Химия зауыты іске қосылуға жақын
Шымкентте кезекті инвестициялық штаб отырысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімділігін талдау және олардың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізу жоспары талқыланды.
Биыл үшінші мегаполисте 157,0 млрд теңгеге 47 жоба (2,5 мың жұмыс орны) жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қайта өңдеу өнеркәсібі – 20, ауылшаруашылығы – 2, сауда – 6, білім – 6, тұрғын үй құрылысы – 7, көлік – 1 жоба. Бұның бәрі де биыл іске қосылады деп күтілуде.
Мәселен, бүгінде әлеуетті «SHymkent chemical company» ЖШС-нің метил трет-этил буфері өндірісінің 95 пайызы аяқталған.
Шымкент қаласының аумағында бірінші толық интеграцияланған химия зауыты "Оңтүстік" АЭА аумағында метил-трет-бутил эфирі және ұнтақты полипропилен өндіру жобасын іске асыруда. Метил-трет-бутил эфирі - октан отынын ұлғайтуда оттектендіретін қоспа. Ұнтақты полипропилен - қап контейнерлер, құбырлар өндіру үшін қолданылатын шикізат полимер өнімі.
Өндірістің жобалық құны - 28 млрд теңге. Жоба аясында жылына 80 000 тонна МТБЭ, 100 000 тонна ұнтақты полипропилен өндіру жоспарлануда. Зауыттың бір ерекшелігі, мұнай өнімдеріне жоғары стандартты қосымша қоспа өнімдерін дайындайды.
Жалпы аталған өндіріс қаланың өңдеу өнеркәсібіне айтарлықтай үлес қосады. Нақтырақ айтқанда, жылына 4 млрд теңгенің өнімі шығарылмақ.
Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған болатын. 1-кезең 2021 жылы наурыз айында іске қосылмақ. Бүгінде зауыт құрылысы 98 % - ға аяқталды. Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, резервуарлық паркі бар операторлық және төгу-құю эстакадасының құрылысы 100 %, толығымен орындалды.