Әкім Ысқақтың балалық шағы
10 жас шамасында кезім. Көк шалғынды жайылымға достармен бірге қозы жаятынбыз. Доп теуіп, ойынның қызған тұсында жан-жаққа шашырап жайылатын қозы-лақтарды қайырып келу қыжылыма тие бергендіктен мынадай өлең жолдарын жазғаным есімде:
Қошақандар, қошақандар,
Неге тыным таппайсыңдар.
Көк майсаны жеп болған соң,
Неге тыныш жатпайсыңдар.
Неге еріп кетесіңдер лақтарға,
Өздеріңде ми, құлақ бар ма?. .
Құрдастарым осы өлеңді оқып, ішек-сілелері қатып күлетін.
Мектеп қабырғасында да талай қызықтарды басымыздан өткердік. Жетінші сыныптамыз. Геометрия сабағы өтіп жатқан еді. Тойшыбай ағай тақтаға Анарқұлды шақырды. «Үш бұрыш сыз» деді. Анарқұл үш бұрышты сызып, А, В, С деп белгіледі. «Ал енді А және В қабырғалары қалай аталады?» деп сұрады. Анарқұлда үн жоқ. Сыныптағы оқушылардан көмек күткендей жәутеңдеп қарап қояды. Кенет сыныптасымыз Сансызбай «катет» деп жәймен сыбырлай қойды. Анарқұлдың құлағы жақсы естімейтін. Ол айтқан сөзді бұрыс естіп, «катлет» демесі бар ма? Барлығымыз ду күліп жібердік. Осы оқиға кейіннен менің алғашқы әңгімеме арқау болып, қазіргі «Ұлан», бұрынғы «Қазақстан пионері» газетіне шықты.
Сегізінші сыныпта комсомолға өттім. Комсомолға мүше болған әрбір оқушыға билет беретін. Әлгі билетке фамилиямды Ысқақов, ал әкесінің аты деген жерге Әбдіқайымұлы деп жазып қойыпты. Үйдің тұңғышы, ата-әжемнің баласы болып өскендіктен оған дейін құжаттарда атамның атымен Сұлтанұлы деп жазылып жүргенмін. Апама жылап келіп арыздандым. Әкем жанында отырған, қарапайымдылығынан танбай, ештеңе демеді. Апам көркем әдебиетті көп оқыған, шебер сөйлейтін кісі еді. Сол жолы «Әкім, сенің атаңның баласы екеніңді барлығы біледі, бұл қағаз емес пе, ақылды бала қағазға қарап өкпелемес болар. Онда тұрған ештеңе жоқ, ең бастысы жүрегіңдегі жазу, санаңдағы оқу дұрыс болсын» деп мені жұбатқаны бар еді. Марқұм апамның осы сөздері қаншама жыл өтсе де жүрек түкпірімде сақталып қалды. Мені елге танытқан кітабымның атын «Жүректегі жазулар» деп атағаным да осыдан.
Кіндік қаным тамып, туып-өскен киелі Оңтүстіктегі Ордабасы ауданы Бөржар ауылына барған сайын жүрегім шымырлап тұрады.