Кәнсіл. Байкот. Кибербуллинг: Қоғам әділетсіздікке қарсы ма?
Соңғы жылдары елімізде ақпараттық соғыстар, мәдени өзгерістер, ұжымдық әрекеттерге байланысты қоғамның көзқарасы өзгеріп келе жатқаны байқалады.
Бүгінде белең алған қауіпті-қауіпсіз тенденцияларды ел болып әрі қарай дамыту немесе бірігіп бұғаттау шараларын өздеріңіз де көріп жүрсеңіздер керек. Ұлардай шулап, қызу талқыға түскен тақырыптардан басымызды бұғып қалу, өз үнімізді естіртуден қорқу – өзіміз үшін қауіпті екенін сезініп келеміз. Біз билікке ашық пікір білдіру, яғни оппозиция туралы емес, айналамызда болып жатқан әрекеттерге ашықтық туралы айтып отырмыз. Мәселен, қарапайым ғана отбасылық зорлық-зомбылық, бала құқығы, қазақ тілінің мәртебесі, айналамыздың тазалығы сынды мәселелерге қатысты дұрыс пікір қалыптастыра алу, оны ортаға салу – үлкен мәселелердің алдын алудың бірден-бір жолы екенін сезіне бастадық.
Мәселен, марқұм Салтанат Нүкенованың күйеуінің қолынан қаза табуы тұтас әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға терең мән беруіміз үшін – инициатор болды деуге болады. Жаңа заңның қабылдануына, зорлыққа көнбеуге, өз құқығымызды қорғауға, адами құнымызды түйсінуге әсер етті. Аталған оқиғадан соң ақпарат беттерінде осы тектес жайттардың көбі ашық талқылана бастады. Оның бәрін тізбектеп отырғанның мәні жоқ. Соңғы жағдайға ғана тоқталып, Қазақстандағы «кәнсіл» мәдениеті туралы тарқатып өтейік.
Жақында ғана сүйіктісін лифтіден жұлқылап алып шығып, қол көтергені үшін белгілі актер Шәріп Серік 5 күнге қамауға алынған болатын. Бұл жағдай актер мен жәбір көрген Алия Ботееваға ғана емес, еліміздегі «кәнсіл» мәдениетінің деңгейін өлшеуге де себеп болды.
Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Желі қолданушылары актердің әрекетін сынға алып, оны бойкоттауға шақырды. Осының нәтижесінде Sәlem Entertainment компаниясы Шәріп Серікпен барлық әріптестік қарым-қатынасын тоқтатып, оны «қара тізімге» енгізді. Компанияның бұл шешімі актердің қатысуымен жоспарланған жобалардың тоқтатылуына және жобалардан шеттетілуіне әкелді. Мысалы, жақында үлкен экранға шығатын «Патруль» фильміндегі актердің түскен сахналары қиылды. Сонымен қатар Topcars компаниясы да актермен серіктестігін бұзғанын жариялады. Кейін Шәріп Серік өзінің парақшасында кінәсін мойындап видеоүндеу жариялады және сот шешімімен бес тәулікке қамауға алынды.
Бұл оқиға Қазақстанда «кәнсіл» мәдениетінің бар екенін және оның танымал тұлғалардың мансабына әсер ете бастағанын көрсетті.
Ендеше осы «кәнсіл» дегеннің не екеніне тоқталып өтейік. Кәнсіл – ағыл. сancel – жою, болдырмау мағынасын береді. Яғни, сancel мәдениеті — әлеуметтік желілер мен интернеттің дамуы нәтижесінде пайда болған, адамдардың белгілі бір тұлғаларға, ұйымдарға немесе идеяларға қарсы тұру, сын айту мен оларды қоғамдық сипатта «жою» концепциясы. Немесе өзімізге түсінікті тілмен белгілі бір обьектіге байкот жариялау.
Жоғарыда аталған Шәріп Серікті қоғамнан оқшаулау, карьерасын жалғастыруына қоғам болып қарсы тұру – көпшіліктің жалғызға көрсеткен кибербуллингі іспетті көрінуі мүмкін. Осы тұрғыда актердің жеке отбасылық өміріне қол сұғу дұрыс емес екенін айтып жатқан тарап та баршылық. Кәнсіл процесінде айыптаушы және айыпталушы екі тараптың болуы заңды. Алайда егер айыптаушы тараптан қорқыту, кемсіту, провокациялық әрекеттер байқалатын болса, кәнсіл мен кибербуллинг арасындағы шекара жоғала бастайды.
Алғашқылардың бірі болып актерді кәнсілдеуге шақырған қоғам белсендісі, маркетолог Роза Әшірбаева болатын.
«Желі қолданушылары ішіп көлікке отырған, баласын ұрған, бөтен қыздарға интимді мүшесінің суретін жіберген, балағаттаған, сыйламаған, әйелді ұрған танымал адамдарды, өкінішке қарай, кешіріп жүре береді. Кейбіреулері «Ер жігіттің басына не келмейді?», «Әр қиындықтың артында жеңілдік бар» деген сабырға шақыратын әдемі сөздердің қадірін кетіріп, мәдениетсіз, тәрбиесіз, қатыгез адамдарды қолдау үшін жазып жатады. Кәнсіл мәдениеті біздің елде даму керек деп есептеймін. Неге? Медиасалада танымал адамдардың көрсетіп жатқан өрескел қылықтарына көз жұмсақ, өмірде де тәрбиесіздікке, құрметсіздікке, зорлыққа көз жұмуды жалғастыра береміз деген сөз», – деп жазды Р.Әшірбаева.
Коучер кәнсілге ұшыраған адамның, қоғам алдында беделін қайта қайтаруға мүмкіндігі бар екенін де айтып өтті. Жазуынша актер әрекетінің дұрыс емес екенін мойындап, есімін ақтап алғысы келсе, зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділігін арттырып, дағдарыс орталығындағы әйелдерге көмектесуі керек.
Ал «cancel» термині қайдан шықты дейтін болсаңыз, 1981 жылы Chic тобының «Your Love Is Cancelled» әнінде «cancel» сөзі қарым-қатынасты тоқтату мағынасында қолданылған. 1991 жылы «New Jack City» фильмінде басты кейіпкер қарым-қатынасты үзу үшін «cancel» сөзін қолданады. Ал 2010 жылдардың ортасында «Black Twitter» деп аталатын афроамерикалық қауымдастықтарда «canceling» термині белгілі бір тұлғаның жағымсыз әрекеттері үшін оны бойкоттау немесе қолдаудан бас тарту мағынасында қолданыла бастады. Бұл үрдіс уақыт өте келе кең таралып, 2017 жылдары «cancel culture» термині жалпыға ортақ қолданысқа енді.
Яғни, қазіргі таңда кәнсілдің мақсаты – белгілі бір тұлғаны, ұйымды түбегейлі жоқ қылып, өш алу емес, болып жатқан, болуы ықтимал зорлық-зомбылықтардың алдын алу. Осыған байланысты құқық қорғаушы, феминист Әйгерім Құсайынқызы өз парақшасында жазба жариялады.
«Гендерлік зорлық – жеке жағдай емес, бұл қоғамдық дерт. Ал оны жасаған адам «сүйікті әнші», «классик жазушы» не «көсем» болса да, жауаптан қашпауы керек. Әрбір «ол ондай емес қой», «ол тек қатты кетті», «жеке өмірі ғой» деген сөз – зорлықты нормализациялау. Біз кәнсілдейміз, себебі: әйелдердің қауіпсіздігі комфорттан маңызды, танымалдық зорлық үшін иммунитет емес, жаңа ұрпақ зорлық жасаушыларға құрметпен қарамауы керек. Кәнсіл – карьераны құлату емес. Бұл қоғамның «енді жоқ» деген белгісі. Қазақстанда кәнсілге ұшыраған бірде-бір еркекті есіме түсіре алмай отырмын. Бұл менің жадымның әлсіздігі ме, әлде бұл біздің қоғамның зорлықшыларға тым кешірімді болуы ма? Бәлкім, бұл – ұжымдық амнезия. Кеше ғана ел алдында жүріп, ар-ұятты таптаған, бір әйелдің емес, бүтін бір ұрпақтың үмітін жаншыған адамдар бүгін қайтадан марапат алып жүр. Әйелін ұрғаны үшін еш әшкереленбеді. Мен ұмытып қалған жоқпын. Сен де ұмытпа. Бұл – есте сақтау мәдениетін қайта оятудың сәті. Өйткені қандай қоғам ұмытшақ болса, соншалық залымға мейірімді. Ал әділетсіздік дәл осы жерден басталады», – деп жазды ол.
Иә, қоғам болып әділетсіздікке қарсы тұру, жәбірленушіге жанашырлық таныту, жазықты жанның жазадан сытылып кетпеуін қадағалау – ендігі әділетсіздіктердің болмауына едәуір әсер етеді.
Мәселен, «қазақша сөйлеуді» талап еткен курьерді жұмыстан шығарғаны үшін қоғам «Магнум» дүкендер желісіне жаппай байкот жариялай бастады. Мен де қазақ тілінің мәртебесін биіктетуді, өз елімізде өз тіліміз қысым көрмегенін қалаймын. Алайда, «Магнум» дүкендер желісіне жасалып жатқан байкотқа байланысты екіұшты ойда жүрмін. Клиенттің сөзіне сенсек, курьердің біреудің үйіне барып тұрып, әлдене талап етуге, жеуге хақысы жоқ. Курьердің сөзіне сенсек, «қазақша сөйлей берсеңізші» деп жеңіл ғана айтқан екен.
Қалай болғанда да қуанарлық жағдай: қазақ қоғамы қазақ тілінің мәртебесін қорғау үшін коллективті әрекет ете бастады. Көпшілік осылайша байкот жариялау немесе кәнсілдеу арқылы ең басты капитал адамның ғана емес, рухани құндылық тілдің де әділетсіздікке төзуінен сақтап қала алады.
Алайда, жоғарыда айтқанымыздай белгілі бір тарапты кәнсілдейміз деп, кибербуллинг көрсетіп алмақ керек. Себебі, кәнсілдеу жазықтыға жапа шектіруді көздемейді. Әрекетінің дұрыс болмағанын мойындауды, оған өкініш білдіріп, келесіде қайталамауын талап етеді. Ал мақсатсыз кибербуллинг белгілі бір тұлғаның өз-өзіне қол жұмсауына дейін жеткізіп жатады.
Сол үшін кез келген жағдайда оқыған ақпараттың шынайылығына көз жеткізбеу, оған байланысты пікірді сауатты жеткізе алмау, эмоцияға ерік беру, әсіресілтеудің салдары әділ шешімнен алыс нүктеде аяқталуы мүмкін екенін ескерген жөн.
Сезім МЕРГЕНБАЙ