Мектепке Н.Төреқұловтың есімі берілді
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған жалпы орта мектебіне ұлт қайраткері, ғалым, дипломат Нәзір Төреқұловтің есімі берілді. Тарихи оқиғаға орай ауданда салтанатты іс шара өтті. Жиынға аудан әкімі Полатов Салыхан Сабырұлы, Халықаралық «Нәзір Төреқұлов» қорының төрағасы Сапарбаев Әбдіжаппар, мемлекет және қоғам қайраткері, «Созақ ауданының құрметті азаматы» Қуаныш Айтаханұлы Айтаханов, "Парасат" орденінің иегері, ақын, драматург, композитор Исраил Сапарбай, Созақ ауданының құрметті азаматтары және басқа да сыйлы қонақтар қатысты. Шара барысында қонақтар білім шаңырағының алдынан бой көтерген Нәзір Төреқұловтың кеуде мүсінін ашты. Сондай-ақ мектеп ішінен көрнекті саяси және қоғам қайраткеріне арналған мұражай ашылды. Салтанатты жиында аудан әкімі Салыхан Полатов сөз сөйлеп, ғалымның ұлт үшін жасаған еңбектеріне тоқталды.
Іс шара аудандық мәдениет үйінде ғылыми- тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Жергілікті тұрғындар білім ұясына Төрекқұловтың есімі берілгеніне дән риза. Себебі қоғам қайраткерінің бұл ауданның дамуына қосқан үлесі зор дейді жергілікті халық.