Мұрагер. Ахметжан Есімов

Oinet.kz 20-02-2014 873

Күнге қарап өсетін күнбағыс майының табысын жиі айтып жүрген жері – Ауылшаруашылық министрлігінен Ахметжан Есімов Алматыға әкім болып  ауысып келген сәтінде еліміздегі ең үлкен қаланы бір мезетте «өлі тыныштық» басып қалғандай болды...

d2c0d3658d00e000bff0d5b42d354823.jpg

 Жаңа әкім алдыңғы басшы Иманғали Тасмағамбетов секілді соңына қалыңтілшілерді ертіп, қаланы араламады.  қол Көкжиекке көз жіберіп, жалынды сұхбат бермеді. Бары мен жоғын білдірмеді. Үлескерлер, борышкерлер, жер дауын қуғандар, саяси сауаттылардың сериалды шараларының ортасында әйтеуір қала әкімі Ахметжан Есімовты жоқтатпай сол кездегі орынбасары Серік Сейдуманов «сүйкімсіз» болып жүрді. Алматылықтар  «е...» десті. «А.Есімовте И.Тасмағамбетовтікіндей саяси амбиция жоқ. Елге жақпай қалам деген қауіп жоқ. Өйткені, Шамалғанның тумасы бұдан зор қызметке жетуге құлықты емес. Оның шеңберіне бұл да зор мансап...» дегендей тон пішті. Алайда, осындай сөзді естіп қойды ма әлде, «бір қаланы басқарған жан кімнен кем?» деген жел түртті ме, әйтеуір Ахметжан Есімов соңғы кездері саяси алаңда «тіріліп» кетті. 

Онсыз да кептелегі мол Алматының басты көшесін жауып тастатып, шайтан арбаны шайқап көрді. Одан қалса, сахнаға шығып, синтезатор пердесінде «Қош бол дейтін кез келді» композициясын жап-жақсы орындады. «Алматы-менің алғашқы махаббатым» ретро-фестивалінің ашылу сәтінде қала әкімінің не үшін бұл шығарманы орындағаны көпшілік үшін жұмбақ күйінде қала берді. 

Спорт пен өнерде осындай құбылыспен көзге түскен әкім суырып салма айтқыштығымен де ерекшеленді. «Жауған қарды жинап не керек? Күн шыққанда еріп кетеді...» дегендей  қанатты сөзін екі қыс өтсе де еңбектегеннен еңкейгенге дейінгі алматылықтар  ұмыта алар емес. Еуропаның бірнеше мемлекетінде елші болған А.Есімовтың қысқы Азияда ойындарының жабылуы сәтіндегі ағылшынша айтқан сөзінен кейін тіл мамандарының өздері қандай тілді оқығандарын түсінбей, аңтарылып қалған жайлары және бар. Әйелінің үйінде тұратынын жалпақ жұртқа жайып салғанда  жасырып не керек, «күшік күйеудей» көрінген А.Есімовке жаны ашыған жұрттың  қарасы да көбейді.  Үйсіз-күйсіз қалың қазақтың бәрі болмаса да, бірсыпарасы өздерінің жағдайларына «тәуба» десті.

