Жағы сынған сарбаз Gorilla әпермегені үшін соққыға жығылған

Oinet.kz 24-02-2026

Отар ауылындағы әскери бөлімде жағы сынған мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты жаңа деректер жария болды, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Жәбірленушінің әкесі журналист Руслан Өтепбайқа берген сұхбатында оқиғаның Gorilla энергетикалық сусыны мен темекі әперу талабынан басталғанын айтты. Оның сөзінше, сарбаз «ақшам жоқ» деп бас тартқаннан кейін, оны спортзалға апарып, бірнеше адам жабылып соққыға жыққан.

Әкесінің айтуынша, ұлына қолмен ғана емес, темір затпен де соққы жасалған. Соның салдарынан оның жақ сүйегі сынған.

Жарақат алған сарбаз Алматыдағы №5 қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған. Алайда ата-анасына бұл туралы бірден хабар берілмеген. Операциядан кейін сарбаз әскери госпитальге емес, екі аптаға жуық уақыт жалдамалы пәтерде ұсталғаны айтылып отыр.

Туыстарының мәліметінше, осы кезеңде сарбаздың психологиялық жағдайы күрт нашарлаған. Тіпті ол өзіне қол жұмсамақ болған. Абырой болғанда, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болған. Қазір сарбаз Алматы қаласындағы әскери госпитальде ем алып жатыр.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижесінде әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды.

Іс бойынша тексеру жалғасуда. Жәбірленуші тарап кінәлілердің қатаң жауапқа тартылуын талап етуде.

Еттің бағасы 10-12 мың болуы тиіс - Министр түсініктеме берді
Спорт журналисі Шайдоровқа берілетін сыйақыны спортты дамытуға жұмсау керектігін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу