Сайрам- туристік мүмкіндік
«Сайрамда бар сансыз баб,
Отырарда отыз баб,
Түркістанда түмен баб,
баптардың бабы – Арыстан баб» деген тәмсіл ел арасында кеңінен таралып кеткен. XI ғасырда Сайрам ислам дінін қазақ даласына таратудың орталығы болып қалыптасқаны тарихи деректерден белгілі. Мұнда көптеген діни ұстаз бен ғалым тұрды. Бүгінде Сайрам халқының саны миллионан асатын, республикалық маңызы бар қала Шымкенттің құрамына енген. Бұл мегаполистің туристік мүмкіндігін кеңейтіп, соның ішінде тарихи туризмнің дамуына жол ашты.
Сансыз бабтар мекеніне келушілер әдетте ең әуелі Ибраһим ата кесенесіне ат басын тірейді. Ибраһим ата – рухани тәлімгер, діни көсем әрі осы өңірге танымал уағызшы, атақты сопы Қожа Ахмет Ясауидің әкесі. Тарихшылардың пайымдауынша, кесене XVI-XVII ғасырларда салынған, қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта XIX ғасырда қайта тұрғызылды. Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында биік төбеде орналасқан. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болыпты. Халық арасында оның әулиелігі мен уағыз айту қабілеті жайлы аңыздар көп тараған. Мұқтаж жандарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарға ислам дінін уағыздады. Күмбез құлап қайта қалпына келтірілген кезде кесене төбесі ақ жапырақты қаңылтырмен қапталып, ортасына сүйір ұшты мұнара орнатылды. Халық арасында рухани азық беретін, арман-тілектерді қабыл ететін, адасқанға жол көрсететін, пана болатын, ауруды емдейтін, тынысты кеңейтетін қасиетті, киелі, әулиелі жер болып саналады.