Болмысы бөлек Абдулла

Oinet.kz 11-12-2018 997

Өзінің ізгілігімен, қарапайым адами қасиетімен төңірегіне әрқашан нұрын шашып жүретін  азаматтар болады. Солардың бірі – біз білетін  дәрігер-хирург Абдулла Шүленбаев. 

Қазақтың қасиетті өлкесі – Сыр бойының тумасы Абдулла Сыздықұлы өнегелі отбасында дүниеге келіп, саялы жанұяда тәрбие алды. Жастайынан «дәрігер болам» деп алдына мақсат қойды. Өйткені қазақтың «Басты байлық – денсаулық» деген сөзін кішкентайынан санасына құйып өсті. Сол кездегі ел-жұрттың дәрігерлерге деген құрметін, сыйлауын кеудесіндегі тынымсыз соғып тұрған құртақандай жүрегіне сіңіре білді. 

Ару Алматыдан Қызылордаға оралған ол еңбек жолын облыстық медициналық орталықта хирург болып бастады. Ол кезде мұнда тек практикалық жұмыспен айналысып қоймай, ғылыми ізденісті мақсат етіп, бір легі ғылыми атақтарға ие болған атақты дәрігерлер бар болатын. Мысалы, Шәдібай Абдуллаев докторлық, Тұрғанбай Мақанов, Ернияз Омаров, Сағымбай Құлсартов, Базарбай Атабаев сынды дәрігерлер жарыса кандидаттық диссертация қорғап, жастарға үлгі, елге белгілі ғалым-дәрігерлер атанып үлгеріп еді. Сондай  қасиетті білімді ортаға түскен Абдулла білімін барынша тереңдетіп, білмегенін ағаларынан үйреніп, хирургиялық операциялардың бүк-шігін меңгеріп, мамандығын жетілдіріп, біліктілігін арттырды. Мәскеу, Киев, Алматы қалаларындағы белгілі клиникаларда оқуда болып, атақты профессорлардан дәріс алып, тәжірибе алмасты, ысылып, шеберлігін ширата түсті. Талапты жас жігіт көпке бармай, жақсы маман-оташы ретінде елдің көзіне түсіп, оны арнайы іздеп келіп ота жасататындар саны көбейе түсті.  Содан көп уақыт өтпей-ақ, яғни 1982 жылы хирургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. «Жас келсе – іске» деген емес пе, Абдулла содан бастап өз тәжірибесіне көптеген жаңа замануи емдік технологиялар және диагностикалық тәсілдер енгізді. Жаңашылдыққа жаны жақын, еңбек десе жанып тұратын ол талмай ізденіп лазерлік қандауырды және эндовидеолапароскопиялық оталарды, асқынған перитонитте озонды қолдануды, клиникалық тәжірибеде лимфажолдары арқылы дәрі-дәрмекті енгізу тәсілдерін елімізде біріншілердің қатарында енгізіп, сүбелі тәжірибе жинады. 

Әріптесіміз, ота жасаудың шебері Абдулла Сыздықұлы еліміздегі белгілі хирургтардың бірі екенін мақтанышпен батыл айта аламыз. Сондықтан болу керек, оған қоғамдық РАМ қауымдастығы еңбегін бағалай отырып акдемиялық медицина профессор атағын берді. Мұндай  жоғары ғылыми атақ практикалық жұмыспен айналысатын хирургтар арасында сирек. 

Жаңа формацияның дәрігері А.Шүленбаев көптеген халықаралық, республикалық медициналық конгресстер мен конференцияларына, съездер мен симпозиумдарға  қатысып, әлемнің белгілі хирургтарымен тәжірибе алмасты, дискуссияларға қатысты, ой қорытты. Ол 45 жылдан астам оташы болып қызу еңбектің ортасында жүрсе де ешқашан «мен бәрін білемін, бәрі қолымнан келеді» деп мақтангершіліктен кеуде керуден, менменшілдік ойдан бойын аулақ ұстайды. Үйренуден, жаңалық енгізуден жалыққан емес. Қасындағы жастарға да солай тәрбие беруде. 

Отандық медицина саласына сіңірген еңбегі әрдайым орынды бағаланып келеді. Ол Елбасының «Алғыс хатымен», «Шапағат» және бірнеше мерекелік медалдармен, Құрмет грамоталарымен наградталған. Сонымен қатар министірліктің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасының  денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. 1999  жылы «Қызылорда облысының ең үздік дәрігері» атанып, облыстың Құрмет кітабына есімі жазылды. 2013 жылы «Алтын дәрігер» белгісімен, академик А.Н.Сызғанов атындағы «Хирургияны дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. 

Абдулла Сыздықұлы сүйікті жары дәрігер-физиотерапевт Сәбира екеуі екі қыз, бір ұл өсіріп, оларға жоғары білім беріп, өмірге қанат қақтырды. Үлкені Айнұр – экономист, кішісі Шолпан – дәрігер-кардиолог, Тимур – заңгер, транспорт прокуроры. Жас құрақтай желпілдеп ондаған немерелері жарыса, көз қуанышы болып өсіп келеді... 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

Ғирбатты ғұмыр
Президент биылғы оқу жылы қалай аяқталатынын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу