Әншілер жаңа заңға шағымданды
Қазақстанда енді Мәдениет министрлігі мен жергілікті әкімдіктер әншілердің, соның ішінде шетелдік әртістердің гастрольдері мен репертуарын бақылауға алады. Бұл туралы Оinet.kz порталы Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа талапқа сәйкес, концерттерде орындалатын әндер заң мен мораль нормаларына сай тексеріледі. Зорлық-зомбылықты, соғысты, араздықты насихаттайтын, сондай-ақ есірткі мен порнографияны дәріптейтін шығармаларды орындауға тыйым салынады. Егер мұндай мазмұн анықталса, мәтінді өзгерту ұсынылады.
Музыканттар бұл бастама шығармашылық еркіндікке кері әсер етуі мүмкін деп алаңдаулы.
“Кез келген шектеу өз алдына жаман. Егер ондай шара енгізілсе де, оны өте мұқият жасау керек. Оны кім және қалай бақылайтынын нақты түсіну қажет. Әсіресе танымал әртіске "мына әнді айтасың, мынаны айтпайсың" деп талап қою дұрыс емес”, – деді "Фонограф" тобының солисі әрі гитарисі Мақсат Рысимбетов.
Өзгерістер шетелдік әртістерге де қатысты болмақ. Концерт ұйымдастыру үшін олар да әкімдіктермен келісімшарт жасасуға міндетті. Құжатта орындаушылардың міндеттемелері, оның ішінде орындалатын шығармалардың мазмұнына қойылатын талаптар көрсетіледі.
Сарапшылар нақты әрі ашық критерийлер болмаған жағдайда бұл нормалар теріс пайдаланылуы мүмкін екенін ескертеді.
“Мұндай заңдарды қабылдамас бұрын, оның аясында нені түсінуге болатынын нақты әрі түсінікті тізім жасап алу керек. Қазір ондай айқын түсінік жоқ. Егер шешімді жекелеген шенеуніктер қабылдайтын болса, бәрі субъективті көзқарасқа тәуелді болады. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелі. Соның салдарынан концерттер саны азайып, түрлі тыйымдар пайда болуы мүмкін”, – деді адвокат Евгений Яворский.
Музыканттар белгілі бір алаңдардағы шектеулер кейін жалпы шығармашылықта кейбір сөздер мен тіркестерді қолдануға да әсер етуі мүмкін екенін айтады. Бұл жаңа хиттердің дүниеге келуіне кері ықпал етуі ықтимал.
Заң 20 сәуірден бастап күшіне енеді.


