Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Мұкым түріктің атамекені — Алтайдың күйшілігі осы күйшілік дәстүрлі аймақтық деп айдарлап жүрген барша күйшілік мектептің бастау-бұлағы екені ақихи шындық, тек күй ғана емес, әлі күнге дейін басқа да тарихи-даму мәдениетіміздің ата шежиресі тап сол топырақта көмулі жатыр. Қазіргі қазақ музыкасы арғы сарынын Алтайдан іздейді, домбыра өнері де әлдеқалай шертісінен жаңыла бастаса (оңдай кезендері болғанын жасырып қайтпекпіз?) Алтай жаққа қарап құлақ күйін түзеп отырады.
Күй атасы — Коркыт, күйшінің тіпірі — Кетбүғы. Осылардың аруағы қолдаған жанға күй қонады. Қазақта не күйші өтпеді. Абылайды күймен жұбатқан — Байжігіт батыр, қазакпен қалмақта күйшіліктің жолын салған — Қызыл мойын Қуандық абыз, күйімен Сарыарқаньң ұранын жырлаған — Тәттімбет сері, дау түйінін күймен шешкен — Бейсенбі би, бір күйі бір қаралық болған — Тоқа шешен, күйімен жылқыны жылатып, түйені иіткен Сүгір әулие.
Әр заманнын, өз серісі болады. Ұлылардан қалған күйдің көшін жалғастырған. Әбікен, Мағауия, Төлеген, Генерал, Уәли, Тайыр сияқты қазақтын дарындары шертпе күйдің небір жауһарын келешек ұрпағына қалдырып кетті. Осылардың көзін көріп батасын алған қызіргі күйшілеріміз де көсем шертіспен топ жарып жүр, сондай тауталант азаматтарымыздың бірегейі – Таңғыттың Мұқашы.
Мұқаштың күйі ерен әрі табиғи, ол дала консерваториясының түлегі, солай бола тұра қазіргі нотамен қаруланған біз сықылды жігіттерге есе бермейді, күйдің ішіне түсіп тартуды меңгерген, оның үстіне жүрегіне қонақтаған сезімін жырлай алатын қоңыр сазгерлігі тағы бар. Мұқаштың шертпесінде өзінің алдындағы ағалары – Мағауия, Уәли, Төлегендерде ғана кездесетін ақылмен алып болмайтын сұңғыла сыршылдық бар. Ал орындаушылық шеберлігі өзгеге еліктеуден мүлде ада, күйшілік-сазгерлік өнері осы замандық әуез бола тұра мәнері жағынан өзінің Іле-Трбағатайлық топырағына тартады да тұрады.
Мұқаштың күйлерін алғаш 2006 жылы тыңдадым. Ол Алматыдағы «Күй керуен-Көктебе» фестиваліне шақырылған еді. Дарынды күйші Шығыс Казақстандық шертпенің төлтума дауысымен тыңдаушьшарды таң-тамаша қалдырды. Кейіннен аты елғе тез арада танылып кеткен Мұқаш өз күйлерімен де көпшіліктің сүйікті домбырашысына айналды. Оның күйлері көркемдік дәрежесінің биік деңгейлі болуына байланысты домбыраның кәсіби оқытылу бағдарламасына бірден енді, ірілі-ұсақты конкурстар мен байқауларда. Мұқаш күйлері ерекше жарқылмен тартыла бастады. Кейбір күйлерінің ноталық нұсқасын жазу бейнеті маған бұйрырылды, «Шалқыма күйін» сахнада орындап та жүрдім, осылайша арамызда шығармашылық байланыс орнады. Бұрын Арқа мен Қаратаудың күйлерін біршама тартып жүргенмен Алтай күйшілігіне келгенде шынын айту керек, үнім шықпай қалушы еді. Осы орайда Шығыстың әсемқоңыр шертпелерінің сырын түсінуіме Мұқаштың тікелей себепкер болғанын дипломы бар домбырашы болсам да айтудан арланбаймын.
Әрине, Алтай-Тарбағатай өңірінің күйлері Кеңес тұсында тартылмады деп айта алмаймыз. Бағаналы Саятөлеков, Уәяи Бекенов, Жарқын Шәкәрім, Ғабылхақ Барлықов, Таласбек Әсемқұлов, Секен Тұрысбеков сияқты арқалы да арынды күйшілеріміз небір күйлерді салтанатымен шертіп ел игілігіне айналдырды. Алайда тұтас мектептің – Ұлық мектептің мүлкін түгендеу ісінің сәті ел егемендігін алғаннан кейін ғана қолға алынды. Дарынды күйші Төлеген Момбековтің шәкірті – профессор Біләл Ысқақов «Шыңжан қазақтарының рухани мәдениет үлгілері» сериясымен «Алтай-Тарбағатай өнірінің домбыра күйлері» атты екі томдық кітапты биыл ғана жарыққа шығарды. Бұл кітап осының алдындағы Уәли ағамыздың «Шертпе күй шеберлері», «Күй табиғаты» атты еңбектерінің абыройлы жалғасы болды. Шекараның арғы жағынан дыбысы атажұртқа әупіріммен естілген Әшім, Тайыр, Дәулет, Кәсімбай, Камал сынды күй тарландарының тарту мектебі елге Мүқаштайын саңлақтың саусағы аркылы жеткені де сүйіндіреді. Мұқаш Астананың төріңде жеке концертін өткізді. Күйсүйер кауым мен мәдениеттану саласында еңбек етіп жүрген отандық ғалымдарымыз алдында өнерімен өз бағасын алды, халықтың танымал күйшісі атанды.
Қазіргі кезде күйдің насихаты «Мәңгілік сарын», «Күй-керуен», «Астана арқауы» сияқты ауқымды жобалардың іске асып жатқанына, сонымен қатар республикалық радио-телеарнадан берілетін концерттердің молдағына қарамастан көңілді көншітпейді. Күйшілердің шығармашылығымен тұрмыс жағайы төмен, концерттік қайраткерлікке сұраныс жоқ филармонияларда бұрынғыдай дәстүрлі күйшілерді жұмысқа алу зәру мәселе болып табылмайды. Бір өзі бір күйшілік мектептің жүгін арқалаған Мұқаш Таңғытұлы сияқты дарынға елім деп келгенде, өнерін қаузайтындай салада жұмыс таба алмауы қазаққа сын болатын салғырттық-ау...
Мұқаштың күйлері қазақы қосбасарлардың аңысымен аяндайды, сөйтсе де бұрын-сонды қолданыста болмаған техникалық ерекшеліктері еріксіз назар аудартады, композициялық құрылымы да ұтымды, қай күйі болмасын тындаушының құлағынан кетпей тұрып алады. Осыған қарағанда Мұқаш туындыларының болашағы алысқа баратынын барлау қиын емес. Домбырадағы кәсіби техникалық мүмкіндіктерді жетілдіру барысындағы Мұқаштың қолданып жүрген тәсілдері, саусақты басар әдіс пен қағыс амалдары орындаушылықтың жаңалықтары екені даусыз. Төкпе күйдегі қағыстар мен шертпедегі ішекті саумалдай ызу әдістері Мұқаштың домбыра аспабына қосқан еншісі екенін осы күні күйтанушы қауым түтел мойндап отыр.
Күйшілердің арасында өзінің дархан мінезімен сыйлы болған Мұқаш алдыңғы буын – Қаршыға, Мұхаметжан, Дәулетбек, Пазыл, Шәміл сияқты күйші ағаларына ізетті іні , Сәрсенғали, Саян, Мұрат, Ардаби, Нұрғаным, Ақжусан сияқты жас дарындарға арқа сүйер аға бола білді, ал менімен туыс-бауырдай араласып кетті. Күйшілік өнер жарықтықтың кейде салыстырмалы қасиеті болады, осындайда өз домбырашылығымның осал еместігі елге аян екенін міселей отырып Мұқаштың репертуарындағы күйлерді де шертетінім бар. Шынын айту парыз, шендесе алмай жүргенімді мойындауға мәжбүрмін.
Аузы дуалы Ақселеу ағамыз «Қазақтың күй әуені Алтайда туған, түбі Алтайлық мақамына қайта оралады» деп отырушы еді. Сөздің төркін-түбірі талдауды керексінбейді, түркілік саздың мәңгі тұғырлы болатынын және оның уақытқа бағынбайтынын тұспалдағаны ғой. Сөз арасында өз әуезінен өзі жеріп, отаршылдардың мәдениетін артық көрген көр заманға айтқан нәлеті де бар. Тәңірдің несібі мол, осы күні Алтайдың күйі мен әні қазақтың даласын думанға бөлеп тұр, осыны көтеріп алатын ұрпақ иықты болсын деп тілеңіз. Мұқаш қазіргі уақытта күй парасатын сақтап жүрген сирек жігіттердің бірі, оның күйлері егеменді жұрттың ерлігін жырлайды, оның кеудесінде атажұртына деген бітпейтін махаббат бар. Мұқаштың күйі тас жүректі де шеменнен тазарта алатын құдіретке ие, бұл артық-ауыс айтылған әңгіме емес.
Жанғали Жүзбай,
Күйші, ҚР еңбек сінірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Университінің домбыра кафедрасының менгерушісі