Туризм мамандығы – дұрыс таңдау
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Жібек жолының қақ ортасында орналасқан ежелгі қала – Түркістанда өз есігін айқара ашқанының символдық мәні зор. Қазіргі уақытта университетте алты білім беру бағдарламасы бойынша оқу процесі жүргізілуде – бұл туризм және қонақжайлылық индустриясын ұйымдастыру, халықаралық және ішкі туризм, экскурсиялық қызметтер мен жеке турларды ұйымдастыру, туристік дестинациялар менеджменті, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, дене шынықтыру және спорт. Университетке ең үздік отандық және шетелдік профессорлар шақырылды. Профессор-оқытушылар құрамы 37 оқытушыдан тұрады: 12 – профессор, 11-ғылым докторлары мен кандидаттары, 4 шетелдік профессор. 2020 жылы, университеттің алғашқы оқу жылында еліміздің әр өңірінен 588 студент оқуға түсті. Бұл қазіргі жастардың туризм саласына деген жоғары қызығушылығын білдіреді. Университет өз студенттерін мақтан тұтады, олардың ішінде 22 студент «Алтын белгі» иегері, 34 – мектепті үздік бітіргендер, 45 – халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпаздары және үміткерлер мен спорт шеберлері. Айта кетейік, университеттің спорт корпусы футбол, күрес және бокс залдарын, тренажер залын қамтиды.
Түркістанға еліміздің түкпір-түкпірінен оқуға келген студенттер оқу процесіне қосылып қана қоймай, студенттік өмірді белсенді дамыту бойынша бірқатар бастамалар көтерді. Университет басшылығының қолдауымен “Aq niet” еріктілер клубы, университеттің студенттік парламенті құрылды, сондай-ақ Түркістан облысы Жастар бастамалары орталығымен ынтымақтастық жолға қойылды. Білім алушылар Оранғай, Құсшы ата киелі нысандар аумағындағы «Таза мекен» экологиялық акциясына қатысты, университет басшылығы мен университет қызметкерлері «Отырар» шағын ауданында көшет отырғызу бойынша «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» акциясын өткізді. Студенттер әртүрлі дөңгелек үстелдерге, семинарларға, онлайн вебинарларға, конференциялар мен мотивациялық тренингтерге күнделікті қатысады, яғни белсенді. Тек қазан-қараша айларының өзінде университетте «Жастар және ғылым: мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша «Тәуелсіз Қазақстан – зайырлы мемлекет» іс-шарасы, Аl Asyariah Mandar жеке Индонезия университетімен бірлескен «Тұрақты даму үшін институттар құру: Білім, Экономика, Зерттеу және Тәжірибе» виртуалды халықаралық конференциясы, Үндістанның жетекші университеттерінің бірі Ajeenkya DY Patil-мен «Ковидтен кейінгі кезеңдегі туристік саланың жай-күйі мен даму перспективалары» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылды. Барлығын іс жүзінде үйрену және іс жүзінде есте сақтау оңай болатынын ескере отырып, Университет тұрақты түрде студенттерге қонақ үй мен мейрамхана бизнесін меңгеру негізінде шағын топтарда, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып мастер-класстар ұйымдастырылды.