«Құлдың деңгейіне түсіп кеттік, ал құлдан ұлтқа айналу өте қиын»: Елдос Тоқтарбай
Қуғын-сүргін, қысым, соғыс және жоқшылық! Өткен ғасырда қазақ елі түрлі қиындықты бастан өткерді. Әсіресе, ашаршылық жылдары халық қаңғып, жұрт жұтады. Сол бір нәубет кезеңдегі жантүршігерлік жайттарды белгілі алаштанушы-ғалым әрі жазушы Елдос Тоқтарбай бүкпесіз айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпараттық сайтына бергне сұқбатына сілтеме жасап.
"Біздің тарихымызда ашаршылық, нәубәт деген нәрселер өте көп болған. Ашаршылық дегенде 1931 жылдағы ашаршылық қана көптің есіне түсіп жатады. Негізі біздегі ашаршылық 1917 жылдан басталған. Одан кейін 1921 жылғы Лениннің "Ет және сүт" деген декреті, жарлығы шығады. Одан кейін жүз жыл болып отырған 1922 жылдағы ашаршылық бар. Өте қиын ашаршылық. Әсіресе, біздің солтүстік аймақтағы Қостанай, Ырғыз, Құсмұрын, Атбасар, Ақмола, Қызылжар және Кереку аймақтарында болған ашаршылық. Содан кейін үлкен жұт ретінде қолдан жасалған Голощекиннің саясатында жүзеге асқан 1931-1933 жылдардағы ашаршылық. Голощекиннің "Аша тұяқ қалмасын" деген қаулысы шыққаннан кейін қазақ даласында ашаршылық басталды. Әсіресе, осы ашаршылық кезінде қазақ қырылып жатқан кезде норманы орындап, "біз осындай нәрсені істедік" деп, ең қиыны кәдімгі қазақтан шыққан коммунистер Сталинге хат жазып "Еңбек қызыл ту" орденін және медаль, марапат сұраған. Оның ішінде Елтай Ерназаров, Әліби Жангелдин дегендер бар... 4 жарым миллион халық қырылып қалды. Бұл біздің ұлт ретінде өсуімізге, табиғи демографиямызға тікелей зор қиянат жасады", – дейді Елдос Тоқтарбай.
Алаштанушының айтуынша, аталған қасірет қазақты тек қана материалдық жағынан ашаршылыққа әкелген жоқ, рухани тұрғыда да тоздырып жіберді дейді.
"Ашаршылық біздің болмысымызға, мінезімізге, салт-санамызға, дүниетанымымызға, ойлауымызға жасалған қиянат. Бұл ашаршылық қазақты өзінің ата-жұртынан, атамекенінен айырып, төрткүл дүниеге тентіретіп, шашыратып жіберді. Өйткені дәл сол ашаршылық заманында 1 миллион 200 мың қазақ Қазақстанның шекарасынан Қытайға, Моңғолияға, Тибетке, Үндістан, Пәкістан, Еуропаға, мына жағы Ауғанстан, Өзбекстан арқылы өтіп кеткен. Бүгін дүниежүзінде қазақ диаспорасы қай жерде шашырап жүретін болса, соның барлығы осы ашаршылықтың зардабы. Қазір бізде оларды "отанын тастап кеткен" деген пиғыл қалыптасқан. Кім отанын жетіскеннен тастасын? Сондай заман болды, оған олар кінәлі емес. Атасы үшін ұрпағы жауап бермейді. Өйткені заман, жүйе сондай болды", – дейді жазушы.
Сондай-ақ алаштанушы Елдос Тоқтарбай бұл сұхбатында ХХ ғасырдағы қазақты әбігерге салған ашаршылыққа қатысты адамшошырлық деректерді де айтып берді.
"Менің ұғымымда ашаршылық, нәубет қолдан жасалған нәрсе болды. Тіпті қазақтар бір-бірін бауыздап жейтін оқиғалар болды. Адам баласы өзінің баласын жеген күндер болған. Құрт-құмырсқаны, тышқан, суырларды, жәндіктерді жеген күндер болған. Балық аулап жегендер де болған. Мүлде адамзаттың тарихында, мына қазақтың әдет-ғұрпында тіркелмеген нәрселер сол уақытта тіркелген еді. Бұл шын мәнінде бізді ұлттық кодымыздан айырып жіберген, жабайылыққа алып келген нәрсе болды. Осы ашаршылық, репрессиядан кейін біз өкінішке қарай ұлт ретінде қорқақ, су жүрек, кімнің алдында болса да басымызды салбыратып тұратын құлдың деңгейіне түсіп кеттік. Ал құлдан ұлтқа айналу өте қиын процесс. Сол нәрсені қазір бізге ояту керек, ойландыру керек", – дейді алаштанушы.