Үй жануарларына төнген қауіп жоқ
Түркістан облысында ветеринариялық ахуал тұрақты. Үй жануарларына төніп тұрған еш қауіп жоқ. Себебі биыл жануарлардың аса қауіпті 14 ауруына қарсы 28 млн 555 мың доза вакцина егілді. Мұндай мәліметті Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
Басқарма басшысының дерегінше энзоотиялық аурулардың алдын алу бойынша көктем, күз айларында 2 млн 518,6 мың бас ірі мал бүркілсе, 8 млн 147,6 мың бас ұсақ мал тоғытылған. Сондай-ақ, үй іргелік қора жайлар мен жапсарлас аумақтары мен буферлік аумақтар залалсыздандырылып отыр.
«Аусыл ауруына қарсы вакцина 1 млн 384,4 мың бас ірі қара малға, 6 млн 86,4 мың бас ұсақ малға егіліп, 2002 жылдан бері аусыл ауруы тіркелмеген. Ал сібір жарасы ауруына қарсы 1 млн 201,6 мың бас ірі қара малға, 5 млн 456,6 мың бас ұсақ малға, 302,9 мың бас жылқыларға, 25,2 мың бас түйелерге вакцина егілді. Облыс аумағында 2003 жылдан бері жануарлар арасында сібір жарасы ауруы тіркелмеді», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Сонымен қатар, сарып ауруына қарсы жануарлар арасында диогностикалық зерттеулер жалпы 3 млн 377,7 мың бас малға жүргізілді. Нәтижесінде 389 бас ірі қара мал, 532 бас ұсақ мал ауруға «оң» нәтиже көрсетіп, арнайы орындарда сойылып залалсыздандырылды. Мал иелеріне жалпы 100 млн 570,2 мың теңге өтемақы төленді. Сарып ауруымен адамдар арасында аурушаңдық 37 адамға кемісе, адамдарды кене шағу 333 адамға азайған.
Облыста мал көмінділерін тастайтын 257 орын бар. Оның ішінде: 111-і типтік үлгіде, 146-ы ыңғайластырылған. Соныман қатар, 14 дана инсинератор пеші бар.
Бұдан өзге, құтыру ауруына қарсы 187,5 мың бас итке, 32,8 мың бас мысыққа вакцина егілген. Құтыру ауруының алдын алу мақсатында бүгінгі таңға 55 362 бас қаңғыбас ит-мысық ауланып жойылған.