Онлайн оқыту мектеп асханаларына 1 млрд теңге шығын келтірді
Қазақстанда мектептердің күтпеген жерден қашықтан оқыту форматына көшуі салдарынан оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтып отырған кәсіпкерлер айтарлықтай шығынға ұшыраған. Бұл мәселені Мәжіліс отырысында депутат Екатерина Смолякова көтерді, деп жазады Оinet.kz.

Оның айтуынша, биыл 12 оқу күні онлайн форматта өткен. Соның нәтижесінде бір ғана қалада бюджет шамамен 1 млрд теңге үнемдеген. Алайда дәл осы сома мектеп асханаларын ұйымдастыратын кәсіпкерлер үшін нақты шығынға айналған.
Депутаттың сөзінше, таңғы сағат 8-9-да балаларға тамақ беру үшін ас дайындау жұмыстары таңғы 5-6-да басталады. Азық-түлік алдын ала сатып алынады. Бірақ сабақтың қашықтан өтетіні немесе мүлде тоқтатылатыны туралы хабар кеш жеткен жағдайда, дайын ас пен алынған өнімдер жарамсыз болып, кәсіпкерлерге тікелей шығын әкеледі.
Сонымен қатар кей өңірлерде тегін тамақтандыруға арналған бюджет 170 оқу күніне есептеледі, ал нақты оқу күндері 165-тен аспайды. Бұдан бөлек, тамақтану құны жыл сайын индексацияланбайды немесе экономикалық негізсіз бекітіледі. Осы себепті кейбір кәсіпкерлер прокуратура органдарына жүгінуге мәжбүр болған. Мұндай жайттар Ақтөбе облысы мен Астана қаласында тіркелген.
Мәселені шешу үшін депутат мектептер онлайн форматқа көшкенде немесе төтенше жағдай жарияланған кезде кәсіпкерлердің нақты шығындарын өтеу механизмін енгізуді ұсынды.
Сондай-ақ ол:
- өңірлерде бюджет өтінімдерін нақты қажеттілікке сай қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді;
- ҚҚС-ты негізсіз қосуды болдырмайтын бірыңғай жоспарлау әдістемесін енгізуді;
- мектеп тамағын қаржыландырудың ең төменгі кепілдендірілген құнын республикалық деңгейде белгілеуді;
- тамақ құнын жыл сайын міндетті индексациялауды бақылауға алуды;
- мемлекеттік органдар ұсынатын статистикалық деректердің дұрыстығын тексеріп, бірыңғай есеп беру жүйесін қалыптастыруды ұсынды.


