Алмат Тұрысбекұлы, кардиохирург: «Өзімнің жүрегімдей қайда маған...»
Алмат Тұрысбекұлы,кардиохирург, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының директоры
Алматы қалалық кардиологиялық орталығына кіре сала әлемге мәшһүр ғұламағалым әл-Фарабидің: «Денің сау болмаса, түзету керек, ал денің сау болса, жақсарту керек» деген қанатты сөзіне көзіміз түсті. Жоғары санатты кардиохирург, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының директоры ҚОДАСБАЕВ Алмат Тұрысбекұлы бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығына салғырт қарайтынын қынжыла айтады. «Қазақстанда тұқым қуалайтын, туабіткен жүрек ақаулары кеселімен ауыратындардың көрсеткіші – 10-15 пайыз ғана, қалғандары денсаулығын күтпегендіктен жүрек ауруы дертіне шалдыққан», – дейді дәрігер. Жүрек дәрігеріне келіп тұрып, қанша жүректі қолымен ұстап көргенін ең алдымен білгіміз келегенін пенделік әуестік деп емес, журналист ретінджегі қызығушылығымыз деп ұққан Алмат Тұрысбекұлы бұдан арғы әңгімені былай сабақтады.
– Жүрегі дертті талай жанға ота жасап, адамның ең аяулысы – жүрегін қолыңызға ұстап көрдіңіз ғой. Шыныңызды айтыңызшы, қанша жүректі ұстап көргеніңіз есіңізде ме?
–Шамамен, бірнеше мыңнан асатын болар. Жалпы, қанша ота жасадым, кімнің жүрегін ұстап көрдім деп есеп жүргізетін әдетім жоқ екен (жымиды).
– Жүрек хирургі болған соң осы сұрақты айналып өте алмаймыз. Сондықтан алғашқы сұрақтардың бірі ретінде осы мәселе туралы айтып өтелік. Бүгінгі таңда жүрек трансплантациясын жасау туралы әңгімеге құлақ үйреніп келеді. Өткен ғасырда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали дәрігеріне:
«...Жоқ! Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?
Алмастырам!?
Дедің-ау, алмастырам!..
Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.
Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,
Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?», – дейді. Қазір адамдар жүрек алмастыру туралы не дейді? Дін тұрғысынан, медициналық тұрғыдан жүректі ауыстыруға болатын-болмайтынын адамдар түсінді ме?
– 2002-2013 жылдар аралығында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылы-ми хирургиялық орталығы, кардиохирургия бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істедім. Сол орталықта жүрек алмастыру тобына кірдім де, төрт жыл жүрек алмастыру мәселесімен айналыстық. Қазір ғой, Қазақстанның қалаларында жүрек ауыстырып жатыр екен деген хабарларды естіп, көпшіліктің құлағы үйреніп қалды. Ал біз жүрек алмас-тыру туралы алғаш зерттеу жұмыстарын жасап жатқан кезде, жүрек ауыстырамыз десек, елдің төбе шашы тік тұратын. Біз топта бірнеше адам – дәрігерлер, заңгерлер, психолог, т.б. мамандар жұмыс істедік. Жүрегі ауру, дімкәс адамдарды таптық. Олармен сұхбат жүргіздік. «Жүрегіңізді ауыстырсақ, рұқсат бересіз бе?», – десек, олар: «Бұрын жүрек ауыстырып па едіңіздер?», – деп сұрайды. Біз: «Жоқ», – дейміз. Олар, әрине, бірінші болып отаға келісім беруге қорқады. Біз сырқаттардың келетін маршруттарына дейін дайындаймыз. Өзіңіз білесіз, қазақтың жерлеу салты бойынша, қайтыс болған кісінің бір саусағы жоқ болса, сұрауы бар дейді. Ал сіз қайтқан кісінің жүрегін сұрасаңыз, мүлдем келіспейтіні анық. Жалпы, адамның жүрегін пайдалану үшін қайтқан кісінің миы өлуі керек те, жүрегі, ішкі органдары таза күйінде қалуы тиіс.Қайтқан кісіні тексеріп, тіркеп, басқа органдары сау, жүрегін медицинада пайдалануға жарайды деуін дейсің ғой, ең қиыны – өліктің туыстарының рұқсатын алу. Адамдардың осы салада сауатын ашу үшін теледидарда көп сөйледік, газеттерге де шықтық. Жүрегін ғана емес, «Қазақ бауырына бауырын беруге дайын» деген тақырыппен мақала да жаздым. Мұның діни жағын келісу үшін бірнеше дін өкілдерімен кездестік. Алматы қаласында қанша дін өкілдері бар – мұсылмандар, православтар, католиктер сөзіне ұйый-тын дін мамандарымен арнайы ақылдастық. Олардың көбінің айтатыны – адам өлсе де, біреуге жақсылық істеп кетсе, онысы құптарлық іс дегенге сайды. Ал өлген адамның жүрегін немесе бауырын өзге біреуге беруі халал не харам деген арнайы жазу жоқ дейді.
Жүрек ауыстыру тәжірбиесімен танысу үшін шетелдерде, әсіресе, сол уақытта ТМД елдері бойынша жүрек алмастыру оталарын көптеп жасап жатқан Белоруссияда көп болдық. Германия, Кореяға да бардық. Жүрек ауыстыру ғана емес, жүрекке жасалатын күрделі операциялардың барлығын білу үшін тәжірибе алмастық. Оқып, үйреніп келдік. Бүгінгі таңда жүрек алмастыру ғана емес, жүректің ең ауыр сырқатын емдеуге қатысты күрделі оталарды да отандық мамандар жасай алады деп ойлаймын.
Жүрегі ауыратынын білетін адамдар да көп. Олар ота жасатқысы келмейді, ота арқылы жүрегін одан әрі ауыртып аламын деп қорқақтайтындар да бар. Жүрекке ота жасататын жас қыздар да көп болады. Оларға кейіннен бала тууға болмайды деп қатаң ескертесің. Кейін олар күйеуге шығады, аналық сезімі оянады, бала көтереді. Ол баласын алдырмай, қайтсем де сәби сүйем деп тағы да алдыңа келіп тұрады. Қанша қиын болса да, шыдап, күтініп, күрделі отаға қайта келісім беретін, жүрегі ауырса да, бала сүйіп, сәбилі болатын келіншектер де кездеседі. Олардың жанын сақтап қалу үшін ең күрделі деген оталарды да сәтті жасайтын кардиохирургтар да бар бізде.
Жалпы, жүрекке ота жасауға келісім берген адамды – батыр дер едім. Себебі, жүректің күрделі отасын жасау барысында біз жүректі уақытша тоқтатамыз. Тоқтаған жүректі қолға ұстап, оған ота жасаймыз да, қайта іске қосамыз.
– Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан ғана емес, дүниежүзінде жүрек ауруымен ауыратындардың саны жыл сайын артып келе жатыр екен. Маман ретінде айтыңызшы, адамдардың жүрегі не үшін ауырады?
– Оның себебі өте көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тамақтану құрамының өзгеруіқазіргі уақыттағы жүрек-қан тамыры ауруларының эпидемиясына әкелетінін айтады. Одан бөлек, артық салмақ және семіздік жүрек-қан тамыры ауруларының қауіпті факторы. Торығу, стресс жағдайында жүру де адамдарды жүрек талмасына ұшыратады.
– Ендеше, жүрегіміз ауырмауы үшін не істеу керек?
–Қазақ «ауру – астан» деп бекер айтпаған. Майлы, ащы, қуырылған тағамдарды мөлшерімен жеп, есесіне, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынуды әдетке айналдырған дұрыс. Таңғы жаттығу немесе серуендеу – өмірлік салтыңыз болуы керек. Уақытылы демалу, тынығуды да ұмытпаған абзал. Бүгінгі заманауи адам өзінің қан қысымын ұдайы бақылап, қалыпты қан қысымын білуі тиіс. Себебі, дәл осы қан қысымының көтеріліп, не төмендеуі – түрлі ауруға бастап апаратын төте жол деуге болады. Иә, біздің бүгінгі заманымыз сондай – адамдардың көпшілігі бір орнында тапжылмай отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда, бұл дене қозғалыстарын мүлдем жасамау керек дегенді білдірмейді. Жүрегіңіз өзіңізге керек болса, ара-тұра қимылдап, бойға қан жүгіртуді әдетке айналдырыңыз. Бүгінгі заманның адамы жүйкесін де сақтауы тиіс. Қандай жағдай болса да, адам эмоциясын бақылай алуды үйренсін. Себебі, жұқарған жүйке жүрекке ғана емес, күллі ағзаға кері әсерін тигізеді.Темекі шегу, арақ ішу сияқты зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаған жөн.
Ал жасы қырық-қырық бестен асқандар, мейлі, өзін жақсы сезінсе де ара-тұра дәрігерге қаралып тұрғаны жөн.
– Қазақстанда кең таралған жүрек ауруы қайсы? Олар бұл дертке неліктен тап болғанын зерттеп-зерделеу мүмкін бе?
– Қазақстанда кең таралған жүрек ауруы – жүректің ишемиялық аурулары дер едім. Одан өзге жүрек аритмиясы, жүректің ревматизмі, туабіткен жүрек ақаулары. Оған, әдетте, экология мен генді кінәлап жатамыз. Бізде тұқым қуалайтын, туабіткен жүрек ақаулары кеселімен ауыратындардың көрсеткіші – 10-15 пайыз ғана, аурудың осы түрімен ауыратын қалған емделушілер бұл дертке денсаулығын күтпегендіктен ұшыраған...
– Қазақстанда жүрек ауруларының барлық түрі емделе ме? Отандық кардиолог-дәрігерлердің әзірге ала алмай жүрген асу қайсы?
– Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірлерінде кардиологиялық орталықтар ашылған. Жүрек ауруларының барлығын емдеу үшін мемлекет арнайы орталықтар ашып жатыр, жастарды «Бола-шақ» бағдарламасымен арнайы оқытып жатыр. Сондықтан емделуші-лердің жазылуға деген ынтасы болса, алынбайтын асу жоқ.
– Бұл сұрақ сіздің көңіліңізге келер, сонда да, «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген ғой. Жүрек мәселесінде, жалпы басқа да күрделі ота жасатуда отандық дәрігерлерге сене алмайтын, сенсе де тегін ем-дом алу мүмкін емес деп білетіндердің көбеюі нені білдіреді?
– Қазақ халқының менталитетін білесіз. Халықтың медициналық сауатының төмендігінен де болар, емін алады да, кетеді. Одан әрі қарай күтіну, денсаулығын сақтау деген мәселемен бас ауыртқысы келмейді.
Иә, жүрек ауруының өте ауыр түрімен сырқат кейбір азаматтар шетел асып, шетелдік мамандардың көмегіне жүгінгісі келеді. Оған ешкім қарсылық көрсетпейді. Бірақ шетел істеген емді біз де істей алатынымызды айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