Енемнен кешірім сұра деп отыр
Саламатсыздарма! Маған сіздердің ақыл-кеңестерініз, ой бөлісулеріңіз қатты керек болып тұр. Мен осыдан 3 жыл бұрын алып қашудың құрбаны болып тұрмысқа шықтым. Басында бәрі жақсы сияқты еді, кейіннен ененің араласуымен жанжалымыз көбейіп кетті. Күйеуім үйдің жалғызы, әкесі тірі кезде жұмыс істеп жарытпаған, арамызда қызымыз бар, 2 жаста. Мен олардың мінезіне шыдай алмай кетіп қалдым, қазір басым қатып жүр, кейде жаман болса да күйеуімді сағынатын сияқтымын, жолда қызын құшақтап жүрген әкені немесе тату-тәті жас жұбайларды көрсем көзіме жас келеді. Өзімнің сондай бақытты бастан кешірмегеніме қынжыламын, енді тіпті көре алмайтын шығармын. Себебі, ажырасқан деген ат жаман екен, бәрі бір түрлі қарайды. Бөлек тұрып жатқанымызға 1 жыл болды, куйеуім шешесінің сөзіне сеніп мені қатты ренжітетін, сол үшін талай таяқ жегенмін де, жаныма бататыны қызымыз кішкентай кезінде соның көзінше ұратын, қызым шыңғырып жылайтын. Қызымның жүрегі ауырады, қазір мен сәл жыласам, жаны қалмайды, жасы 2,5 да. Сол көріністер көз алдыма келсе, күйеуімді жек көріп кетемін. Ешкіммен араласқым келмейді, күйеуім қызын іздемейді, анамнан кешірім сұра деп отыр, заттарымды да бермейді. Кезінде менің алтынымды да ұрлап сатып жіберген, айтсаң ұрыс шығарып, анасы екеуі қосылып бәрін жамандап отырады, ешкіммен араласпайды. Мінездері шатақ, не істесем екен?
Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия иегері, Психологтардың Қазақ Ассоциация мүшесі, «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры,психолог-практик Елшібаева Күлмаш Ғалымжанқызы
Сәлеметсіз бе, жұмбақ кейіпкер!
Біріншіден айтарым, “Кіммен ағарсаң сонымен қарай” деген мақал бар. Анаңыз берген тәрбиені дұрыс пайдаланып (егер анаңыздан көрген тәрбиеңіз болса, әрине), жаңа барған отбасыңызға “Тастай батып, судай сіңгіңіз” келсе, Сіз басқа отбасының мәдениетін өзгертем демес едіңіз. Айтқан әңгімеңізден түйгенім, енеңізді жақтырмайсыз, оның айтқан ақылы сізге “түрпідей” тиеді... Сол отбасына келін болып түскеннен соң, сол ортаның бір мүшесісіз. Сол ортаның ережесімен жүруіңіз хақ. Өзіңізді “сүттен ақ, судан таза” көрсеткіңіз келіп отыр, осы жері түсініксіз, дұрыс кеңес жүргізуге..
Екіншіден, ер адам бір қол көтерді ме, өмір бойы таяқтың астында жүресің деген сөз. “Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман” дегендей, өзіңіз айтып отырғандай, әрине, қайтып келу қыз балаға да, ата-анаңа да өте ауыр тиетін нәрсе... Күйеуіңді сағынсаң қайта баруға, анасынан кешірім сұрауа (жігіт айтып отыр дейсіз ғой) болады, бірақ сол көрініс қайталана берсе төзімділік танытуға дайынсыз ба, осыны ойланыңыз...
Үшіншіден, екі ортадағы кінәсіз сәби зардап шегуде, кіп-кішкентай болып, жүрегі ауырады деген не сұмдық, әрине, әке мен шешенің арасынағы келеңсіз жағдайға пәк сәби жүрек шыдай алмайды... осыны да ескергеніңіз жөн...
Жалпы осы айтылғандардан қағаз бетінен, интернет арқылы шешімін табам десеңіз де қателесіз. Психолог-маманға келіп, бетпе-бет сөйлессеңіз, мүмкін сіздің өз басыңызда сәби күннен қалған бір кінәрат бар болар, соларды маманмен бірге отырып шешсеңіз, жақсы нәтижесін алар едіңіз. Оңды-солды тануға көп септігі тиер еді.
Дереккөз : anabol.kz