиды?», «не үшін оқиды?», «қанша бетін оқиды?», «қанша бетін оқымайды?» Тіпті осыған дейін зерттеу қажет. Бізде журналистика ғылым ретінде әлі дами қойған жоқ. Практика мен теория қатар жүр. Нарықтық заманға сай жұмыс жасап жатқан БАҚ көп. Мемлекет тарапынан бір механизм керек. Тендерге телініп қалуға болмайды!
- Ақпараттық қолдау көрсететін тендер «жұмсақ күш» концепциясына негізделген. Бұл үдеріс оқырманның сыни ойлау деңгейін түсірмей ме?
- Түсірмейді! Марк Твеннің бір сөзі бар, «Кез келген партия түптің түбінде өз өтірігіне шашалып өледі» деген. Өтірік айтқан газет, өтірік жұмыс атқарған ұйым-дамымайды. Газет – қоғамның тынысы. Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқан. Газет құлақ боп, оны біреуге жеткізіп отыруы емес, қоғамға ықпалды болуы керек. Өткенде ғана Олжас Сүлейменов «Ақылды адамдарға зәруміз» деп айтты ғой. Бізде ақылды оқырман бар. Оларды газетке тарта білу керек. Есті кісіге ақыл айтпа, жөнін айт дейді. Жөнін айту керек.
«Латын қарпіне көшкеннен сауат төмендейді» деген қауіп негізсіз
- Көршілес Өзбек елі латын қарпіне көшкеніне 20 жыл болса да кейбір мерзімді БАҚ кирил қарпімен жарыққа шығады. Өзбекстанның қолданыстағы латын графикасы ізін суытпай өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады. Біздегі өзгеріс ұлттың осы уақытқа дейін жинақтаған жазбаларына қандай да бір қатер төндірмей ме? Онсыз да жаргондармен жұқалтаң тартқан жастардың сөйлеу сауаты төмендемей ме?
- Біріншіден, мен латын қарпін қабылдаудан ешқандай кемшілік байқамаймын. Екіншіден, «латын қарпіне көшкеннен сауат төмендейді» деген қауіп негізсіз. Қазір 18 миллион халықтың барлығында ұялы телефон бар. Оның бағдарламалық қосымшасында стандартты пернетақта қолданысқа енеді. Әлі 2025 жылға дейін уақыт бар. Біз оған дейінгі уақыт ішінде кемшіліктерді жоямыз. Қоғам ортақ пікірге келу керек. Мемлекеттік тіл - жалғыз. Бізге оны ерегіс-айтыс үшін емес, ортақ мәмілеге келу үшін жаратқан. Тіліміз сақталып, графика ғана ауысады.
Тіл - тірі организм. Ол синтезге ұшырап отырады. Латын әліпбиіне көшу - мемлекеттік тілдің жаңа тынысын ашады. Әр заманның өзінің ғалымы бар, әр заманның өзінің құралы бар. Кей әдебиет заман талабына жарамай қалады. Латын графикасына көшу - қолжазбаларды табиғи жолмен сұрыптайды. Бастысы - кириллица әліпбиімен алған білімді жоғалтып алмау керекпіз.
- Сізге қазақтың қай қасиеті ұнайды?
- Елбасының "Қазақтың өз тарихында ұялатындай жері жоқ" дегеніне шақ қасиеттер ұнайды. Қазақ ешкімді жерге қаратпаған. Сол қасиетті әркім меңгеріп алғанын қалаймын. Қазақтың ұяттан қаланған қабырғасының биіктігі ұнайды. Дәстүрге адалдығы ұнайды. Қазақ діннен қорықпаса да, дәстүрден қорыққан. Біздің халық дәстүрді өте қадірлеп, аялаған. Тіпті, дініміздің өзі дәстүрімізге шақтап жасалған ғой. Дәстүрді сақтауға адалдығы ұнайды.
- Аманатқа қиянат жасамайтын жауапкершілігін айтып отырсыз ғой, аға?
- Жауапкершілік деген басқа ұғым. Ол - қазаққа жетпей жатқан қасиет. Мен марқұм Әбіш Кекілбаевқа тіпті мынадай идея айтып едім. Парижде Expo болған кезде, соған «Бостандық» ескерткішін жасаған. Кейін оны американдықтар сатып алып су бетіне орналастырған. Қазақ деген сөздің өзі еркіндік. Бізге бәрі жетеді, жетпей жатқаны - жауапкершілік. Бізге Expo қарсаңында «Жауапкершілік» деген ескерткіш қою керек еді. Жауапкершілік - адамның туылғаны емес, туғаннан өлгенге дейінгі сезінуі керек қасиеті. Сонда ғана біз «текті халықтың ұрпағымыз!» деп айта аламыз. Тектіміз деп жұрттың бәрі кеуде соққанымен, жауапкершіліксіз ол қандай текті болады? Тектілік пен жауапкершілік сабақтас дүние.
Біз қазақты қорғауымыз керек
- Естіген шығарсыз, күні кеше Шымкентте әкімдіке барған бір топ ана, аталауы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесіне наразылық білдіріп, 21 мың теңгені қалдыруды талап етіпті. Жалпы 21 мың теңге жобасы басталған кезде мұның ақыры әлеуметтік әділетсіздікке, наразылыққа, масылдыққа апарып соғатыны белгілі еді. Жәрдемақыны қос қабатты, қымбат көлік мінген байларға дейін алған. Біле тұра билік мұндай қадамға неге барды деп ойлайсыз?
- Біз жақын жылдарда «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген терминді еске салып, бизнес көмектесу керек деген ұғым шығардық қой. Кез келген мемлекеттің де әлеуметтік жауапкершілігі болуы керек. Әлеуметтік көмекке қатысты түрлі пікірлер бар. Үш қабатты үйі, машинасы бар адамның жағдайын біле тұра АӘК бергендер жауапқа тартылуы керек. Қоғамда әр сөздің, істің-иесі болу керек. Мен өзім «қазақтар мынадай» деп айтқанға қарсымын. Кемшіліктің бәрін «қазаққа» жаба саламыз. Біз қазақты қорғауымыз керек.
Адамдардың бірінші кемшілігі - тапсырманы нақты бермейді. Екіншіден, орындаушы мұқият тыңдамайды. Сосын арасында проблема туындайды. Мына жерде де тапсырма нақты, механизмі анық-ашық болса, мен ойлаймын, көп кемшілік болмас еді. Сол кемшілікті жөндеу үшін қайта қарап жатыр. Бірақ мен қазір керемет шешім тапты деп айта алмаймын. Өйткені бұның барлығы ғылыми-қаржылай негізделген мәселелер болу керек. «Бұлай бүйтеміз» деп асығыс жасалған дүниелерден көп кемшілік шығып жатыр. Халықта мұқтаж адамдар бар (аға аздап кідіріс жасады. Ә.Б), шын мәнінде масыл адам да бар. Біз сол екеуінің аражігін ажыратсақ, мәселе туындамас еді.
- Атаулы әлеуметтік көмек елдің әлеуметтік жағдайына не бере алды?
- Не бергенін мен әлі ауыз толтырып айта алмаймын. Меніңше,олар ең бастысы қаржы емес, ертеңгі күнге сенімін беру керек еді. Соны бере алмады ғой деп қорытамын.
Ресей мультфильмге Қазақстаннан 10 есе көп қаражат бөледі
- Депутаттық сауалыңызда балалардың рухани азығына айналар өнімдер мәселесін көтеріпсіз. Облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқарғанда «Сақ» киностудиясына көңіл бөлдіңіз. Нәтижесінде, керемет туындылар жарыққа шықты. Сынның тырнағына жиі ілінетін қазақ анимациясы қайтсек жаңа белестерді бағындырады?
- Балаларға арналған дүниелер жеткіліксіз. Біріншіден, қаражатқа кеп тіреледі. Бұл салаға қаражат көп бөлінуі керек, бұл-мемлекеттік көзқарасқа байланысты. Мен сізге салыстырмалы түрде айтсам, Ресей мультфильмге Қазақстаннан 10 есе көп қаражат бөледі.
Мультфильм неге халықтың көңілінен шықпайды? Сапасы төмен. Неге сапасы төмен? Себебі бюджеті аз. Бізде идея да, талапты адамдар да, талантты режисер, сценаристер бар. Осыларға қолдау болмай отыр.
Ресейде балаларға арналған 3 арна бар. Бізде тек «Балапан» ғана. Бәсекеге бір ғана арна төтеп бере алмайды. «Балапанда» 3-7 сынып аралығындағы аудитория бос тұр, вакуум. Вакуум ешқашан бос болмайды, ол басқа нәрсемен толады. Ғаламтордан, бөгде ақпараттармен толады. Сондықтан, жас ерекшелігін толық ескеру қажет. Бізде балалар жазушылары бар. Оларға қаражат бөлу керек. Жақсы мультфильм, жақсы балаларға арнаған туынды керек. Кәмелеттік жасқа дейінгі балаларға бірнеше арна болса: 3 сыныпқа дейінгі балапанға бөлек, 3-7 сынып оқушыларына бөлек, 8-11 сыныптағы жасөспірімдерге бөлек арна. Осы жүйені орнатсақ, қазақ тілін іс жүзінде мемлекеттік тіл етуге қызмет етер еді. Бала мектепте мемлекеттік тілде білім алып, рухани қажеттілігін өзге тілде өтейді. Бұл-өзекті мәселе. Балада таңдау еркі болғанға дейінгі мөлшерде өнімдер қажет.
