Алтынай Байтоқанова. Алаштың Алтынайы еді...

Oinet.kz 03-04-2014 1984

Қазақ циркіне иллюзия жанрын алып келген, біздің ұлт үшін тың кәсіп саналатын айшықты өнерге ұлттық нақыш сыйлаған Алтынай Байтоқанованың бұ дүниеден озғанына да жыл толыпты. Кеше ғана сахнаның сәні, халқының мақтанышы, Алаштың Алтынай боп жүрген аяулы жаннан  мәңгіге айырылғанымызға сенгіміз де келмейді. Алайда, амал жоқ...

Өзгеше өнерімен қазақтың атын әлемге әйгілеген Алтынай Байтоқанова – біздің курстасымыз еді. Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде бірге оқыдық. Жан-жақты, дарынды жан екені сол студенттік жылдарда-ақ байқалған болатын. Жазған дүниелері республикалық басылымдарда жарық көріп жататын. Сөзден гөрі істің адамы еді. Әлдебір жайтты «қайтсек болады?» деп ақылдасып отырғанда, «Ой, несі бар уайымдайтын? Одан да былай етейік!» деп лезде тиімді шешім таба қоятын. Көпшілік алдында үнемі жарқылдап, көңілді жүретін. Оған қарап, ең бір пессимист адамның өзінің өмірді қайта бастағысы келіп кететін.

d093002b310462a70bb6fd16df935ad7.jpg

Біздің студент кезімізде (өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдарының басы) әр курс арасында түрлі өнер байқаулары өтіп тұратын. Соның бірі – «Көкпар» интеллектуалдық сайысы еді. Әр курс студенттері бір-біріне қиын сұрақтар қойып, жұмбақтар жасырып, ән, күй, айтыс өнерлері бойынша жарысып, театрландырылған көріністер сахналап жататын. Алтынайдың алғаш аса жарқырап көрінген тұсы осы кез болса керек. Ол әлгі сайысқа әзірлік үстінде ешқайсымыздың ойымызға келмеген ұсыныс айтты: «Қане, қызық болсын, «Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-анасынан» үзінді қояйық!».

Өзгелерді қайдам, өз басым таң қалмақ түгілі, талып қала жаздадым. Әлі бірінші курсты да бітіріп үлгермеген өрімдей жастар мынадай салмақты, үлкен пьесадан қалай үзінді дайындаймыз? Оның үстіне, театр институтында оқып жатқан жоқпыз. Одан да шағын, әрі жеңіл, комедиялық скетч жасай салмаймыз ба? Бұл ой тек менің ғана көкейіме келмеген шығар, бірақ Алтынайды қолдаушылар көбейіп кетті. Және бәрі де мектеп жасынан көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, әбден шыңдалған балалар ма, әйтеуір айрықша құлшыныспен кірісті. Ал сайыс кезінде бұл қойылымды көріп отырып, жүрегі дір етпеген жан қалмаған шығар деп ойлаймын. Толғанайдың рөлін Алтынайдың өзі ойнады. Алакөлеңке жарықта аппақ киім киген Әйел-ананың Жер-анаға айтар қайғылы сырлары өте әсерлі шықты. «Мә-ә, әлгі жезқазғандық Алтынай Байтоқановаларың нағыз әртіс екен ғой, ә?!» деген таңданысты ертесіне екінің бірі айтты.

Одан кейінгі бір сайыста курстасымыз Нұрхат Сапуанов жазған шағын саяси скетчке Алтынай қоярда-қоймай мені де қатыстырған. «Кең маңдайың келісіп-ақ тұр екен, нағыз Горбачевтің өзі боласың!» деп КСРО-ның алғашқы һәм соңғы президентінің рөлін ойнатты. Өзі қандай саммитке де күйеуінің қолтығынан ұстап жетіп бара беретін Раиса Максимовнаны ойнады.

Оның өнер десе, жанып сала беретіні сол кезде-ақ байқалса да, болашақта жазу-сызудан алыстап, қазақ үшін мүлде таңсық басқа бір өнерді игеретінін білмеппіз. Расында да, университет бітірген соң ұядан ұшқан балапандардай жан-жаққа тарап кеткен біздер біраз уақыт оның қайда және немен шұғылданып жүргенінен бейхабар болдық. Алтынаймен қоян-қолтық жақын араласқандар болмаса, оның иллюзионист кәсібін меңгеріп, былайғы жұртшылық айтатындай, «сиқыршы болып кеткенін» кейіннен бір-ақ білдік. Көрдік, таң қалдық, тамсандық. Біз таныған Алтынайдың ешқашан қол қусырып қарап отырмайтынын, алдына әлдеқандай бір мақсат қойып, соған жету үшін барын салатынын білсек те, тап осындай өзгеше өнердің биігін бағындырады деп ойламаппыз.

Алтынай өз өнерін Батыс пен Шығысқа жарнамалады. «Алтынай Қазақ» деген есімді жарты әлем таныды. Ресейдегі цирк өнерінің қайталанбас тұлғасы Игорь Кио оны өзінің аса талантты шәкірті ретінде жақсы көріпті, болашағынан көп үміт күтіпті, талантына тәнті болыпты деседі. Былтыр қайтыс болғанда, ресейлік сайттардың бірінен «Известная казахстанская иллюзионистка Алтынай Байтоканова входила в десятку лучших мировых магических трансформеров. Ее приглашали с выступлениями в Швейцарию, Грецию, Италию, Польшу, Турцию, Китай. На Международном фестивале иллюзионистов в Китае Алтынай завоевала Гран-при. Происходящее на сцене кажется необъяснимым: за 7 минут феерического шоу она сменяет 14 платьев!» деген таңданыс пен құрметке толы лебіз оқыдық. Өзіне де: «Сендей құсты қолына қондырар азаматта арман жоқ шығар – дүкеннен көйлек сатып әперем деп әуре болмайды, ол жағын өзің-ақ реттеп, қалаған киіміңді көзді ашып жұмғанша-ақ жасап аласың!» – деп қалжыңдайтынбыз. 

...Мен Алтынайды соңғы рет 2012 жылдың қазан айында Алматыда өткен жазушы Дулат Исабековтің 70 жылдық мерейтойында көрдім. Өз өнерін көрсетер алдында ол Дулат ағаны құттықтап, тілек айтты. Және қалай сөйледі десеңізші! Жазушының оқырман қауымға танымал әр шығармасының бағасын екі ауыз сөзбен дәлме-дәл бере отырып, түгел талдап шыққандай болды. Тыңдаған елді сөзіне ұйыта білді. Былайғы жұрт, бәлкім, «апыр-ай, басқа салада жүрсе де, осынша орнықты, жатық, шешен сөйлей біледі екен-ау!» деп таң қалған шығар, бірақ біз таңданған жоқпыз.

Қайбір жылы бір жиында жолығып қап, одан шыққан соң асықпай әңгімелесіп едік. Сонда Алтынай: «Менің қайтадан жазғым келіп жүр. Шетелдерде боламын, түрлі жайттарды басымнан өткеремін, оларды біздің елдегі жағдайлармен салыстырамын, салмақтаймын. Соның бәрі басымда пісіп-жетіліп тұр. Тек жазу керек. Қарайып қалдым ба деп те алаңдаймын. Бірақ бір бастасам, жазып кетем ғой, иә?» – деген еді. «Әрине» дедім мен. Өйткені, ол алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын жан еді.

«Еді» деу де – соншалықты ауыр. Бір жыл бұрын ғана ойнап-күліп жүрген адам енді жоқ. Енді ол сағынышқа айналды. Мәңгілік сағынышқа...

Сәкен СЫБАНБАЙ

«Байдың балалары» жарап тұр
Миллиардердің өте құнды кеңесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу