Ас атасын кәсіпке айналдырған
Еңбек, талап, тәуекел. Осы үш қасиет адамды алға жетелеп, биік шыңдарға апарады. Бүгінде жастарға жұмыс жоқ дегенді жиі естиміз. Жұмыс көп, тек адам бойындағы жалқаулық пен кертартпалықты жеңсе болғаны. Еңбектің наны тәтті болатынын жетісайлық Нұрболат жақсы түсінеді. Себебі бүгінде ол тәтті бизнесті қолға алып, дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлердің бірі. Кәсіпкердің бүгінде жеке нан пісіретін цехы бар.
Нұрболат Дінтаев «Жастар жылы» аясында жылдық үстемесі 1 пайызды құрайтын мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдікпен 2 млн. теңге несие алып, цех ауқымын кеңейткен. Қазіргі таңда өзі тұратын Асықата кентінің 3 тұрғынын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Қосымша айтатын болсақ, қазіргі уақытта кәсіпкер өзінің цехынан дәмді торттардың 10, тәттілердің 15 түрін жасап отыр. "Алдағы уақытта облыс көлемінде нарыққа шықсам ба деп отырмын. Ол үшін менде мүмкіндіктер жеткілікті дейді" жас кәсіпкер .