Мұрат Әйтенов: «Бізге әлеуетті, ноу-хау жобалар керек»
2020 -2025 жылдардағы жоспар бойынша экономикалық тиімді өндірісті ұйымдастыру мақсатында жаңа технологиялар негізінде өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін шығару жөніндегі жобаларды әзірлеуге және іске асыруға инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері инвестициялық штаб отырысында талқыланды. Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов, Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков, Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов қатысты.
Жиында телекоммуникация желілерін тарту, интернетпен қамту бағытындағы инвест жобалардың барысын баяндады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов инвестиция тарту жұмыстарын әлі де жандандыру қажет екенін алға тартты. Бұл мақсатта барлық жағдай жасалған.
- Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағын ашып жатырмыз. Инфрақұрылымды жеткізу бойынша қаражат бар. Инфрақұрылымын толық жеткізіп береміз. Енді бізге әлеуетті, ноу-хау жобалар керек. Келесі аптада 2022-2023 жылға бағытталған жобаларды да баяндамаға қосыңыздар. Қазірден бастап келесі жылдарға дайындық жүргізілсін. Жоспар бойынша 2022 жылы 540, 2023 жылы 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуымыз керек, - деді қала әкімі.
Жиын соңында аудан әкімдеріне бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктелді.