Ғирбатты ғұмыр
Стоматология саласының абыз ақсақалы атанып арамызда жүрген ардақты аға Бақытжан Саренбайұлының отандық медицинада алар орны айрықша. Бұдан жетпіс бұрын киелі оңтүстік жерінде шекесі торсықтай ұл дүниеге келгенде үлкен шипагер болатынын ешкім ойламаған шығар.
Мектепті үздік бітіріп Алматы мемлекеттік медицина институтына түскен ағамыз 1977 жылы стоматология факультетін жақсы тәмамдады. Мамандығы – дәрігер-стоматолог, еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы облыстық стоматология емханасында бастады. Тапсырылған іске тындырымды әрі тиянақты қарайтынын аңғарған мекеме басшылары оны 1981 жылы ортопедия бөлімі меңгерушісі лауазымына ұсынды. Ортақ іске жұртшылықты жұмылдыратын қабілетті ұйымдастырушы, білікті маман екенін іс жүзінде дәлелдеп көпшіліктің сый-құрметіне бөленді.
1996 жылы отбасылық жағдайымен Шымкент қаласына қоныс аударды. Мамандығы бойынша дәрігерлік қызметін облыстық эндокринология диспансерінде жалғастырды. Өзінің әділдігімен мен адал көңілінің арқасында абырой-атаққа кенеліп, дос-жаран арттырды. Басына киыншылық түскен адамның мәселесін шешуге барынша атсалысатын, тура сөйлейтін, мәселені жұмбақтама ашып айтатын, басқаларды да жұмылдыра білетін көптің адамы ретінде танылды.
2013 жылы құрметті зейнеткерлікке шықса да қызметін жеке емдеу мекемесінде атқаруды ұйғарды. Қалада әлемдік стандарттарға сай келетін ұлтымыздың мақтанышына айналатын, кімге де болса ұялмай көрсететін келісті емдеу мекемесін ашу мақсатында жауапкершілікті сезініп, намысқа тырысып, әрі сеніп тапсырылған істің үдесінен шығу үшін бар мүмкіндігін пайдаланып, күш-қайратын жұмсады. Ағамыз тек қана әдемі ғимарат, әдемі интерьер жасаумен ғана шектелмей, емдеу мекемесі болғандықтан технологиясы жаңа құрылғы мен аппараттармен жиһаздап, біліктілік деңгейі жоғары мамандарды іске шақырды.
Осыншама ауқымды істерді игеріп, шаруаны дөңгелетіп әкету оңай болған жоқ. Бірнеше жыл салғанда бәрі орнықты, ол қалыптастырған жүйе қалтқысыз жұмыс істеп жатыр. Кім келсе де ұялмай атқарылып жатқан жұмыстарды ықыласпен көрсете алады. Сервистік жағдай жоғарғы деңгейде жасалған.
Ұл-қыздарын еңбекке баулып өсірді. Әке жолын қуған перзенттері – қызы Алмагүл мен ұлы Мұрат дәрігер-стоматолог, кенжесі Мұхтар әне-міне мектеп бітіреді.
Ағамызда кісі ақысын пайдалану, кісіге қиянат жасау табиғатында жоқ. Көздері сәулелі, жүзі нұрлы, қимылы ширақ, әңгімесі тартымды, шаңырағы берекелі, ұрпағы өнегелі. Қызметтегі жетістіктері жетерлік, ОҚО стоматологтар ассоциациясының «Стоматология саласының үздігі» төсбелгіміен марапатталған.
Жетпісті жеңіп, ұлт қамын ойлайтын тұлғалардың қатарына қосылған ардақты ағаның қолына су құюға жараған інілері, шәкірттері көп. Стоматолог-дәрігерлердің ауқымды басқосуында өзге дәрігерлердің ағамызды сыйлап, құрметтейтінін көзіміз көріп жүр. Егемен елдің ертеңіне өз үлесін қосуды азаматтық парызы санаған ағамыздың ғұмырында Тәуелсіз Қазақстанның шежіресі бейнеленіп тұр.
Ғибратты ғұмыр дегеніңіз осы.
Ерғали ОРМАНОВ,
Шымкент қалалық стоматологиялық емханасының бас дәрігері.
П.КАЗЕНОВ,
Стоматологтар ассоциациясының төрағасы