«Командир зорлады». Жалған ақпарат таратқан адам ұсталды
Әскердегі зорлық-зомбылық туралы әлеуметтік желіде пост жариялаған автордың жеке басы анықталды. Бұл туралы Оinet.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпанда Threads желісінде анонимді жазба жарияланып, автор өзіне әскерде командир тарапынан жыныстық сипаттағы зорлық жасалғанын мәлімдеген. Жазба желіде кең тарап, мыңдаған қаралым мен пікір жинап, қоғамда қызу талқыланған.
Кейін автор парақшасында шетелге көшу және “қауіпсіздік мақсатында” баспана жалдау үшін қаражат жинай бастағанын хабарлаған. Ол түскен қаражат туралы есептер жариялап отырған. Соңғы жазбаларының бірінде 329 230 теңге жиналғанын мәлімдеген.
Қорғаныс министрлігі жүргізілген тексеру барысында жарияланым авторының жеке басы анықталғанын және оның мәлімдеген деректері расталмағанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, құзырлы органдар жан-жақты тексеру жүргізіп, жазбада келтірілген мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтаған.
“Аталған оқиға шындыққа жанаспайды және Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарындағы әскери қызметті қаралау мақсатында әдейі таратылған”, – делінген министрлік жауабында.
Министрлік материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданғанын атап өтті.
Сондай-ақ ведомство әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратудан бас тартуға және ресми дереккөздерге сенуге шақырды.


