Састөбедегі орталық саябақ аумағы абаттандырылады
Биыл састөбеліктердің көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі кент орталығындағы саябаққа абаттандыру жұмыстары қыркүйек айының екінші жартысынан бастау алатын болады. Бұл жерде саябақ аумағы реконструкциядан өтіп, ішінен 2-балалар ойын алаңшасы, 1-стрит воркаут, велосипед жолы (велодорожка) салынып, орындықтар мен түнгі уақытта жарықтандыру шамдары орнатылып, айналасы толық қоршалатын болады.
Бұл жайында бүгін Түлкібас ауданы Састөбе кентінің тұрғындары алдындағы кезекті есептік кездесуінде аудан әкімі Нұрлан Байғұт мәлімдеді.
Президенттің "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлығына сәйкес өткен жиында аудан басшысы Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын түсіндіріп, маңызды құжатта халық игілігі үшін іске асатын реформаларды қамтып өтті.
Жиының басым бөлігі сұрақ-жауап форматына ұласып, кент тұрғындары ағын су, ауыз су, кәріздік жүйе, спорт, білім саласы мен қоқыс тастайтын орынға және электр жарығы, түнгі жарықтандыруға қатысты мәселелерді көтеріп, аудан басшысы және жауапты бөлім тарапынан нақты жауаптарын алды.
Нұрлан Мархабатұлы Састөбе кентінде көтерілген мәселелер бойынша арнайы кешенді жоспар түзіліп, іске асырылатының атап өтті.
Жиында жиі көтерілген кәріздік жүйе мен ауыз суды күтіп ұстауға жауапты «Састөбе су» мекемесін сынға алып, тұрғындар көтерген талаптарды орындай алмаған жағдайда аталған мекеменің сенімгерлік құқығынан айыру мәселесі қаралатының жеткізіп, мәселені реттеуге 1 апта мерзім белгіледі.
Жиыннан соң аудан басшысы жеке мәселесімен кент тұрғындарын қабылдап, ол жерде көтерілген ағын су мәселесіне қатысты жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетерлік, өткен тоқсандағы есептік кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген Састөбе кенті, Сейдуалин, Тәуелсіздік, Мир көшелері мен Ынтымақ ауылы, Мамықов көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріліп отыр.