Батырын таныған ұл қор болмас
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы №27 мектеп — лицейі, С.Ерубаев мектеп — интернаты , Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектептерінде арнайы дәріс жүргізілді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі мамандарының айтуынша мектеп оқушыларына қорық-музейдің экскурсоводы Ардақ Бейсенова Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың батыры Жауғаш Қырбасұлы жайлы лекция оқып, құнды жәдігерлермен таныстырды.
Қазақтың халық батыры Қоралас Қырбасұлы Жауғаш батыр 1733 жылы қазіргі Алматы облысы Қарасай Іле аудандарындағы Ақсу өзенінің бойында дүниеге келген. Азан шақырып қойған әуелгі есімі Жауғашты болған. Жауғаш он бес жасында Жоңғар басқыншылығы заманында қорлығы мен озбырлығы асып, шектен шыққан ноянды өлтіріп, өзінің өміріне кауіп төнгеннен кейін Арқадағы Абылай сұлтанға барған.
1750-1756 жылдары жоңғарларға қарсы тарихи жеңісті жорықтарға қатысып, 1756-1758 жылдары Қытаймен келіссөз жүргізген елшілер құрамында болған. 1768-1774 жылдардағы қырғыздармен қазақтар арасындағы қақтығыстардың мәмілемен шешілуіне ықпал еткен.
Жауғаш батыр Абылай ханның қазақ елін біріктіруге ұмтылысын қалтықсыз қолдаған. Ол Абылай ханның көрнекті әскери қолбасшысы, білікті елшісі, өз дәуірінің белгілі мемлекет қайраткері болған. Абылай хан оның ерлігін ерекше бағалап, «Жаралы жолбарысым» деп атаған. Жауғаш батыр туралы Бұқар, Тәтіқара тағы басқа жыраулардың жырларында, халық аңыз — әңгімелерінде, Қытай архивінде деректер сақталған.
Қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, көршілес елдермен татулығы үшін аянбай арпалысқан Жауғаш батыр сұрапыл жорықтарда алған жарақаттарының асқынуынан 49 жасында, яғни 1782 жылы дүниеден өткен. Жауғашты батырдың туған жері Жауғашты атымен аталады.
Қоралас Қырбасұлы Жауғаш батырдың сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Кіші Ақсарай бөлмесінде жерленген. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Жауғаш батырдың киіз үйінің алтын босағасы сақтаулы.