Тәуелсіз журналистерге қауіп қайдан?
Қазақстанда билікке тәуелсіз журналистерді қудалау күннен-күнге күшейіп барады. Cебеп бірнешеу: биліктің шікәмшілдігі, тыз етпелігі, шындықтан қорқатындығы және әрнені сылтау етіп, тәуелсіз БАҚ-ты тізгіндеп алғысы келетіндігі, тағысын-тағылар.
Ақпанның 10-ы күні журналист Жанболат Мамай ұсталды. Бұл іске қатысты жауапты орган былай деп мәлімдеді: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «БТА Банкі» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы М.Әблязов, Ж.Жарымбетов және басқаларға қатысты банктің қаржысын жымқырумен байланысты қылмыстық ісін тергеуді жалғастырады. Тергеу барысында Әблязовтің Қазақстандағы жаңа сыбайласы Мамай Жанболат Мамайұлы анықталды».
Ж.Мамай –елге белгілі журналист, «Саяси қалам. Трибуна» газеті бас редакторының міндетін уақытша атқарушы. Ұлттық бюро таратқан мәліметке сенсек, Ж.Мамай «БТА Банктен» ұрланған қаржының бір бөлігін өзінің газеті арқылы заңдастырған. Алматы қаласының Медеу аудандық соты осы айыптауды негізге ала отырып, журналист Ж.Мамайды екі айға тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды.
Қаңтардың 30-ында «БТА банктің» бұрынғы басшыларының бірі Жақсылық Жарымбетов Астанада баспасөз мәслихатын өткізген. 17 қаңтарда Түркияда ұсталған Жарымбетовті журналистер қамауда отыр деп ойлағандықтан ба, әйтеуір, оны бостандықта көргенде таңданысып қалды.
«Мойнымнан жүк түскендей болды. Негізі, мұнда келгеніме қуанып та отырмын. Баяғыда-ақ осылай істеу керек еді» деп ақталды Ж.Жарымбетов. Айтуынша, Англияда оның қуғын көргендерге берілетін саяси статусы бар. Күнкөрісіне Әблязовтің адамдары көмектесіп тұрған. Өзінің де азды-көпті жиған-тергені болыпты.
Қазақстанда құқық қорған органдарының ешқандай қысым көрсетпегеніне журналистерді сендіруге тырысқан Ж.Жарымбетов былай деді: «Мен қорықтым. Қорқыныш бірінші кезекте болды. Ешкім бұл іспен айналыспайды, бәрін шетінен қамайды деп ойладым. Өзім үшін, отбасым үшін уайымдадым. Жалпы, мен қорқақ емеспін...».
Жарымбетовтің қорқақ емес екеніне сенейік. Ал енді Жанболат Мамайды Жақсылық Жарымбетовтің көрсетуі бойынша ұстауы мүмкін бе? Қарапайым логикаға салсақ, соған саяды. Өйткені, Ж.Жарымбетовтің «БТА Банк» ісі бойынша тергеу органдарының дегеніне көнгені баспасөз мәслихатында белгілі болған.
Жанболат Мамайға «банктен жымқырылған қаржыны заңдастырмақ болды» деп кінә таққан айыптаушы органның да бір білгені бар шығар, бірақ журналисті абақтыға жапқандағы негізгі себеп ол емес сияқты.
М.Әблязовтің өзі әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды: «Тергеудің айтуынша, «БТА Банктен» қаржы 2005-2009 жылдары «ұрланған». Ол кезде Жанболат бар-жоғы 17-20 жаста ғана. Жанболатты мұндай жаламен түрмеге жабу былай тұрсын, мұны айтудың өзі ақымақшылық қой. Және Қазақстанда маған қатысты бірде-бір сот шешімі жоқ. Жанболатпен Қазақстанда да, елден кеткеннен кейін де кездескен емеспін. Жанболат дұрыс айтады, оны саяси себеппен қудалап жатыр. Оның «БТА банкке» ешқандай қатысы жоқ».
«Саяси қалам. Трибуна» газеті – билікке тәуелсіз басылым. Жалтақтамай, көп нәрсені ашық жаза алады. Мұнысы биліктегі кейбіреулерге ұнамайды, әрине.Ендеше, биліктегілер «шындықтан қорыққандықтан осындай қысастық жасады» деуге негіз бар.
Тәуелсіз журналистерге қысым жасау билікке тән әдет екенін жоғарыда айттық. Өкініштісі сол, қысым жасау кейде қастыққа ұласып жатады. Мәселен, Ресейде 1991 жылдан бері қарай ғана тек қастандықтың құрбаны болған журналистердің саны екі жүзге жуықтаған. Мұның өзі соңғы дерек емес және із-түзсіз жоғалғандарды қоспағандағысы.
Украинада 1992 жылдан бері қастандықтан құрбан болған журналистердің саны жетпіске жеткен.
Бұл жөнінен Қазақстанның да шекесі қызып тұрғаны шамалы. Ресей мен Украинаның ізін ала қаралы тізімді жалғастырсақ, бұған Асхат Шәріпжанов, Батырхан Дәрімбет, Сәкен Таужанов, Саят Шүлембаев, Геннадий Павлюк, Оралғайша Омаршанова, Дулат Төлегенов және Алтынбек Сәрсенбайұлын қосуға болады. Шабуылға ұшырап, соққыға жығылған журналистерді санасаңыз, екі қолдың саусағы жетпейді. Тәуелсіз телеарнаның кабелін мерген мылтығымен атып зақымдау, басылым басшысының есігіне басы кесілген иттің өлігін іліп кету, баспаны өртеп жіберу, сот шешімімен газетті жауып тастау, журналисті жаламен қамау, соққыға жығу –біздің қоғамда қалыпты нәрсеге айнала бастады.
«Уральская неделя» тәуелсіз газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияров өзіне жасалған жантүршігерлік қастандыққа қатысты былай деп жазады: «2012 жылға дейін тәуелсіз газет шығаруға кедергі жасаудан сорақы нәрсе болмас деп ойлайтынмын. Мұным бекер екен. 2012 жылы 12 сәуір күні түнде артымда аңдып жүрген екі адамның дыбысын әбден жақындағанша естігенім жоқ. Кім екен деп оларға бұрылғаным сол еді, тарс еткен дыбыс естідім. Темір оқ самайымның сүйегін быт-шытетті. Қаскөйлер бас-аяғы бірер секундта бірнеше рет пышақ салып үлгерді. Бірақ, мен тірі қалдым...».
«Шекарасыз репортерлер» үкіметтік емес халықаралық ұйымы өткен жылы сәуірде 2016 жылғы «Баспасөз бостандығы индексін» жариялаған. Баспасөз бостандығы жөнінен Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 160-орында тұр. «Сөз бостандығы сақталмайды» делінетін Ресей (148), Пәкістан (147), Тәжікстанның (150) өзі Қазақстанның алдында. Егер Қазақстан билігі Эритреядан(180), Солтүстік Кореядан(179), Түркіменстаннан(178), Сириядан(177) немесе Сомалиден(172) алдамыз деп тоқмейілсісе, оны өздері біледі. Бірақ, биліктегілер шекеден қарап үйренген іргедегі Қырғызстанды қайтпек? Сөз бостандығы жөнінен қырғыздар 88-орында тұр ғой!
«Шындық жоқ жерде сұмдық көп» деген сөз бар қазақта. Тәуелсіз журналистердің билік тарапынан қысымға ұшырап, жала жабылып, қамалып, қыл аяғы өмірімен қоштасып жатқаны – шындықтың жоқтығынан болып жатқан сұмдықтар. Бұл сұмдықтардың қашан тоқтайтыны да әзірге белгісіз.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Ақымақшылықтың шегі!
–Жанболат Мамайға қатысты биліктің іс-әрекетін пасықтықтың, ақымақшылықтың және қорқақтықтың шегі деп есептеймін. Мұнда ешқандай логика жоқ. Тек атавистік инстинктер мен қалтырауық қорқыныш қана бар.
Жанболат пен оның командасын бұрыннан білемін. Ол жерде Әблязовтің ешқандай да ақшасы жоқ. Қайталап айтайын, бұл – қорқынышын игере алмаған шенділердің кегі ғана.
Егер мұны «демократизация» бағдарламасының бір бөлігі десе, онда оның құны көк тиын. Төлеген Жүкеев сияқты елге белгілі, сыйлы адамның үйін тінтуден, тергеуден артық сорақылық бола қоймас. Басқа басқа, Жүкеевті «Әблязовтің жақтасы» деу – нағыз ақымақшылық.
Мұндай жағдайда ең дұрыс әрекет мынау: қылмыстық істі қысқарту, Жанболат Мамайды босату, Төлеген Жүкеев, Инга Иманбай және басқалардан кешірім сұрау. Бірақ бұған сену қиын.
Ерік Рахым,
Мұрағаттан, 2017 ж