Біз іздеген күйеу бала

Oinet.kz 14-02-2019 1068

aralas-neke.jpg

Ертеде бір қаланың пәк әрі әділ қазысы жалғыз қызын иманды біреуге  тұрмысқа бермек болады. Қызын талай байлар айттырады, бірақ олар қазының көңілінен шыға қоймайды. Бір күні қазы дем алу үшін бау-бақшасына барып жайғасады. Бақша күтушісіне жүзім әкелуін өтінеді. Ол бір шоқ жүзімді жуып, қазыға ұсынады. Қазы жүзімді аузына сала бере, артынан іле-шала жерге түкіріп тастайды да:

- Неге жүзімнің тәттісін алып келмегенсің? – деп сұрайды. Сонда бағбан:

- Қайсы жүзімді әкел десеңіз, соны әкелейін, ал олардың қайсысы тәтті екенін білмеймін.

Қазы таңғалып:

- Екі жылдан бері жүзімдерді өсіріп, баптап келесің. Оның дәмін әлі күнге ажырата алмай жүрсің?

- Сіз мені жұмысқа аларда жүзімдерді күтесің деген едіңіз. Ал дәмін татып тұр деп айтқан жоқсыз. Сондықтан осы уақытқа дейін бір жүзімді де аузыма салып көрген емеспін, - депті.

Таңқалған қазы әйелімен ақылдасып:

- Біз іздеп жүрген күйеу бала алыста емес, дәл біздің шаңырағымыздың астында екен. Қызымызды осы жігітке берейік, - деп, қыздарын адал бағбанға тұрмысқа береді.


Дерккөз: http://www.jastar.kz


Азамат атану қиын ба?
Адыраспан – бел ауруларына ем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу