30 рет пышақтаған: Талғарда күйеуін өлтірді деген күдікпен әйел қамауға алынды
Алматы облысының Талғар қаласында ер адамды аса қатыгездікпен өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оқиға 14 ақпанда болған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адамның денесінен 30-дан астам пышақ жарақаты анықталған. Марқұмның отбасының мүддесін қорғап жүрген адвокат Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, қылмысқа тұрмыстық жанжал себеп болуы мүмкін. Оның сөзінше, ер адамның жұбайы күйеуінің келісімінсіз оның жылқыларын сатып жіберген. Осы әрекетке байланысты марқұм құқық қорғау органдарына арызданған.
Адвокаттың болжамынша, кейін әйел өз анасының көмегімен ұйықтап жатқан күйеуіне шабуыл жасаған болуы ықтимал. Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленушіге көптеген пышақ жарақаты салынған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы — «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды.
Алматы облыстық полиция департаменті мәліметінше, күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