 Балалығын айтсақ, ес тоқтатпаған аңғал шағында әнші болуды армандапты. Қара сирақ оқушы кезінде «помидор» деген сөзден басқа орысша сөз білмепті. Ал, қазір ше? Орыс тілді блогерлерді қаладағы ең қымбат мейрамханаға жеке асқа шақырып алып, «орысша ақпаратты бірінші оқимын» деп мақтана айтатын жағдайға жетті. Әрине, оның бұл сөзіне ұлт жанашырлары улардай шулады. Бірі сөкті, бірі тыржыйды. Дегенмен, саяси технологтардың сөзімен айтсақ, А.Есімов ел наразын өзіне қаратты. «Оғаш әдетімнен сүрінемін, қызметсіз қалармын, абыройымды төгермін» деп қамықпады. А.Есімовтың мұндай ерекелігі тіпті мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиындарда да төбе көрсетіп тұрады. Мәселен, өткен жылғы қарашадағы үкіметтің кеңейтілген жиынында Ахметжан Есімов Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің Алматы қаласындағы жұмыстарының шикілігін жіпке тізді. Салидат Қайырбекова мен Аслан Сәрінжіпов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сабақ айтқан оқушыдай күй кешті. Мәселенің төркінін түсінген соң мемлекет басшысы қала әкіміне «от жоқ жерге су құймасаңшы» деп күле сөйледі. Тура сол кезде А.Есімовтің орнында басқа шенеунік болса,  «от жоқ жерге су қоюшымен» әңгіме өзгеше болар ма еді? Жалпы, бүгінгі кейіпкеріміздің шаруаны шешу амалдары бір түрлі. Қыруар қаржы бөлінсе де, жауған қарды жинай алмауын қайталап әуреге түсіп, сіздерді қажытпайық. Ал, одан да маңыздысын назарға алсақ, Ауылшаруашылық министрі кезінде Ахметжан Есімов «елдегі мал дәрілеу жүйесі бәсекеге қабілетті болу керек. Шеттерінен жекелікке өтсін, мемлекетке масыл болмасын» деп бастама көтеріп, заң жобасын парламентке алып барды. Онысын айғай- шумен өткізді. Қазіргі министр Асылжан Мамытбековтың сұхбаттары мен сөздеріне зер салсақ, сол заңның пайдасы кейбір жекелеген топтарға керемет байлық бергенін ал, қарапайым ауыл тұрғандары үшін кеселді болғанын оңай түсінесіз. 

 Ал, «Шаңырақ» қанды қақтығысы кезінде қалың қазақты қаланың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов «әлеуметтік аутсайдерлерге» теңегені есіңізде ме? Өзгелері шендісі бар, тапсырыспен сайрайтын саясаткері бар, желкесіне қарағыштап сөйлейтін депутаты бар әйтеуір, заң білетіннің бәрі «Шаңырақтағы» жер бөлісін бассыздыққа, тұрғындардың тірлігін заңсыз жер басып алушы қылмысқа теңеді. Бірақ, А.Есімовтің кезінде сол «әлеуметтік аутсайдерлер», заңсыз жер басып алушылар  ұлтарақтай жер телімдерін заң шеңберінде заңдастырып алды. Екінші мысал, қала әкімшілігі сан жылдан бері қара базар «барохолканы» орнынан жылжыта алмады (Шындап жылжытқысы  келмеген шығар?). Содан күндердің бірі күні А.Есімов Астанаға келді де, тілшілердің алдында сөз сөйледі. Қызыл сызықтағы «Барахолканы»  көшіргісі келмейтін қожайындар қоқаңдағандарын қоймаса, олардың аты-жөндерін елге ашық айтамын» деп салды. Әкім бұл уәдесін орындамады әрине. Бірақ, кейбір пысық тілшілер қай базардың қай бөлігі кімнің қай туысқанына тиесілі екенін жазып әуреге түсті. Тура сол кездері кездейсоқтық па, әлде сәйкестік пе, немесе Есімовтың ескертуінен соң «есімім аталмасын» деген қожайындардың тірлігі ме, жиырма жылда бір түтін шығармаған «қара базар» бірінен кейін бірі өртеніп кетті. Сөйтіп, қалай болса да, қалалық әкімшілік ертегідей мақсатына оңай жетіп, базардың орнында қалған күлді сүріп жатыр. 

Дегенмен, тіліне тікенек шыққан жұрт тыныш жатсын ба? «Алматының екінші шетіндегі жаңа орынға көшіп жатқан саудагерлер енді  беймарал болсын, жаңа базардың қожайыны нағыз қожайын!» десіп жүр.  

Осындай еңбекқорлығымен ерекшеленіп назарға іліккен Ахметжан Есімовтың жұрт түсінбейтін бір әдеті бар. Он алтыншы желтоқсан күні яғни, Тәуелсіздік күніне арналған мемлекеттік мерекеде Ахметжан Есімов Алматыға әкім болып келгелі қала басшысы, одан қалса, мейірімді қаланың қарапайым тұрғыны ретінде Тәуелсіздік монументіне, Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішіне гүл шоғын қойып, құран бағыштаған емес. А.Есімов әкім, азамат ретінде өзі де бұл қасиетінің себебін елге әлі ашып айтқан жоқ. Бірақ, тұрғындардың топшылауынша, бәріне кінәлі оның туған күні. Айтуларына қарғанда, Ахметжан Смағұлұлы мына дүниенің есігін қасиетті күннен бір күн бұрын ашыпты.  

