Түлкібаста туризм дамып келеді

Oinet.kz 24-09-2019 1134

Screenshot_5.jpg

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық құжатында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығын атап өткен болатын. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

«Киелі жерлер географиясы» кіші жобасы бойынша алдын-ала ұсынылған сакральды орындар тізіміне Түлкібас өңірінен 39 киелі жерлер туралы мәліметтер облыстық жобалық кеңсе базасына жолданған. Соның ішінде Түркістан облысы бойынша жергілікті маңызы бар тізіміне енген 4 киелі жерлер анықталды.

  Солардың бірі «Ақтас әулие» Керейт ауылының іргесінде, ауылдың солтүстігінде орналасқан. Ақтас әулие бұлағының күншығысы қатпар тасты төбемен ұласады, оңтүстік-батысы егістік алқаппен, батысы ауылдың ескі қорымымен ескі мешіт үйі арқылы, ал батысы тегістеле келіп, ауыл басындағы төбемен шектеледі. Ақтас әулие бұлағында терек пен тал ағашы бар, айнала қамыс басқан, диаметрі шамамен 150-160 метр алқапты алып жатыр. Ақтас әулие бұлағынан басқа тоғай ішінде бірнеше бұлақ көзі бар. Екіншісі Тамшы әулие Кершетас ауылынан 12 шақырым оңтүстік- шығысында, Лагерь шатқалында орналасқан. Өзеннің екі аңғары биік қатпар тасты жота, өзен бойында демалыс саябақтары орналасқан. Тас қабатының үстіңгі жағы 30-35 метрдей қара, орта тұсы 20-25 метрдей ақ сұр, ал астыңғы қабаты ылғалданған, судан көгеріп мүк басқан. Оның қалыңдығы 20-25 метрдей келеді. Осы араны жергілікті халық «Тамшы әулие» деп атайды. Үшіншісі Түрікбасы әулиенің басына салынған кесене Азаттық ауылында, Шымкент - Алматы автомобиль жолының сол қапталындағы тау беткейінде орналасқан. Алыстан күмбезді сағана көзге шалынады. Сағанаға зиярат етушілер баспалдақ арқылы көтеріледі. Баспалдақтың жалпы саны- 688. Жоғары көтеріліп 196 баспалдаққа жеткен соң, оң қанатта бұлақ суы бар. Бұлақ суы ешқайда ақпайды, көлшік болып тұрады.Төртіншісі

Қасқабұлақ шыңы. Жабағылы өзенінің сол жақ бетінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 3700 м биіктікте жатыр. Қасқабұлақ шыңының ерекшелігі тас және қола дәуірінен қалған 2000 ға жуық тастарға қашалып салынған таңбаларымен белігілі. Көне суретшілер тастарға ойып салған бейнелер сол кездегі тіршіліктің қандай деңгейде болғандығын баяндайды. Жартастарда адамдардың тіршілігі, көптеген аңдар мен құстардың, маралдар, таутекелер, архарлар, түйелер және аңшының суреттері бейнеленіп қашалған. Аталған таңбалар осы күнге дейін жақсы сақталған.

Бүгінде аталған нысандарды туристік аймаққа айналдыру жұмыстары жүргізілуде. 


Ауылдар шет қалмайды
Қысқа дайындық барысы пысықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу