Облыстық маңызы бар жолдар жөнделуде
Ел экономикасын дамыту үшін бүгінде көптеген жобалар іске асырылуда. Сондай жобалардың бірі – 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету жобаның негізгі мақсаты болып саналады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағытында екі міндет көзделген. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Атап өтсек, ішкі көлік желісін дамыту бағдарламасы аясында он бір мың шақырым республикалық маңызы бар, жиырма жеті мың шақырым жергілікті жолдарды жаңадан салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылға дейін атқарылатын осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады. Сонымен бірге, қолға алынған жоба аясында Ұлттық стандартқа сәйкес, автокөлік жолдарының бойына екі жарым мыңға жуық сервистік нысандар салынады.
Осы орайда Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «ААА Ақылбек» ЖШС-гі тарапынан Сайрам, Түлкібас аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпірлерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сайрам ауданындағы КХ-37 «Шымкент-Құтарыс-Түйетас» бағытындағы автомобиль жолының 20+700 шақырым және 22+650 шақырым (Құтарыс елді мекені) Арыс өзенінің үстіндегі көпірдің жөндеу жұмыстары іске асырылуда.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-68 «Балықты-Абай-Пістелі-Жаскешу» автомобиль жолының 16+650 шқ (Пістелі елді мекені) көпірдің ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бекітілген сметалық құжаттамаға сәйкес, көпірдің жағалауларын бетондау, су шаюдың алдын алу үшін тау тастарымен нығайту және өзен арнасын бұру жұмыстары қаралған.