Дәстүр мемлекеттік қызметте де болуы керек
Әр әкім өз идеологиясымен келеді. Сіздің тұсыңызда "Саба", "Ұлысымның ұйытқысы - Оңтүстік" секілді жағымды жобалар жүзеге асып отырды. Бірақ кейін өз жалғасын таппады. Жалпы, бізде бір әкімінің бастамасын келесі әкім жалғап кете алмайды. Неге деп ойлайсыз?
- Оның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ, Бізде әр әкім өз жұмысын тезірек көрсетуге ұмтылатын шығар. Сондықтан жақсы идеялар ұмытылып кете береді. Мен ойлаймын, жақсы нәрсені сақтап қалған дұрыс. Бұл сабақтастық мәселесіне кеп тіреледі. «Мен жасайын, мен жасамайын» халық қажет еткен жобаларды сақтап қалу керек. Оны дамытуға, жетілдіруге, мазмұнын толықтыруға болады. Ел електейді, барлығын көріп отырады. «Бұрынғы әкім жасап еді, оны мен жалғастырмаймын. Мен басқасын жасайын» деген, меніңше, басқа қауымдық формацияның деңгейінде қалып қойғандық. Ол үшін адамның мәдениеті мен білімі болу керек. Сонда біз көп нәрсені дамыта отырып, дәстүрге айналдырамыз. Дәстүр мемлекеттік қызметте де, достықта да, адами қатыынастарда да болу керек.
- Сіз уақтысында аудан әкімі қызметін атқардыңыз. Былтыр Тоқаев Түркістан жасаған сапары барысында аудан әкімдерінің есеп беруін сынға алды. Сіздің ойыңызша, әкімдердің есеп беруі президент айтқандай, ескіріп, халықты жалықтыратын деңгейге жетті ме?
- Президент әкімдердің есеп бергенін сынға алғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені оның тиімділігі төмендеп бара жатыр. Кейбір кездесулер алдын ала дайындалған сценарий бойынша өтеді. Қазір Цифрлық Қазақстан деп жатырмыз ғой, сол бойынша, ғаламторда бүкіл проблемалық сұрақтарды жинау, базасын жасау керек. Оны тәуелсіз сарапшылар тағайындап, басымдық берілу керек проблеманы сұрыптау керек. Бөлінген қаражаттың шегінде қандай шешім қабылдауға болатынын сараптау керек. Аудандық, облыстық, республикалық көлемде қай мәселені көтеру қажет екені қаралуы керек . Міндетті түрде адамарды жинап алу міндет емес. Халық үйінде отырып та талап-арзын жеткізе алу керек. Жинақталған базаға анализ жасалған соң, халықпен кездесуде қорытынды айтса болады.
Педагог пен ұстаздың айырмашылығы бар
- Әр адамның құқығы екінші адамның құқығы басталған жерге дейінгі ауқымды алады. Біздегі «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы білім жүйесіне не бере алады? Қазақ ыммен түсінісетін халық. Жазылмайтын, сыйластыққа кеп тірелетін дүниеге заң шығаруға көзқарасыңыз қалай?
- «Педагог мәртебесі туралы» Заңға жыл аяғында қол қойылды. Ұстазы жоқ адам-әр мақамға салады. Әркімге ергіш. Менің түсінігімде, педагог пен ұстаздың айырмашылығы бар. Бар кәсіп иесі ұстаздың алдынан өтеді. Соңғы кезде мұғалімге деген құрметтің төмендеп кеткенін білесіздер. Ол- мұғалімнің ғана емес, қоғамның проблемасы.
Ұстаздар туралы заң керек. Өзге мамандық иелері «Неге біздің салаға қатысты заң қабылдамайсыздар?» деген сұрақ қояды. Осы заң жоқ кезде де, біздің алдыңғы буын үшін мұғалім мәртебесі өте жоғары болатын. Мұғалім мәртебесі-өзінің қолында. Мұғалім білімді, білікті, мәдениетті болса, оның әр ісі өнеге боп көрінсе-бәрі сыйлайды. Жақсы мұғалім мен жақсы шәкірт дос болып кетеді. Мұғалімдердің мәртебесін мұғалімдерден басқа ешкім көтермейді. Ол үшін үнемі ізденісте болу керек.
Адамның ең бірінші ұстазы - ата-анасы, содан соң мұғалімі. Біздің қоғамда мынадай пікір қалыптасты, бір кемшілік болса, оны заң шығару арқылы түзегісі келеді. Бұлай кете берсе, ертең ата-ананы жақсы көру үшін заң шығарып бер, әйтпесе мен жақсы көрмеймін дейді. Сонда адамның санасы қайда қалды? Адамның санасы өзгеруі, өсуі керек. Сананы өзгерту - өзгені сынау емес, өзіңнен бастау. Мысалы, жерде қағаз жатса «анау неге осыны тазаламайды?» деп емес, қағазды өзің алып тасташы. Мен өзім осы істі практикада қолдандым. Менен соң бәрі жинай бастады. Өмірдің барлық түйіткіліне заң шығару - адамнан робот жасайды. Ата-ананы құрметтеу біздің қанымызда болу керек. Прогресс-адамның санасының өзгеріп, дамуы. Сананы өсірмей, «заң шығарсаңдар, істейміз» деп отырсақ, роботқа айналып кетеміз.
Ұстаздарды біз сыйлаймыз. Оларға жеңілдік болу керек. Мұғалім де, ата-ана да өмірден қалмай ізденуі керек.
Дамыған елдердің өзінде мажоритарлық жүйені қабылдамайды
- Билік пен бұқара арасында сайлау жүйесі қаншалықты маңызға ие. Сайлау процесіндегі санның санаға әсері қандай?
- Сайлау жүйесі-өте маңызды. Бүкіл әлемде сайлау жүйесі бар. Одан артық форма әлі табылған жоқ. Біз көбірек сапасы жайлы ойлануымыз керек. Қоғамның деңгейі өсуі үшін білімді, мәдениетті адамдар болу керек.
- Сізге мажоритарлық және пропорцианалды сайлау жүйесінің қайсы әділетті көрінеді?
- Оны тап басып айту қиын. Өркениетті елдерде екі жүйе де бар. Біз өз мемлекетімізге тиімдісін таңдауымыз қажет. Дамыған елдердің өзінде мажоритарлық жүйені қабылдамайды. Себебі, әр елдің өзінің жолы басқа. Біздің қазақстандық жол-басқалардан көшіре салу емес. Экономикалық, әлеуметтік, саяси процестерді ескеріп өз жолымызбен жүру.
- Қазір депутаттар партиялық тізіммен сайланатындықтан, аумақтық бөлініс жағы түсініксіз боп қалған жоқ па?
- Бізде жершілдік, аумақтық емес, мемлекеттік көзқарас қалыптасу керек. Мысалы, облыс деңгейінде қарастырайық. Мен Жетісай ауданында тұрсам, Жетісайдың жағдайы жақсы болса, Жетісайдың деңгейімен қарамауым керек. Мен контекст жасап барлық жағынан ойлануым керек. Қазір бәрі көрпені өз жағына тарта береді. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Партиялық жүйеде жершілдік, рушылдықтан, бұра тартудан құтыламыз. Патриотизм артады.
- Саяси лауазым иесі альтурист болуы керек пе?
- Саяси қызметкер болсын, болмасын, негізі - адам ғой. Сондықтан, қажет. «Саяси қызметкер мынадай болу керек» деген талап қою әдептің мәселесі. Әркім өзінің таңдау еркіне сай әрекет етеді.
- Сіз үшін билік - биіктік пе?
- Мен үшін билік - биіктік емес. Ойыңа алған идеяларды жүзеге асырудың мүмкіндігі. Былайша айтқанда шанс. Жеке бастың емес қоғамның мүддесіне жұмыс істеу. Жекелігіңе жұмыс істеу көрініп қалады. Ел - елек. Ел бәрін елейді. Халықтан ешнәрсені жасыра алмайсың!
- Жақсы ойлау үшін жақсы тұрмыс керек. Сіздіңше жақсы ойлауға тағы не керек?
- Меніңше, жақсы ойлау үшін жақсы тұрмыстан бұрын, жақсы орта керек. Өйткені сананы орта билейді. Сананы тұрмыс қана билемейді. Сен кіммен доссың, кіммен араласасың, кіммен жұмыс істейсің - сананы солар билейді.
- Әлемді сұлулық құтқарады. Әлемді тағы не құтқруы мүмкін?
- Әлемді адамгершілік құтқарады!
- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін рақмет, аға!
Балерке ӘСІЛХАН
Oinet.kz