Көкөніс өңдейтін қос кәсіпорын іске қосылмақ
Бүгінде үшінші мегаполисте инвестициялық жобаларды қолға алу мәселесі жиі көтеруілуден. Ол еліміздің экономикасын және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өрбуде. Яғни қаладағы өндіріс пен өнімдерді өндейтін кәсіпорындардың әлеуетті арттыруда мүмкіндігі зор.
Шымкент қаласында шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың бірі қуаттылығы сағатына 3 тоннаны құрайтын жеміс-көкөністі қайта өңдейтін кәсіпорын. Жоба құны 400 млн теңге. Бүгінде аталған нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жалпы ішкі инвестициялық туризмді дамытуда да өз үлесін қосатын жоба болмақ.
Ал екіншісі сағатына 7 тонна жеміс-көкөністі өңдеуге қауқарлы кәсіпорын. Жоба құны 1 млрд. 318 млн. теңгені құрап отыр. Нысан құрылысы алдағы уақытта басталады деп жоспарлануда.
2020 -2025 жылдардағы жоспар бойынша экономикалық тиімді өндірісті ұйымдастыру мақсатында жаңа технологиялар негізінде өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін шығару жөніндегі жобаларды әзірлеуге және іске асыруға инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту жолға қойылған.
Шымкент қаласында жалпы биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық 28 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 71,7 мың тонна бидай, арпа, жүгері, көкөніс, бақша, картоп, жеміс сынды өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріледі деп жоспарлануда.