«VIP-диқандар»

Oinet.kz 06-08-2019 964

35_wide.jpg

Зейнолла Кәкімжанов

Соңғы жылдарда бизнес әлемінде мынадай тенденция байқалды. Миллиардерлер агробизнес саласындағы жобаларды іске асыруға белсенді түрде кірісе бастады. Бұл Ресей, Украина мен Қазақстанға тән ортақ құбылыс. Біздің елде әсіресе биліктен кеткен азаматтардың ауыл шаруашылығына деген ерекше қызығушылығы оянып отыр. Тіпті күні кеше мұнай-газ саласында оңай олжа тауып келгендердің өздері де агробизнеске назар аударуда. Оларды бір сөзбен «VIP-диқандар» деп атасақ жарасады. 

Мәселен, Ресейдегі «Форбс» журналының миллиардерлері тізімінде алтыншы орында тұрған олигарх  Геннадий Тимченко (10,7 млрд. доллар) Кубаньдағы алма бақшаларын дамытуға қыруар инвестиция жұмсапты. Қазірдің өзіне 300 гектар аумаққа алма ағаштарын  отырғызып, жыл сайын мыңдаған  тонна өнім жинамақ.  Сондай-ақ, ауылшаруашылық активтерімен ресейлік Олег Дерипаска, Искандер Махмудов, Самвел Карапетян, Василий Анисимов, Кирилл Миновалов секілді танымал олигархтары мақтана алады. 

Миллиардерлердің ауыл шаруашылығына деген мұншалықты қызығушылығы  Ресей тарапынан Солтүстік Америка мен Еуропадан келетін агроөнімдерге эмбарго енгізуімен байланысты. Пайданың қайда жатқанын сезетін олигархтар Кремль санкцияларды қолға алысымен-ақ іске кірісті. Бұған дейін Ресей алмаға деген қажеттіліктің жартысына жуығын шетелден келетін импорт арқылы өтеп отырған. Енді нарықтағы босаған орынды жергілікті миллиардерлердің өнімдері толтыра бастады.  

Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Бүгінгі  таңда  ауыл шаруашылығына бизнес тұрғысында қарайтын қалталылардың саны жыл санап көбейіп келеді. Айталық, 90-шы жылдардағы ұлттық саяси элитаның бел ортасында жүрген Зейнолла Кәкімжановты алайық. Билік дәліздерінде 13 жыл өткізген ол кезінде қаржы министрі, мемлекеттік кіріс министрі секілді маңызды қызметтерді атқарған. Аренадан кеткен соң бірер жыл көрінбеді. Ал соңғы бірнеше жылдан бері агробизнес әлемінің жарқын жұлдызына айналып шыға келді.  Бұған көз жеткізу үшін оның Фейсбуктегі парақшасына кірсеңіз жеткілікті. Кәнігі фермер Кәкімжанов қазір жүзім, алма өсіруге қатысты неше түрлі кеңес беретін болды. Өзі өсірген жүзімнен шарап өндіріп, түрлі мейрамханаларға сатуды жолға қойған оның айтуынша, ауыл шаруашылығы – болашақтың бизнесі.  2006 жылы Алматы облысының Қаракемер ауылындағы жүзімдікті сатып алып, сегіз жыл ішінде мол өнім беретін шаруашылыққа айналдыра білді. Кәкімжанов өзін, жобаларын қалай жарнамалау қажеттігін біледі. 2015 жылы Британдық консулдықпен бірлесіп, Arba Eco Auyl фермерлік жобасының таныстырылымын өткізді. Ал өз жүзімдіктерін аралау кезінде  велосипедпен күніне 80 шақырымға дейін жүріп өтетінін де білдірді. 

2000-жылдардың ортасында отандық бизнес және банк саласының «жұлдызы» болған Марғұлан Сейсембаев та қазір фермер атаныпты. 90-шы жылдарда кеңінен танылған «Сеймар» сауда белгісінің негізін қалаған Сейсембаев бір кездері атышулы «Альянс банкті» де басқарды. Банктің қаржысы талан-таражға түскен соң   Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, Сейсембаев шетелге қашты. Бірақ, кейін арада келіссөздер жүрген соң  елге оралып, билікпен қарым-қатынас орнатуға шешім қабылдады. Бірнеше жыл бойы банкке байланысты сот процестеріне қатысқан  Сейсембаев ақыры дегеніне жетті.  Үш жылдан бері ол агробизнестегі жобасын іске асыруда. Бизнесменнің бау-бақшасы Алматы облысының Маловодное ауылының маңында орналасқан. 80 гектар жерге алма ағаштарын отырғызды. Сондай-ақ, шие, өрік, шабдалы, жүзім, алхоры, құлпынай да өсіреді. Кейбір дереккөздерге сенсек, Сейсембаев Украинаның ауыл шаруашылығы саласына да қомақты инвестиция тартуда. 

Отандық мұнай саласынан түсетін табыс азайғандықтан ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөлгендердің қатарында Дінмұхаммед Ыдырысов та бар. Қазақстандық «Форбс» тізімінде 11-орында миллионер Ыдырысов қазіргі таңда танымал бизнесмен Алматы облысындағы Айдарлы ауылының маңында интенсивті алма бақтарын өсіруде. Әр гектарынан шамамен 60-65 тонна өнім алынатынын тілге тиек еткен бизнесменнің айтуына қарағанда, агробизнес – Қазақстанға мол табыс бере алатын сала. Тек ол үшін жаңа технологияларды енгізіп, әлемдік үздік тәжірибені қолдану қажет.  

«Форбс» журналының тізімі бойынша еліміздегі ең ықпалды бизнесмендердің елулігіне кіретін Сергей Терещенко әу бастан-ақ ауыл шаруашылыққа көз тіккен. Оның «латифундист» деген лақап атқа ие болуының өзі көп жайтты аңғартады.  Кейбір деректерге сенсек, еліміздің тұңғыш премьер-министрі Терещенконың қарамағында жүз мыңдаған гектар шұрайлы жерлер бар екен. Алайда, ресми түрде бұл деректер расталған жоқ. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Сіздің қарамағыңыздағы жер көлемі қандай?» деген  сұраққа жауап беруден жалтарғанымен, Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы шаруа қожалықтары барын жасырмады. Терещенко бүгінде «Бал-ара» ұлттық омарташылар одағының төрағасы. 

«Форбс» тізімінің бел ортасында жүрген белгілі бизнесмен, меценат Бауыржан Оспановтың да агробизнес саласындағы жобалары бар.  Оған қарасты Zhersu корпорациясы шұғылданатын бағыттарына  Алакөл агрокешені иен «Байсерке Агро» ЖШС жатады. Корпорацияның қарамағында бүгінде 150 мыңнан астам гектар шұрайлы жері бар. 

Оңтүстік те «VIP-диқандардан» кенде емес. Олардың қатарына кезінде облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарып үлгерген   Болатбек Әлиевті  жатқызсақ жарасады. Болатбек Нәжметдинұлы да Кәкімжанов, Сейсембаевтардай бау-бақша бизнесіне кірісіп кетіпті. Сонымен қатар ол «Фейсбуктің» белсенді блогеріне айналды. Сол жазбаларының бірінде «ОҚО-да РЕКОРД. Облыстың тарихында болмаған жетістік. ОҚО-да 120 мың тоннадан астам алма өнімі жиналды, бұл Алматы облысының көрсеткішінен бір жарым есеге артық. Ал үш жылдан кейін өнімділік екі есеге дейін өсуі мүмкін» деп сүйінші сұрады. Дей тұрғанмен, білікті мамандардың тапшылығына налыған ол ауылшарушылық факультетін тәмамдаған жас мамандарды жұмысқа қабылдайтынын, тіпті компания есебінен Мәскеудегі Тимирязев атындағы  ауыл шаруашылығы академиясында оқытып, әйгілі итальяндық фермаларда стажировкадан өткізуге де әзір екенін білдірді. 

Қорыта келе, осының барлығынан мынадай ой түйдік. Шынында да, ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеушіліктер бар секілді. Бұған дейін өзге салаларда табыс тауып келген қалталы азаматтардың осы бағытқа назар аударып, ірі жобаларды іске асыруға белсене кірісуінің өзі бұған дәлел. Демек, ауыл шаруашылығына бизнес ретіндегі көзқарас қалыптаса бастады. Әйткенмен,  «VIP-диқандарға» қарағанда «жәй» диқандарға әлі де қиын болып тұр. Жобаны іске асыру үшін мол қаражат керектігін ескерсек, қарапайым ауыл тұрғындары үшін заман талабына сай бизнесті жүргізу әзірше жүзеге аспайтын арман сияқты. 

Мұрағаттан, 2017 ж

«Алмас қылыштың» мақтайтын тұсы көп
Биологиялық әдіс – табиғи өнімнің кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу