Ашытқысыз нан пісіретін келіншек цех ашпақ ниетте
Осы жылдың 5 сәуірінен бастап «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инновациялық жобаларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурсқа құжат қабылдау басталған болатын. Бұл бағдарлама шеңберінде 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы беріледі. Ерекшелігі әлеуметтік осал топқа жататын жандар жеке шотына бизнес жобасына сәйкес 10 пайыз қаржы құймайды. Яғни, оларға инновациялық талап қойылмайды.
Арнайы конкурстық комиссия жуырда фронт-офисте құжат қабылдағандардың жобаларын тыңдап қайтты. Ал грант кімге бұйырары белгісіз. Комиссия құрамында түрлі саладан қамтылған тәуелсіз азаматтар болады.
Грант алуға ықылас танытқандардың дені –көпбалалы аналар. Күміс алқа иегері Эльмира Тамырбаева тәтті тоқаш, торт-бәліші бар жалпы кондитерлік өнімнің түр-түрін пісіріп сатады. Көпбалалы келіншек жобасының жаңашылдығы – ашытқысыз піскен нан. Қаржы қолға тисе, цех ашып, құрал-жабдықтарын түгендемекші.
- Мен «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 миллион теңге грант беретін бағдарламаға қатысып жатырмын. Өзім негізінен бұрынннан кондитерлік өнімдерді пісірумен айналысамын. Кондитерлік цех ашсам деген үлкен арманым, ниетім бар. Қазіргі таңда мүмкіндік жоқ деп қарап отырмастан үйде пісіріп сатып жатырмын.Инстаграм желісі арқылы тапсырыс берушілерді тауып отырамын, - дейді Эльмира Тамырбаева.