Венгриялық инвесторлар медицина туризміне үлес қосқысы келеді

Oinet.kz 28-04-2021 995

Screenshot_29.png

Венгриялық «SmartSet International Ltd» компаниясы үшінші мегаполиске келіп, өз ұсыныстарын жеткізді. Жиында «SmartSet International Ltd» компаниясының құрылтайшысы және Басқарма төрағасы Барнабас Ревеспен ынтымақтасты дамыту, инвестициялар тарту мәселелері талқыланды. 

Бұл компания негізінен IT-кеңес беру, медициналық мекемелерді жобалық қаржыландыру және басқару, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерінде медициналық қызметтердің толық спектрін ұсынуда үлкен тәжірибеге ие. IT бағдарламалау, инвестициялар және медициналық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жобаларды кешенді басқаруды жүзеге асырады. 

Кездесуде тараптар денсаулық сақтау және IT технологиялар саласында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. 

Қала әкімі венгриялық компанияның Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларға деген қызығушылығы үшін ризашылығын білдірді. 

– Венгрия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Әрі бауырлас халық. Үшінші мегаполис - Шымкентте инфрақұрылым дамыған, барлық жағдай бар. Қаланың Орта Азияда инвестициялар, технологиялар және зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болу үшін әлеуеті жеткілікті. Сіздер тараптан жоспарланған инвестициялық жобалар – көпсалалы аурухана, денсаулық сақтау орталығы, адам ДНҚ-сының құрылымын зерттейтін заманауи зертхана (генетикалық инженерия) және медициналық жабдықтар өндірісі сияқты инвестициялық жобалардың маңызы зор. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды іске асыруда көмек пен қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді қала әкімі. 

Компания Шымкент қаласында денсаулық сақтау және IT саласын дамыту бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Өз кезегінде Барнабас Ревес мырза Шымкент қаласының мүмкіндіктерін жоғары бағалап, қала басшылығына алғысын жеткізді. 

– Бүгінгі кездесу екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, біз екі жақтың да мүддесі үшін тиімді және табысты жұмыс істей аламыз. Біздің бүгінгі бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде заманауи медициналық жабдықтар, жоғары кәсіби ауруханалар, жоғары IT-технологиялар бойынша денсаулық сақтау саласын дамытуда жобаларды іске асырамыз деп ойлаймын, – деді венгриялық инвестор. 

Айта кетсек, «SmartSet International» компаниясы елімізде денсаулық сақтау және IT жобаларға инвестиция салуды жоспарлап отыр. Инвестициялардың көлемі жылына шамамен 100 миллион АҚШ долларынан асады.


Шағын және орта кәсіпкерлік өсімі байқалды
Шымкент көркі көз тартуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу