Тарихы тереңде зообақ
Шымкентте күн жылына салысымен қаланың көрікті жерлерін аралайтындар саны көбейген. Қала тұрғындары мен қонақтарына және кішкентай бүлдіршіндер үшін Шымкенттегі ерекше зообақтың алар орны бөлек. Бұл жануарлар әлемінің қаламыздың туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндігі зор. «Шымкент мемлекеттік зообағы» Шымкент облыстық атқару комитетінің қаулысымен 1979 жылы қазақтың біртуар ұлы Социалистік Еңбек ері, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен әрі тікелей басшылығымен қолға алынды. Ескі карьердің орнына салу жоспарланып, қаланың елсіз жатқан жеріне, көпшілік коллективтің жігерлі еңбегінің арқасында, аз уақыт ішінде бой көтеріп, 1980 жылы 29 сәуір күні ашылған.
Құрылыс жұмыстарына 54 мекеме қатысқан. Алғашқы кезде коллекцияда 75 аңның түрі, 350 данасы болған. Зообақ ашылғаннан бастап жануарлар коллекциясы көбейе түсті. Қазіргі таңда зообақта жануарлардың 289 түрі, 2608 басы бар.
Зообақ жыл санап көркейіп келеді. 41 жыл ішінде халықтың игілігі үшін жұмыс істеп келе жатқан зообақ, балалар мен келушілер үшін ең сүйікті демалыс орындарының бірі. Зообақтағы жан-жануарлардың басы мен түрінің артуымен қатар, тазалығы, көгалдандырылуы және қайта құру жұмыстары сияқты көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл - үлкен жетістік. Осыған дәлел төмендегі суреттерден тамашаласаңыздар болады.