Жанболат Найзабеков: «Пародия жасау үшін рұқсатын аламыз»
- «Өнер қырандарының» екінші шығармашылық кешін өткіздіңдер. Бұл жолы алғашқы кеште кеткен кемшіліктерді қайталамаған боларсыздар?
- Істің басын бастау әрқашанда қиын. Бүгінде танымал болған еліміздегі театр ұжымының барлығы халық алдында алғаш рет өнер көрсеткенде мінсіз болмаған шығар. Біздің ұжымның әртістері теарда бастары қосылмастан бұрын көпшілігі КВН саханасында өнер көрсетіп, шыңдалған жігіттер. Дегенмен, театрды құрған соң, алғашқы кешті өткізгенде қатты қобалжыдық. Біраз кемшіліктерге жол бердік. Қоржынымыздағы бар пародияны жинақтап, өңдеп халыққа қайта ұсынған едік. Соншалықты сәтті болмады. Ал бұл жолғы кешімізге тек жаңа бағдарламаларды әзірледік. Өткен жылға қарағанда бойымызда сенімділік күшейіп, саханада еркін ойнадық. Театрымыздың ғұмыры ұзақ болсын деген ниетпен кешіміздің атын «Өнер қырандарының он жылдығына бес жыл қалды» деген атпен өткіздік. Халықтың көңілінен шыққан секілді.
- Бірақ сахнадан Дәулет көрінбеді...
- Дәулет соңғы кездері тележүргізушілікпен көбірек айналысып жүр. Жеке шығармашылыққа көңіл бөлгісі келген шығар. Жалпы ұжымның арасында осы уақытқа дейін ешқандай ұрыс-керіс болған емес. Театрымыздың басшысы Мадияр, Сырымбет, Құдірет барлықтарымыз сонау КВН ойындарынан бері бірге жұмыс жасап, жақсы тіл табысып келеміз. Достықтарымызға кірбің түскен емес.
- Сіз жасаған пародия иелерінің тарапынан өкпе-реніш білдіргендері болды ма?
- Ондай жағдайлар әлі кездесе қойған жоқ. Керісінше ризалықтарын білдіріп жатады. Өз-өздерін, жақсы қырларын сахнадан көрген оларға да қызық емес пе?! Біз пародия жасардың алдында ол кісіден міндетті түрде рұқсат сұрап, алдынан өтеміз. Мақстымыздың оны мазақ-келеке ету емес, жақсы қылықтарын әзілмен халыққа жеткізу екенін түсіндіреміз.
- Ең сәтті шыққан пародияң қайсы?
- Әзірге рейтингісі озып тұрған Әлішер Каримовтың пародиясы.
- Театрдан тыс кинодада бағыңды сынап көрдің. Елге пародист ретінде танылып қалғаның рас. Ал киноактер ретінде өзіңді мойындата алдым деп есептейсің бе?
- «Біздің ауыл Во» фильміне режиссер Сәбит Әбдіхалықов ағамыз шақырған болатын. Жалпы фильмнің жанры комедия. Сондықтан ондағы рөлді алып шығу маған қиын болған жоқ. Ал «Парыз» фильміне кастинг жарияланған кезде бағымды сынап көру үшін қатысқан болатынмын. Кастингтен сәтті өттім. Енді бір-екі киноға түсіп алып өзімді мойындаттым деп айтуға аузым бармайды. Өйткені мен киноәлеміне енді ғана аяқ басып келемін. Бірақ осы рөльдерім арқылы халық мені тек театр ғана емес киноактер ретінде де қабылдай бастағанын айта кету керек.
- Сахналық этиканы қалай түсінесің?
- Сахна дегенді көп әнші-әртістер тек өзін-өзі көрсетіп қайтатын орын деп түсінеді. Әртістер сахнаға шыққанда көрерменге салмақты ой салып, рухани құндылықтар бере білуі қажет. Сахнаға шыққан адамнан халық «мынау маған не бере алады екен?» деп күтеді. Сондықтан жамағаттың алдына шыққан соң әр сөзіңді ойланып сөйлеп, мәдениетті киініп, мәдениетті жүріп-тұруы шарт.
- Халықтың алдында жүрген соң қыздар жиі мазаңды алып тұратын шығар?
- КВН ойындарында жүргенде жанкүйер қыздар мазамызды алғаны рас. Қазір де жиі болмаса да өнерімізді бағалайтын арулар ара-тұра хабарласып, тілектерін білдіріп тұрады. Орнымен айтылған тілектерге менде құрметпен жауап беруге тырысамын.
- Қыздардың қоңырауынан кейін үйдегі жеңгеміз бұртиып қалмай ма?
- Жоқ. Келіншегім өте сабырлы, барлығына түсіністікпен қарайтын жан. Өнер адамы болған соң бастан түрлі жағдайлар өтеді. Осындай сәтте түсінігі мол жанның кезіккеніне қуанамын. Аллаға шүкір қазір бір қыз тәрбиелеп отырмыз.