Қарашаш ана- туристер келетін негізгі нысан
Шымкентте Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енген нысанның бірі Сайрам елді мекеніндегі Қарашаш Ана кесенесі. Қарашаш ана кесенесі Шымкенттегі туристер, зияратшылар ағылатын ең басты орындардың бірі саналады.
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан тарихи кесене ұлы уағызшы, сопы Қожа Ахмет Ясауидің анасына арналып салынған. Түркістандағы Ясауи кесенесін көруге ниеттенген адамдар, алдымен Ибраһим ата, Қарашаш ананың кесенесіне барып, зиярат жасайды. Қарашаш ана туралы деректер көп сақталмаған. Дегенмен түркі халықтары арасында даналығымен, білімімен, діни сауатымен, көрегенділігімен есте қалған жандардың бірі болғаны аңыз-әңгімелерде көп айтылады. Оны аналық қасиеттің белгісі ретінде құрмет тұтады. Толқын шашы қап-қара ұзын болғандықтан, ел арасында Қарашаш атанып кеткен екен. Өз дәуірінің көзі ашық, әдепті әйелі болған деседі, бала сүйе алмай жүрген әйелдерді емдеп, қасиет қонған алақанымен уқалап шипасын беруден жалықпаған екен. Сырқат емдеумен қатар, түс жори алған. Кесененің өзі порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың мұндай типі бұл өңірде көп кездеседі. Ортағасыр дәуіріне жататын күмбездің алғашқы құрылысы ХІІІ ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынып, уақыт өте келе табиғи жағдайдың ықпалымен бірнеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынып, жан-жағы күйдірілген төртбұрыш кірпіштен қаланған. Сондай-ақ құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылған. Кесене сапалы материалдан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылған. Екі ғасыр ширегінде негізі бұзылмаған деуге болады. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің орталық бөлігінде мәрмәр тақтайшаларымен қапталған Қарашаш ананың бейіті орналасқан. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қожаның бейіттері орналасқан.