Пайғамбар жасынан енді ғана асқан, атеист шағында компартия қатарында жүріп, колхоз басқарған, тәуелсіздік таңынан бері елші атанған, қайта-қайта Ауылшаруашылығы министрі, вице-премьер болған, Мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінің жетекшісіне дейінгі қызметтердің бал дәмін татып көрген Ахметжан Смағұлұлы осыған дейінгі қызметтерінде үш жылдан артық отырмай, ары бері көшіп жүріпті. Сонда алты жылдай Алматыны басқарған Ахметжан Есімовтің ашық саясаттағы бабы мен бағы енді ғана келісті ме? Жаңа қабілеті аршылып, шыңдалып, кемеліне келді ме?

 Қалай десек те, бүгінгі кейіпкерімізді болашақта мемлекет басқарушы адамдардың тізімінен көретіндер жоқ емес. Олар негізінен кейіпкеріміздің жоғары билікке жан-жақты туыстығын алға тартады. Қазіргі саяси элитаға сіңіскенін, ажырап бөлек кете алмасын айтады. Дегенмен, бұл шарттарды есепке алмасақ та, кейіпкеріміз кез-келген Қазақстан азаматы секілді президенттік сайлауға түсуге әбден құқылы. Заң шеңберіне салғанда Амантай қажы бел шешіп түскен додадан Ахметжан Есімовты ешкім шеттетіп тастай алайды. Әрине кейіпкеріміздің өзі шешім қабылдап жатса.

 Мемлекет басқармақ  ойын А.Есімов  ел алдында әлі ашық айтқан жоқ. Бірақ, пенде ретінде, мемлекеттік қызметкер ретінде қарасақ, оған іштей дайын жүруі мүмкін. Себебі, ол саналы ғұмырында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  сенімін ақтауға барынша білек сыбана қызмет етті. Өзі бірге құрған осы мемлекеттің болашағына, қалыптасқан саяси элитаның тұтастығына моральдық тұрғыдан да жауапты. Және Н.Назарбаевтың мемлекеттің алдына қойған мұрат, мақсаттарына жету жолында тізгінді «көлденең көк аттыға» ұстатпай, сенімді серік ретінде өзі іліп алып кетуге шешім қабылдауы бек мүмкін ғой?!. 

Қазақстан қоғамын табиғаттың, саясаттың өзгермес заңдылығы бойынша, алдағы бес жылдықта одан ары кетсе, он жылда күрделі, шешуші өзгерістерді күтіп отыр. Қазіргі билік жүйесі мұндай талапты сезіп, біліп, зерделеп жатыр. Бірақ, сол өтпелі кезең, ауыспалы шақтың қалыбы қандай болмақ? Сол жағалаудағы сыбыстар бойынша, Мемлекеттік хатшының құзыреті кеміп, кезектен тыс өтетін сайлаудан соң, Парламент қос палатасынан арылып, жалғыз палаталы болмақ. Сөйтіп, басқару жүйесінде президенттік-парламенттік теңдік жүрмек-мыс... Дәл осындай өзгеріс болар, болмас. Бірақ, бүгінгі күннің жағдайына қарасақ, А.Есімов алыста жүрсе де, Ақордадағы таққа жақын тұрғандай көрінеді.

 Айтпақшы,  біздің осы кейіпкеріміз өзін керемет гольфист санайды. Гольф ойынын бір сәт болсын көрген болсаңыз, бір қырдың қалқасында тұрып алып  ақ жұмыртқадай кішкентай допты екінші қырдың қырқасындағы көртышқанның іңіндей тесікке топ еткізіп дәл түсіріп жатады... Біздегі саяси жүйедегі көрініс осыған  ұқсайтын секілді. Сәтті кезде «соққы алып», зуылдап  көкке көтерілгенде қарсы жел шайқамаса, Ахметжан Смағұлұлы Есімов сол жағалаудағы алтын тақтан бір-ақ шығуы әбден мүмкін емес пе? 

Келсіге дейінгі күніңіз жарық болғай!

Жылқы жылы туылған қазақстандық жұлдыздар кімдер?
Әкім Ысқақтың балалық шағы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу