Қазанғап ақынды танытқан қазақ
Сұлтанқұл көке екеуміз мен «Төле би туы» газетінде істеп жүрген кезде таныстық. Жалпы, елге, ауылға, туған өлкеге кімнің, қалай жанашырлық танытатынын газетте істеп жүрсең жақсы білесің. Редакциямызға жиі келіп, қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғап, әсіресе ұрпақ тәрбиесі, ауылдың жағдайы мен өнерге деген қамқорлық мәселесін көтергендердің арасында Сұлтекең ерекше көзге түсетін. Ұзынарық ауылындағы қарашаңырағына талай мәрте барып, бір дастарқан басында түн ортасына дейін сырласқанбыз. Оны ұстаздар қауымымен қатар журналистердің де өзіне жақын тартатыны содан.
Жалпы, әр ауылда істің ыңғайын жетік білетін, тентегін тезге салатын ақылшы қария, қиналғанды сүйемелдеп, жылағанды жұбататын данагөй жандар болады. Ұзынарық ауылының тұрғындары Сұлтанқұл Сәметұлын осындай азамат ретінде таниды. Ол ең алдымен өнегелі, білімді ұрпақ тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, есімі елге белгілі болған ақын, әрі сазгер. Өмірден озғанынша ел ағасы болып, Қоғалы ауылдық округі ғана емес, бүкіл ауданның қоғамдық, мәдени өміріне белсене араласты.
Сұлтанқұл Сәметұлы шығармашылық ізденістерімен, адами қасиеттерімен өзінше жаратылған атпал азамат еді. Тірі болғанда биыл сексен жасқа келер еді. Сұлтекеңсіз өткен он бір жыл сынаптай сырғып өте шыққанымен, көпке қорған болған ел ағасының есімі өшпейді. Себебі, оның артында қалған игі істері мен мол мұрасы келер ұрпаққа өнеге боларлықтай дүние. Сөзі мен ісі де, атқарған жұмысы да, ауылдың көркеюіне сіңірген еңбегі мен жасаған жақсылығы елеусіз қалмады.
Ол – еліне шынайы жанашырлық танытқан, әрдайым белсенділігімен көзге түскен азамат. Мұның дәлелі - өмірінің соңғы күндеріне дейін түрлі шараларға қатысып, көпшілікті тәнті ете білді. Аудандық газет бетінде сонау кеңес дәуірінен бастап жазба ақындардың айтысы ұйымдастырылып тұратын. Сұлтанқұл Сәметұлы бұл айтыстардың бәріне белсене атсалысып, облыс ақындары айтысында да талай рет аудан намысын қорғап жүрді. Жазба ақындар айтысының дамуына, көркемдік деңгейінің көтерілуіне зор үлес қосқан ол өзіндік қолтаңбасымен дараланып, қайталанбас өрнегімен өзге ақындарға үлгі болды.
2005 жылы Сұлтекең осындай сайыста өзінің туған ауылы Қоғалының намысын қорғады. Жыр додасының қорытындысы бойынша қазылар бас жүлдені Сұлтанқұл Сәметұлына беру жөнінде бірауыздан ұйғарымға келеді. Бірақ, бұл кезде Сұлтекең мәңгілік сапарына аттанып кеткен еді. Мәртебелі сыйлық оның отбасына тапсырылды. Жұмыстан бос кездері шығармашылық істермен шұғылданып, мол табыстарға жетіп, зор абыройға ие болды. Облыс көлемінде өткізілген «Тілге құрмет- елге құрмет» байқауында жүлделі орынға ие болды. «Қазақстан-Шымкент» телерадиокомпаниясы өткізіп жүрген «Үкілім-ай» ән байқауында 3 рет қатысып дипломдармен марапатталып жүрді. Аудан көлемінде өткізілген «Ғажайып қоржын» телесайысында да бас жүлде алып, өзінінің білімділігі мен жан-жақтылығын таныта білді.
Ол шығармашылығындағы басты жаңалықтарын ең әуелі журналистермен бөлісетін. Қазасынан бір айдай ғана бұрын аудандық газет редакциясына барып, Қазақстан Журналистер одағына мүшелік куәлігін бас редактор Әбдімәлік Рахманқұловтың қолынан салтанатты жағдайда алған еді. Ең қуаныштысы сол, Сұлтекең өз өлеңдерін де, әні мен сөзін жазған туындыларын да жеке жинақ етіп шығара білді. Сол кітаптары баспадан жарық көргенде ең алдымен редакцияға соғып, қуанышына ортақ болған қаламдастарына тарту етіп кететін.
Ұзынарық ауылында 1936 жылы дүниеге келген Сұлтанқұл Сәметұлының балалық шағы нәубет жылдарымен тұспа тұс келген. Таршылық пен тапшылықтың қамытын киіп, көптеген қиындықтарды басынан асырса да аяулы анасы Сұлухан төрт перзентін мәпелеп өсірді. Оның басты арманы – барлығына білім беріп, аяғына тұрғызу болды. Әсіресе үлкен ұлы Сұлтанқұлға мол үміт артты. Білім алса, елге қызмет етіп, абыройлы азамат атанса деген тілегі орындалды да. Ана үмітін ақтап, зеректігі мен талапшылдығының арқасында Сұлтанқұл жоғары оқу орнына түсті.
Жас Сұлтанқұлдың басты арманы – білім беру, ағартушылық саласында қызмет ету еді. Себебі, оның түсінігінде ұстаздық – адмның қолынан келетін ең қасиетті мамандық. Шымкент педагогикалық институтын ойдағыдай аяқтаған ол 1961 жылы отау құрды. Жұбайы да өзі сияқты педагог.
Ұстаздық жолы – ұлағатты жол. Сұлтанқұл көкеміздің өмірі осыны қай жағынан да дәлелдейді. Аудандағы білім саласын дамыту жолында аянбай тер төккен Сұлтанқұл Сәметұлы балаларға білім беріп, тәрбиелеудің тың жолдарын іздеді. Мұғалімдер үшін әдістемелер мен жаңалықтар ойлап тауып, оларды аудан мұғалімдеріне тарататын. Төле би ауданында тұңғыш рет мектеп базасында әдеби-өлкетану мұражайын ашқан да осы азамат. Сол еңбегі кезінде аса жоғары бағаланып, Ленинград қаласын аралауға жолдама да берілген болатын. Мұндай мәртебені бірлі-жарым мұғалімдер ғана иеленді.
Газет-журналдарда қызмет етпесе де, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда түрлі тақырыпта мақалалар жариялап келді. Мектепте балаларға сабақ бере жүріп, журналистік жанрдың қыры мен сырын терең меңгере білгендігін, қаламының желі барын таныта білді. Еңбегі елеусіз қалған жоқ, Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Төле би ауданының Құрметті азаматы атанды. Сонымен бірге аудандық, облыстық білім бөлімдерінің, қала берді КСРО Оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Ұстаздыққа арнаған 40 жылда мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарған Сұлтанқұл Сәметұлы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі», ауданда бірінші болып «Ы.Алтынсарин» алтын медалінің иегері атанды. Қашан да мейірімді, жүзінен шапағат пен шуақ төгіліп тұратын ол соңынан бір ауыз жаман сөз ілестірмеген жан еді. Табиғатынан тәубешіл, сабырлы қалпынан, салмақты сөзінен жаңылған кезі болған емес. Содан да болар, тек ұстаздар қауымы емес, аудан көлеміндегі ең сыйлы азаматтардың қатарына қосылды. Оның басқаруында ауыл мектебі Төле бидің үздік білім ұяларының біріне айналды. Жұбайы Қалдыгүлмен бірге 9 ұл-қыз тәрбиелеп, барлығының жоғары білім алуына жағдай жасады. Қазір Сұлтекеңнің перзенттерінің барлығы абыройлы қызмет атқарып, елдің дамуына лайықты үлесін қосып жүр.
Сұлтанқұл Сәметұлы соңынан мол мұра қалдырды. Ол - 200-ге жуық әндердің авторы. «Қос арна» , «Ұлым, саған айтам», «Тәуелсіздік таңы», «Ғашық боп өтеміз», «Қоңырау» атты өлеңдер мен әндер жинақтарын кітап етіп шығарды. Одақтық «Народное образование» журналында суреті мен тәжірибесі жарияланған. Бүгінгі таңда әндерін мектеп оқушылары мен ауыл өнерпаздары орындап , түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Әлі де жарық көрмеген өлеңдері мен поэмалары сақтаулы.
Осы ретте Сұлтекеңнің ақиық ақын Қазанғап Байболовтың есімін жаңғыртып, кеңінен насихатталуына қосқан зор үлесін атап өтпеске болмайды. Ұзынарық ауылының тумасы Қазанғап Дәулетбекұлы ақындық пен жыр¬шылықты қатар үйлестіре білген жан, онымен қоса тарихшы, ше¬жіре¬ші еді. Қазанғап Байболов «Еңсегей бойлы ер Есім», «Төле бидің тарихы», "Орқа - Күлше" дастаны «Қарсыбай батыр» секілді көптеген тарихи дастандардың авторы. Араб, парсы, шағатай, тілдерін жетік білген ол бірнеше сүбелі еңбектерді қазақ тіліне аударған. Оның 1943 жылы Сыр саңлағы Нартаймен өткізген сөз сайысы, ондағы қос ақынның тай¬палған жорғадай төгілген жыр жолдары қазақ поэзиясының алтын қорына кіреді. Басқа ақындар сияқты, Қазанғап та сол кездегі өмір шындығын жыр еткен. Коммунистер тарапынан «діншіл», «алашордашыл» деген айыптаулар тағылып, соның кесірінен шығармашылығы өз дәрежесінде бағаланбады.
Аласапыран уақыттарда елден ерек шығып, өзін бүкіл республикаға таныта білген халық ақыны Қазанғап Байболовтың есімін жаңғыртуға дәл осы Сұлтекең зор үлес қосты. Оған мына жайт түрткі болған екен. 1982 жылы Сұлтекең Қызылорда қаласына барып, атақты ақын Асқар Тоқмағамбетовпен кездеседі. Өзінің Қазанғап ақынның ауылынан екендігін айтқанда, ол кісі қуанып, « Пәлі, мен ол кісінің үйінде бірнеше рет болғанмын, ауылдың басында үлкен сайдың қасында тұрушы еді ғой. Өте талантты ақын еді. Сіздерде Орынбай мен Қазанғап қозғалмай жатыр» деген екен. Сұлтекең ақиық ақын жайында бұрын да ойланып жүрген. Ал Тоқмағамбетовтің бұл сөзінен кейін нақты іске кірісті. Әуелі Қазанғаптың құрметіне мұражай ашу ісін қолға алды. Түрлі кітапханалар мен мұрағаттарға барып, айтулы ақынға қатысты дерек іздеді. Қазанғаптың көптеген шығармаларын тауып, жарыққа шығарды. Ақын бейітінің басына ескерткіш белгі қоюға да әрекеттенді. Бұл оңайға соққан жоқ. Алайда, сол кездегі аудан басшыларымен айтысып жүріп, осы жұмыстарды ақырына дейін жеткізді. Сондай-ақ, Ұзынарық орта мектебіне Қазанғап Байболовтың есімін бергізді. Осындай қажырлы еңбектің арқасында көпшілік Ұзынарықтан шыққан талантты ақынның мол мұрасымен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Тектінің тұяғы Сұлтекеңнен қазір бір қауым ел болатын әулет - 32 немере, 9 шөбере тарап отыр. Жарты ғасырлық ұстаздық қызметінде замандастарына, ауылдастарына, ұрпақтарына қалдырған ізі – мәңгілік! Ғұмыры ғибрат пен өнегеге толы азамат - Сұлтанқұл Сәметұлының есімін ел ұмытпайды. Өйт¬кені, абыройлы азаматтың ерен еңбегін шы¬найы ықыла¬сы¬мен құрмет тұтатын ізбасарлары мен шәкірттері, рухына Құран бағыштайтын ұлағатты ұрпағы бар.
Ғалымжан Қамытбекұлы,
«Рейтинг» газеті №42, 3 қараша 2016 жыл