"Фараб" зауыты медициналық дәкелер шығарады
«Фараб» зауыты ел нарығын он бес жылдан бері медициналық мақта және дәкемен қамтамасыз етіп келеді. Қажетті шикізат осы маңдағы жергілікті шаруалардан алынады. Ол зауыт ішінде тазалаудың 4 сатысынан өтеді. Қажетті құрылғылар Италия мен Германиядан әкелінген. Бір жарым жылға созылған тәжтажал індеті кезінде түркісандықтарды ғана емес, жақын маңдағы елді мекендерді де сапалы залалсыздандырылған мақта мен дәке секілді медицинада қат тауарларды жеткізді. Халық асып-сасқан тұста ауруханаларға тегін де жеткізіп берді. Қазіргі таңда 96 түрлі өнім шығарады.
«Фараб» комбинатының басшысы ретінде танымал болған Абдурасул Құрбанәлиев «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені бойынша комитет төрағасы ретінде егін шаруашылығының басы-қасында жүрген жандардың жанына батып жүрген мәселелерді ту етіп көтеріп, ел аманатын түбегейлі орындап отырған халық қалаулыларының бірі әрі бірегейі.
"Біздің зауытқа субсидия бөлінбейді. Біздің зауытымыз жекеменшік болып табылады. Бүкіл жұмыстарды өз қаражатымызбен өз еңбеккерлеріміздің күшімен атқарып отырған жайымыз бар.
Республикалық бюджеттен көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаржыны әр облыстың табиғи климаттық ерекшеліктеріне байланысты қаңтар айынан бастап беру қажет. Соған қол жеткізу үшін «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан барлық деңгейдегі жиында көтеріп келеміз. Аталған отырыста осы мәселе қаржы ұйымдарының қатысуымен егжей-тегжейлі талқыланып, тиісті ұйымдарға нақты ұсыныс беріліп, оның шешу жолдарын қарастыруды талап еттік десем болады.
Күзгі жиын-терімнен соң шаруалар келесі жылға әрекет ететіні белгілі. Алған өнімдері бір жылдары жақсы табыс әкелсе, кей кезде шығынға ұшырауы мүмкін. Осы сәтте күн көзі жылынғанда іске кірісетін шаруалар үшін ең бірінші қаржы қажет. Несиені наурыз айында аламын деп күтіп отыра берсеңіз, «жаздың бір күні жылға азық» дегендей Түркістан өңірінің климаты жылы болғандықтан қыс мезгілінде егіс егуге әрекет етпесеңіз кеш қалатыныңыз белгілі. Міне, шаруаларымыздың қиналатын уақыты осы сәт.
2021 жылдың желтоқсан айынан бастап көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімдерін қабылдауға талаптар белгіленді. Сонымен бірге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының 2021 жылғы 26 шілдедегі бұйрығымен бюджеттік заңнаманың талаптарына сәйкес бюджеттік несие қаражатын тарату тәртібі туралы «жол картасы» бекітілді. Бұдан былай қаңтар-ақпан айларында бюджеттік несие берілетіндігі айтылды. Осылайша егіс алқабында жүрген жандардың негізгі мәселелерінің бірін шешуге қол жеткізіп отырмыз" - дейді зауыт басшысы.