Атажұртқа оралғаннан Жерден Марсқа жету оңайлау болып тұр
Ғалымдардың есептеуінше, заманауи ғарыштық зымыран Жерден ұшып, Марс планетасын бетке алса, екі жылда зорға жетеді екен. Ұшан-ғайыр жері бар Қазақстандағы астана мен ауылдың арасы әрине, Марс пен Жер сияқты соншалықты алыс емес. Бірақ, бас қаладан шыққан жақсы емеуріндер шалғайдағы жерге жеткенше жеті қат көктегі планетаға ұшып баратын уақыт та аздық етіп жатады. Әңгіме, көші-қон, оның ішінде сырттан келетін қандас ағайынның жағдайы. Қазынаның кілтін ұстаған министр Е. Досаев былтыр оралманды квотадан қақтырған, одан бөлек, азаматтық алуды 4 жылға арттырған заңын парламентте оңай қабылдатқан еді. Оған ұлт жанашырлары ұлардай шулап, жиендер нағышыларына базына хатын жазып, әйтеуір ел ішінде алаң көңіл орнаған болатын. Енді Үкіметтің райы қайтып қалыпты. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова Көші-қон заңына бірқатар өзгерістердің енгізілгенін мәлім етті.
«Біріншіден, бұрынғы ереже бойынша қандстарымызға тек белгіленген аймақтарға ғана көшіп келген жағдайда оралман мәртебесі берілетін еді. Енді шеттен келген ағайындардың қай облысты таңдауы өз еркінде және олардың барлығына бірдей оралман мәртебесі беріледі. Екіншіден, жақында өзгеріске ұшыраған заңнама бойынша белгіленген аймақтардан өзге өңірлерге қоныстанбақ болған қандастарымыз шетел азаматтарымен ұқсас төлем қабілетін растауы қажет болған. Біз бұны да алып тастадық. Жаңа мақұлданған шешімге байланысты қандастарымыз үшін ешқандай төлем қабілеті жөнінде дәлелдеменің қажеті жоқ. Үшіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар төрт жыл бойы уақытша тұрып жатқан тұлға ретiнде қаралса, содан кейiнгі үш жылдың iшiнде азаматтық алу мүмкiндiгiн алатын. Бұның барлығы қазiр бiр жылға дейiн қысқартылды. Қандастарымыз бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады»,-деді министр тілшілермен кездесуінде. Әр қазақ жалғызым деген әр азамат үшін бұл үлкен қуаныш. Және есі бар шенеуніктің ісі осы болса керек-ті. Әрине, былтыр қабылдатқан заңды биыл өзгертпек болғандарын сынауға, тиісті шенеуніктерді жауапқа тарту туралы таусылмайтын толғаулар айта беруге болады. Бірақ, бізге түпкі нәтиже керек болса, әзірге қуануға ерте. Себебі, Тамара Дүйсенов ханымның айтып отырғаны тек жоба ғана. Ол Үкіметтен өтіп, Парламентке сүрленіп жеткенше біраз уақыт. Мәжіліс пен Сенаттың арасында сең соққандай сенделіп ұзақ жүруі де мүмкін. Тез қабылданған жағдайдың өзінде заң талабын орындауға қажетті шығын үш жылға бір-ақ қабылданатын бюджетте табыла қоюы екіталай. Сосын, жергілкті жердегі әкімдердің оралмандарға деген қатулы қабағы оңайлықпен ашыла қоя ма? Бұл да бір мәселе. Жұмыс күші ретінде оларды қуанышпен шақыра ма? Әлде, қашқақтай ма? Басында бес жыл жалға, кейіннен жеке басқа беріледі деген баспана қашан салынады? Осы мәселелердің тетіктері қалай шешілетіні әзірге түсініксіз. Дегенмен, үкіметтің атажұртына қоныс аудармақ ағайынға қол қабыс жасау ниеті қуантады. Ендігі мәселе, шенеуніктердің тәтті сөзден нақты іске көшкені қажет болып тұр. Әйтпесе, бүгін Астанада айтқан сөздің нақты шешімі ауылға бес жылда барса, онысынан кімге пайда? Екі жылда Марсқа да жетуге болатынын айтып өтік. Ағайынның көшін жеңілдетер үкіметтің ісіне қанша жыл кетпек?
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
ДОС КӨШІМ, Саясаткер:
Тоқсаныншы жылдардың басында: "Өз қандастарын елге шақырған үш елдің бірі мына бізбіз" деп мақтандық. Сол кездері бізден басқа сыртта жүрген ағайынын Германия мен Израиль шақырды. Бірақ, олар келген қандастарына төлқұжаттарын ұшақтан түскен бойда қолдарына ұстатты. Көмек ретінде жүз мыңдаған доллар берді. Үйлерін дайындап қойды. Мен өз көзіммен көрдім соны. Сондықтан, мен азаматтықты бір жылдан кейін береді дегенге қуана қоймаймын. Меніңше, елге келген ағайынға азаматтық мәселесін кемінде үш айда шешіп берсе, тіпті дұрыс болар еді. Әйтпесе, біз несіне Қазақстан деген қазақ мемлекетін құрып отырмыз?!.