Халық пайдалы инвестициялық жоба қолға алынбақ
Бүгінде Шымкент қаласы күн санап көркеюде. Әсіресе құрылыс саласы дамып, көркі көз тартарлық құрылыс нысандары бой көтерген. Сондай бір аймақтың бірі – «Шымкент сити» жобасы. Ол қала тұрғындарының қызығушылығын арттыра бастағаны байқалуда. Сол себепті, Шымкент қаласының инвесторлардың қатысуымен «Шымкент сити» жобасымен жаңа үлкен шағын аудандар салынатын болды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Инвестициялық штабтың отырысында айтты.
«Қаланың даму жолы аясында, әр ауданның өз орталығы, өз саябағы, өз емханалары, өз мектептері болуы қажет. Сондықтан болашақта әр ауданнан «Шымкент сити» секілді үлкен жаңа, заманауи шағын аудандар саламыз. Жаңа құрылысқа инвесторларды тарту жұмыстарына аудан әкімдері де атсалысуы керек. Халық орталыққа қарай емес, қажеттісін өз ауданынан шықпай-ақ таба білуі тиіс», деді қала басшысы.
Штаб отырысын қорытындылаған Мұрат Әйтенов инвестициялық келісімдер жасасу жөнінде шешімдер қабылдаудың негізгі орталығы – Инвестициялық штаб болатынын жеткізді. Және штаб отырысында көтерілген мәселе, хаттамаға енгізіліп, оның орындалуы жіті бақылауға алынуы тиіс деп қадап айтты.