Махажанов мәселе шеше алмайды

Oinet.kz 11-11-2021 841

111.jpg

 

Түркістан облыс орталығы һәм күллі түркі дүниесінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды.  Киелі қаланың келбеті күн санап көркейіп келеді. Мамандар бұл жағдай Түркістаннан бар-жоғы отыз шақырым қашықтықта орналасқан Кентау қаласының дамуына оң серпін беретінін айтқан еді. Алайда өкінішке қарай, Кентаудың қазіргі тыныс-тіршілігі сол баяғы тоқсаныншы жылдардағыдай, «жарық жоқ, су жоқ, жылу жоқ» деген күйбең тірліктен айырыла алмай келе жатыр. Бұл нені білдіреді?

Кентаудың тізгінін қолға алғанына екі жарым жыл болған Дәурен Махажановтың тірлігінің алға баспай-ақ қойғаны рас.  Кім біледі, кіндік қаны осы жерде тамған демесеңіз, бұрын-соңды ауылдың да әкімі  болып көрмеген тәжірибесіздігі, көптің ұсыныс-пікіріне құлақ аспайтын өзімбілермендігі де бұған өз әсерін тигізіп отырған сияқты.  Жуырда Түркістанда өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте  облыстық экология департаментінің басшысы Уәлихан Қайназаров соңғы уақытта Кентаудың өте лас қалаға айналып кеткенін, сол үшін қаланың тазалығына жауапты басшы, қала әкіміне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (бұл дегеніңіз 300 мың теңгеге жуық қаражат.Ж.Т) айыппұл салынғанын мәлім етті. Түркістанның арқасында кемел қалаға айналады деген Кентаудың керісінше, «лас қалаға айналып бара жатыр» деген сынның астында қалуының өзі Махажановтың жұмысына берілген баға емес пе?! Бірақ айыппұлмен келіспеген қала әкімі сотқа арызданып жатқанға ұқсайды. Шамасы Махажанов «ұялған тек тұрмастың» кебін келтіріп жатқан сияқты.

Жалпы, «Рейтинг» газетіне Кентау қаласынан хабарласып, арыз-шағым айтушылардың қарасы аз емес. Оның бірқатарын біз бұған дейін де жазғанбыз. Осы хабарласушылардың айтуынша, Кентауда күл-қоқыс мәселесінің шешімін таппағанына біраз уақыт болып қалған. Бұл проблема Дәурен Махажановтың уақтысында қабылдаған солақай шешімдерінің салдарынан туындаған.  – Бір жылдан бергі аралықта қалалық әкімдіктің тапсырмасымен көп қабаты тұрғын үйлердің аулаларында тұрған қоқыс контейнерлері көшеге шығарылып тасталған. Бұл күл-қоқысты жинаушы компанияға тиімді болғанымен, жалпы қаланың тазалығына, келбетіне кері әсерін тиігізіп жатыр. Әсіресе, шілденің күні қиын. Қауын-қарбыз, басқа да тұрмыстық қалдықтардың исі қолқаны қабады. Көше дегеніңіз халық көп жүретін, қаланың көркін білдіретін, мәдениетін көрсететін орын емес пе? Көшемен жүрген қонақтарды қоқыс контейнерлерімен қарсы алып жатқанымыз тіптен ұят. Осы жағдайды көпшілік түсіне алмай отыр, – деді біз тілдескен тұрғындардың бірі.  Жуырда ақпарат құралдарына берген сұхбатында қала әкімі Дәурен Махажановтың өзі де мұны жоққа шығармаған. Ол: «Бүгінде қоқыс жәшіктерін көше бойларына орналастыруға тұрғындар тарапынан наразылық тууда. Бұл, уақытша жағдай. Қаладағы барлық аулалар жаңғыртудан өткен соң қайта ішке ыңғайластырылып қойылады. Сол себепті көпшілікті сабырлық танытып, түсіністікпен қарауларын сұраймын»,– депті. Ал енді мінеки, наразылықтың соңы айыппұл салуға алып келді. 

Кентауда күл-қоқыстың мәселесі мұнымен де бітпейді. Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін қаланың тазалығымен «Тазалық-Кентау» мекемесі айналысқан. Махажанов әкімдікке келгеннен кейін бұл қызметке тағы бір мекеме «Кентаужан» компаниясы қосылған. Махажановтың бұл шешімінің арғы жағында өзара бәсекелестікті күшейту болған сияқты. Алайда мұның соңы бәсекелестікке емес, былық-шылыққа ұласқан. Тұрғындарға енді төлемақы квитанциясы екі компаниядан келетін болған. Сонда тұрғындар бір қызмет үшін екі рет ақша төлеулері тиіс пе? 

Кентауда  күздің қара суығында 600 отбасының жылусыз бүрсеңдеп отырғаны әлеуметтік желіде жазылып жатыр. Биыл кеншілер қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында 10 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Жалпы саны 600 пәтерді құрайтын тұрғын үйлер жылу жүйесіне қосылмаған. Жоспар бойынша баспаналарға жылуды газбен жұмыс істейтін автономдық пештер арқылы беру көзделген.  Алайда Кентауға осы уақытқа дейін «көгілдір отын» келмеген.  Тағы да «ұялған тек тұрмастың» кебін келтірген қала әкімі  әр отбасыға электр жылытқыш құралдарын таратып беріпті. Алайда электр қуатына деген сенім де сөнуге айналған. Жарық жиі-жиі жалп ететін болған. – Кентау қаласында тұрғындарға берілген Уәлиханов №160......188-ге дейінгі көп қабатты он тұрғын үйге биыл жылу берілмейтініне әбден көзіміз жетті (қазақ бәріне шыдап отыра беретін болды ғой). Халық үйін жылыту үшін әкімшілік «шыдаңдар», деп берген обогревательге сеніп отыр. Енді күн суыта бастағанда жарықты неге жиі-жиі сөндіре бересіздер? Осы мәселеге кім жауапты? 600 отбасын суыққа қамап, қамсыз отыра беремін деп ойлайсыздар ма? «Берілген үйде отырмасаңдар қайта алып қоямыз» деп, елді қорқытатын шолақбелсенді шала сауатты жандайшаптар бар көрінеді. Әкімшілік және оған қарасты барлық бөлімдер сондай- ақ тағайындалған маслихат депутаттары халық мүддесі үшін жұмыс жасамайсыздар. Оған дәлел – жолы мен жылуы тартылмаған үйді еш ойланбастан халыққа берудің өзі жеткілікті,– деп жазыпты «фейсбуктегі» парақшасында Азамат Шыналиев есімді кентаулық тұрғын.  Махажанов бұған дейін қалаға «көгілдір отынның» қысқа дейін берілетінін айтқан болатын. Уәде қаншалықты орындалады? Қыс та қыр астына келіп қалды. 

Биыл наурыздың ортасында ауа райы күрт құбылып, қатты желдің салдарынан бағаналар құлап, Кентау қаласы екі-үш тәулік жарықсыз қалды.  Электр қуатының болмауынан көп қабатты үйлерге, әлеуметтік мекемелерге жылу  берілмеді. Жарылған жылу жүйесін ретке келтіруге көп уақыт кетті. Осы аралықта көптеген шағын аудандардың тұрғындары бүрсеңдеумен күн кешті. Махажановтың командасы осы жағдайдан ешқандай да сабақ алмаған екен. Өткен аптада қатты жел тұрып,  табиғат тосын мінез көрсетпей-ақ, Кентау жылусыз қалды.  Ақпарат құралдарының таратқан мәліметіне қарағанда, бар-жоғы жиырма минут электр қуаты болмай қалудың салдарынан жылу құбырлары қатып қалған. Жарылған құбырлардан аққан су бірнеше көшені өзенге айналдырған.   Мұның бәрі айналып келгенде Махажановтың мәселе шеше алмайтындығын білдіретін сияқты. 

Былтыр «пара алмаймын» деп, челлендж таратып, артынша ірі көлемде парамен ұсталып, масқараға ұшыраған Кентауға қарасты Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимовтың сотталып кеткені белгілі. Үкім күшіне енген соң Махажанов мемлекеттік қызметкерлердің тәртібі бойынша отставкіге арыз берді.  Бірақ облыс басшысы оны «сөгіс» жазасымен қызметінде қалдырғаны белгілі. Махажановқа жасалған кешірімнің, артылған сенімнің ақталған түрі осы ма? Кентаудың әкіміне деген наразылық күшейіп келе жатыр. Ақырын берсін дейік.

Жәнібек ТАРХАН,

«Рейтинг» газеті. 

 


Әйелі төрт баласымен тастап кеткен еркек мұңын шақты (фото)
В Шымкенте запущена электронная система по регистрации и учету иностранных туристов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу