Майданнан 10 ұлы да аман оралған ана
06-01-2024
Ресейліктер фюрердің аңыз адам екенін мойындай бастады ма?
Өткен бейсенбіде ресейлік «РЕН ТВ» телеарнасының «112-- экстренный вызов» бағдарламасында елең еткізерлік жаңалық жария етілді. Екатеринбург қаласындағы сауда дүкендерінде сатылымға шыққан «Ресей оқушысының күнделігіне» фашисттердің көсемі, қанқұйлы диктатор Адольф Гитлердің суреті басылып шығыпты. Ұстаздар мен ата-аналар ренжулі. Күнделікті сатып алған оқушылардың бұл сұмдықты қаншалықты түсініп, қаншалықты сезініп отырғаны белгісіз, белгілісі, сауда орындарына түскен күнделіктер «пышақ үсті» сатылып кеткен.
Түгі қалмай сатылып кететін де жөні бар. Сыртында «Ресей оқушысының күнделігі» деген әдемі жазуы бар, іші-сырты ерекше безендірілген, әр бетінде Ресейдің танымал тұлғаларының суреттері өмірбаяндарымен бірге берілген. Мәселен, Толстойдың, Гогольдің, Достаевскийдің, Гагариннің. Күнделікті парақтай берсеңіз, кенет танымал тұлғалардың арасынан мұрнының астында кішкене ғана мұрты бар Адольф ағайдың суреті жарқ ете қалады. Одан кейін жезмұртты Сталин, одан кейін мұртсыз Напалеон тұр. Күнделіктегі Гитлердің өмірбаянына оның Екінші Дүнежүзілік соғыстың бастаушысы, тоталитарлық диктатураны орнатушы, адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарды ұйымдастырушы екендігі жазылыпты.
Қазіргі уақытта күнделіктердің Екатеринбургтің сауда дүкендеріне Смоленскідегі полиграфиялық комбинаттан жеткізілген белгілі болып отыр. Баспахана басшылығы бұл мәселеге өздерінің ешқандай қатысы жоқ екенін айтып ақталыпты. «Бізге баспа не берсе, соны басып шығарамыз» депті. Ал баспаханаға тапсырыс берген «Жоғарғы мектеп» баспасы әзірге бұл жөнінде түсінік беруден бас тартып отырғанға ұқсайды.
Күнделіктен табылған Гитлер мәселесін ата-аналар мен ұстаздар Думаға дейін көтеріпті. Мемлекеттік Думаның отбасы, әйел және бала мәселелері бойынша комитеті төрағасының орынбасары Ольга Баталина:
- Баспагерлер мектеп оқушысын тарихи тұлғалармен таныстыруды мақсат тұтқан. Бірақ онысы сәтсіз болып отыр. «Жоғарғы мектеп» баспасы түсінік беруден қашқақтамай, күнделікті басуды тоқтатуы керек, сауда орындарына шығып кеткендерін кері қайтарып алуы тиіс,--деген пікірін білдіріпті.
Украинадағы жағдайдан кейін Ресей ұлтшылдар, Бандера, Гитлер десең төбе шашы тік тұратын дәрежеге жетті. Құшағына сан ұлттарды кіргізген Ресей үшін дәл қазір ұлтаралық татулық, дінаралық келісім өте-мөте қымбат. Мына күнделіктегі сорақы жағдайдан кейін біреу-міреу дереу жазаға тартылып кетер ме екен деп едік, әзірге тып-тыныш. Ресейдің билік органдары барынша салқынқандылық танытты. Думадағы депутаттың айтқаны жоғарыдағыдай, мәселенің мән-жайын толық түсініп отыр, «қасақана тірлік емес, жай ғана сәтсіздік» деді. Ал, біздіңкілер ә дегеннен-ақ «міндетті түрде жазалаймыз» деген болар еді.
Естеріңізде болса, биыл республикадағы танымал басылымдардың бірі-«Аңыз адамның» сәуірдегі нөмірі Адольф Гитлерге арнаған болатын. Журнал фашисттердің көсемі туралы мамандардың пікірін, көзқарасын берді. Журнал жарыққа шығысымен біраз жұрт әзірейл көргендей шоршып түсті. Ақпарат құралдары «беттерін тырнап, шаштарын жұлды». «Ойбай, неге Гитлерді береді, неге береді?» деді. Ақпарат құралдарын қадағалап отырған мекеменің басшылары «қолдан келген шараның бәрін жасаймыз» деді күні бұрын. Артынша әкімшілік іс қозғалып, сот журналдың тілшісіне 20 орташа айлық көлемінде, ал журналға 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, “Аңыз Адам” журналының сатылымға шығып кеткен Гитлерге қатысты саны түгел тәркіленеді. Апырай, сол кездері «босқа байбалам сала бергенше «Аңыз адам» журналының осы нөмірін қолдарыңызға алып оқып көріңіздер, бұл жерде фашистердің көсемін ақтап отырған ешкім жоқ, журнал басшылығы тек Гитлер сияқты диктаторлардың билік басына қалай келетінін айту үшін, содан елдің сақтандыру үшін жариялап отыр» дегендердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. «Ойбай, Гитлерді неге жазасың?», «суретін неге басасың?» деді ырық бермей. Бір топ ардагерлер «Аңыз адамның» Гитлер шыққан санын өртеп, наразылықтарын білдірді. Бұл мәселе тым саясиланып, тіпті Қазақстан мен Ресей елшіліктері осы жөнінде хат алмасып жатты.
Саясиланған мәселе өзінің түпкі мәнінен айрылады. Саясиланған жерде әділдік болмайды. Сондықтан саясаттан саяқ жүрмесек те, кез-келген нәрсені саясиландыра беруден сақ болайықшы, ағайын.